Әдетте «көк қан» деген тіркес ақсүйек, текті, жоғары мәртебелі адамды сипаттау үшін қолданылады. Бірақ неліктен көк түс? Неліктен ақ, жасыл немесе басқа емес? Мұның мәнін Aqshamnews.kz тілшісі анықтап көрді.
Тарихшылардың айтуынша, «көк қан» – адамзат мәдениетінде ежелден тектіліктің, асыл тұқымның белгісі ретінде қолданылып келген ұғым. Бұл атау, әсіресе Еуропа елдерінде, соның ішінде Испанияда шыққан деген болжам бар. Ондағы ақсүйек әулеттер өздерінің шыққан тегін өзгелерден айрықша көрсету үшін терісінен көкшіл қан тамырларын көрсетіп, «өздерінің қаны басқа» дегенді меңзеген. Ондағы ақсүйек адамдардың терісі өте ашық болғандықтан, олардың денесіндегі көгілдір қан тамырлары білеуленіп айқын көрініп тұрған. Бұл, бір жағынан, күн астында жұмыс істемеген, қарапайым халықтан ерекшеленетін таптың белгісі саналған.
Қан неге әртүрлі түсті болады?
Қанның түсі – оның оттегіні тасымалдаушы ақуыздарына байланысты. Адамдарда бұл рөлді гемоглобин атқарады. Ол темір ионына негізделген және соның арқасында қан қызыл түске ие болады.
Ал табиғатта кейбір жануарларда қанның түсі өзгеше болуы мүмкін. Мысалы, өрмекшілер, шаяндар, осьминогтар, кальмарлар мен басқа да теңіз жәндіктерінде оттегіні гемоцианин тасымалдайды. Бұл ақуыз мысқа негізделген, сол себепті олардың қаны көгілдір немесе көк түсті болады.
Адамда көк қан болуы мүмкін бе?
Дәрігер мамандардың пікірінше, адамда да сирек жағдайларда көгілдір түсті қан кездесуі мүмкін. Бұл, негізінен, метгемоглобинемия немесе сульфгемоглобинемия сияқты патологиялық құбылыстарға байланысты.
Мысалы:
- Метгемоглобинемия кезінде гемоглобин өзгеріп, оттегіні дұрыс тасымалдай алмайды. Қанның түсі қою көкшілге айналады, ал адам ағзасында оттегі жетіспеушілігі байқалады.
- Сульфгемоглобинемия кезінде гемоглобин құрамына күкірт қосылып, қан жасыл түске айналуы мүмкін. Мұндай жағдай дәрілік заттардың (мысалы, мигреньге қарсы препараттар) әсерінен туындауы мүмкін.
Кианетиктер деген кімдер?
Кейбір зерттеулер бойынша, әлемде қанында темірдің орнына мыс басымырақ 7000-ға жуық адам бар. Бұл адамдарды кианетиктер деп атайды (латынша cyanea – көгілдір).
Олардың қаны қызыл емес, көбіне көгілдір немесе күлгін-көк түсті болып келеді. Қызығы, мұндай қан да оттегіні тасымалдай алады, бірақ өзгеше түске ие.
Ғалымдардың кейбірі мұны эволюциялық бейімделу деп түсіндіреді: ерекше қан құрамы жұқпалы ауруларға төзімділікті арттыруы мүмкін, себебі көк түсті қан тезірек ұйиды. Алайда бұл қасиет тұқым қуаламайды – кианетиктердің балаларының қаны қалыпты қызыл болады.
Мыс денеге өте баяу сіңетін элемент. Егер ересек адамның ағзасында оның мөлшері шамадан тыс көп болса да, әсер етпейді. Бірақ құрсақтағы болашақ сәбиге әсер етуі әбден мүмкін екен.
Медицинада жасыл қан да кездеседі
Мұндай жағдай Канадада тіркелген. 42 жастағы ер адамға ота жасау кезінде дәрігерлер оның қанынан жасыл түсті сұйықтық ағып жатқанын көреді. Талдау нәтижесінде бұл сульфгемоглобинемия екені анықталған.
Дәрігерлердің пікірінше, бұл – ұзақ уақыт бойы суматриптан атты дәріні қолданудың салдары. Оның құрамындағы сульфонамид тобы қанмен әрекеттесіп, түсін өзгертеді.
Қазақтағы «Ақсүйек» түсінігі
Қазақ қоғамында тектілікті қан түсіне қарап емес, адамның тегіне, шыққан руына, атасына қарап бағалаған. Бір қызығы, біздің қазақ қоғамында да мұндай әлеуметтік жіктелу болған және ол ел арасында «көк қан» емес, «ақсүйек», «текті», «төре», «қожа», «сейіт» деген түсініктермен кең таралған.
- Ақсүйек – хан-сұлтандар мен дін иелеріне берілген атау.
- Қарасүйек – қарапайым халық.
- Сарысүйек – туысқан, құдандалы байланыс арқылы орта тап өкілі.
Ақсүйек атану үшін шежіре, тектілік, білім, дін жолындағы абырой маңызды болған. Бұл ұғым қазақтың әлеуметтік құрылымындағы элитаның бейнесін көрсетеді.
«Көк қан» – тарихта тектіліктің көркем символы болса да, ғылымда ол нақты физиологиялық және патологиялық құбылыстармен байланысты.
Табиғатта қанның көк, жасыл, күлгін түстері кездеседі – бұл ақуыз бен металл құрамына байланысты.
Адамдарда көк немесе жасыл қан – сирек генетикалық ерекшеліктер немесе ауру белгілері.
Сондықтан «көк қанды адам – текті» деген түсінік – мәдени аңызға ғана негізделген.