Ақпан атауы қайдан шыққан? Бұл ай несімен ерекше?

Ақпан атауы қайдан шыққан? Бұл ай несімен ерекше? Сурет: noi.md

Ақпан - жыл ішіндегі ең қысқа әрі ең құбылмалы ай. Бірде ақ түтек боран соғып, сақылдаған сары аяз қыспаққа алса, енді бірде күн күрт жылып, көктемнің лебі сезіле бастайды. Неліктен ақпан 28 немесе 29 күннен тұрады? Бұл айдың табиғи ерекшелігі неде? Халық арасында ақпанға қатысты қандай болжамдар мен таным-түсініктер бар? Осы сауалдарға Aqshamnews.kz тілшісі жауап іздеп көрді.

Халық танымында ақпан қыс пен көктем белдесетін кезең. "Ақпан - қайталаманың ақ бораны" деген сөз де осыдан қалған. Бұл айда қаңтардағыдай ұзаққа созылған бораннан гөрі, түнде немесе таң алдында соғатын тосын бұрқасын жиі кездеседі.

Табиғат құбылыстарына қатысты жиі қалам тербейтін"Алматы ақшамы" газетінің ардагері, жазушы-журналист Сәрсенбек Бекмұратұлы ақпан айының мінезін былай сипаттайды:

"Ақпанда қыс пен көктем белдеседі. Қаңтарда бұрқасын мен боран тәулік бойы соқса, ақпанда мұндай құбылыс көбіне түнде немесе таң алдында қайталанады. Бірде бүйіріңді қыздырса, бірде мұздатып жібереді. Оны осы айдың бір ерекшелігі деп санауға негіз бар", - дейді ол.

Халықтық болжамдар мен таным

Қазақ халқының ай санау дәстүрінде әр айдың өзіне тән сипаты бар. Көшпелі халықтар ежелден бері ай мен күннің қас қабағын баға отырып, уақытты өлшеп, климаттық өзгерістерге сай тіршілік қамын сәйкестендіріп отырған. Ақпан айына қатысты болжамдар да жетерлік:

  • Кешкісін аспанда жұлдыз көп көрінсе, қыс ұзаққа созылады.
  • Қыраусыз желді күн болса, боран болады.
  • Жұлдыз жарқыраса - аяз күшейеді, күңгірттенсе - жылымық орнайды.
  • Ақпанда ашық күн көп болса, жаз құрғақ (қуаң) болуы мүмкін.
  • Қар қалың түссе, жаз нәрлі, шөп шүйгін болады.
  • Алқап қалың қар жамылса, көктемде көл суға толады.

Ақпанның 15-і - қыс пен көктемнің алғаш "ұшырасатын" күні саналады. Бұл күнгі ауа райы алдағы көктемнің мінезін аңғартады деген сенім бар. Егер осы аралықта қар жауса, көктем жаңбырлы болуы ықтимал.

Ай соңында мұзды, түйіршікті сырғақ қар жауып, боран соғатын кез болады. Дәл осы тұста қасқырлардың жұптасу мезгілі басталатындықтан, халық оны "бөрі сырғақ" деп атаған.

"Ақпан-Тоқпан" амалы

Ақпан айындағы қатты суық кезеңдердің бірі - "Ақпан-Тоқпан" амалы. "Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі" энциклопедиясында бұл амал үш-жеті күнге созылатын қатты суық кезең ретінде сипатталады.

Қазақ "Ақпан-Тоқпан - алты күн, аязымен жеті күн" деп бекер айтпаған. Бұл уақытта қарлы боран, сақылдаған сары аяз жиі қайталанып, малшы қауымға ауыр соғады. Кей жылдары бұл амал шайдай ашық аспан астындағы қақаған аяз түрінде өтеді.

Желтоқсанның 23-інен бастап күн ұзара бастайтыны белгілі. Қазақ "Қаңтарда күн қарға адым, ақпанда ат адым" деп күннің ұзаруын бейнелеген. Дегенмен, күн ұзарғанымен, жердің тоңы жібімейді.

28 әлде 29 күн: ақпан неге ең қысқа ай?

Бүгінгі қолданыстағы күнтізбе - Ежелгі Римнен жеткен мұра. Алғашында онда 10 ай ғана болған. Біздің дәуірімізге дейінгі VIII ғасырда қаңтар мен ақпан айлары қосылды.

Б.з.д. I ғасырда Юлий Цезарь күнтізбеге реформа енгізіп, жыл ұзақтығын 365 күн деп бекітті. Алайда Жердің Күнді айналу уақыты 365 күн 6 сағатқа тең болғандықтан, әр төрт жыл сайын бір күн қосу қажет болды. Осылайша кібісе жыл жүйесі енгізілді.

Барлық айларға күндерді тең бөлу мүмкін болмағандықтан, жыл соңындағы ақпан айы "кемшін" болып қалды. Үш жыл 28 күннен айналып, төртінші жылы 29 күнге толады.

Жылдағы күндерді 12 айға дәл тең бөліп шығу мүмкін болмағандықтан, ақпан айында күн азырақ. Сондықтан, ақпан әдетте 28 күн болады. Бірақ әр төрт жыл сайын бір қосымша күн қосылып, сол жылы ақпан 29 күнге созылады.

1930 жылы КСРО-да 30 ақпанды енгізу мәселесі талқыланғанымен, бұл жоба қолдау таппады.

Осылайша ақпан - күнтізбедегі ең қысқа әрі ең "тұрақсыз" ай ретінде қалыптасты.

Ақпан және табиғат құбылысы

Қазақстан аумағында ақпан айындағы орташа температура шамамен -12-14 градус аралығында болады. Бұл кезеңде алты айлық қыстың қаһары күшейеді.

Ақпанның қалың қары жерді қатты тоңазытады. Себебі жерге түскен күн сәулесінің шамамен 90 пайызы қар бетінен кері шағылысады. Сондықтан ақпан айында топырақ қаңтарға қарағанда көбірек қатады. Бірақ бұл құбылыс өсімдіктер мен жәндіктердің көктемге дейін аман сақталуына сеп болады.

Ақпан - көктемнің хабаршысы

Ақпан аяқталса - көктем қыр астында. Арқа, Алтай, Ақжайық өңірлерінде қыс ызғары сақталғанымен, Алатау бөктері мен Сыр бойында көктемнің лебі сезіле бастайды. Қар астынан қызғалдақ қылтиып, сай-саладан су ағып, жер жіпси бастайды. 

Ежелгі римдіктер бұл айды "фебруариус" деп атаған. Қазіргі "февраль" атауы осы сөзден шыққан. Рим мифологиясында бұл атау жерасты құдайы Фебрус есімімен байланыстырылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:08

16:07

15:44

15:31

15:19

15:02

15:00

14:44

14:30

14:16

14:10

12:28

12:19

12:05

11:47

11:34

11:18

11:05

10:54

10:44

10:32

10:22

10:10

09:48

09:29