Қазір минимализмге бет бұрған күллі әлем біркелкі түстер мен реңктерге бет бұрғандай көрінеді. Көшеде ашық түсті, қызылды-жасылды киінген адамдарды сирек кездестіреміз. Бір қарағанда зияны жоқ секілді осы біркелкі түстердің адам психикасына айтарлықтай әсері бар екен. Түстер маркетингте қалай қолданылады? Ежелгі дәуірде антикалық мүсіндер қандай болған? Осы сауалдардың жауабын Aqshamnews.kz тілшісі зерттеп көрді.
"Аппақ бөлме" азаптаумен тең
Сарғыш (бежевый) түс бүгінде сән-салтанат пен мінсіз стильдің символына айналды. Сән мен дизайн саласында ол базалық түс ретінде кең қолданылады. Қазіргі таңда адамдардың киімі ғана емес, үй интерьері де көбіне солғын, сарғыш, ақшыл реңктерге жақын.
Сурет: Estima.ru
Алайда ғалымдар біртүсті өмір салты психикалық ауытқуларға, тіпті психозға дейін апаруы мүмкін деп ескертеді.
"Ақ бөлме" - түрмелерде қолданылатын ең қатал азаптау түрлерінің бірі. Алғашында бәрі гуманистік көрінеді: тұтқынды тек ақ түстен басқа ештеңе жоқ бөлмеге қамайды. Бірақ дәл осы орта адамның психикасын күйретеді.
"Мұндай бөлмеде ұзақ уақыт болу ауыр психоэмоциялық күйге, оңашалану сезіміне, мазасыздықтың артуына, депрессияға, елестерге, тіпті психозға әкелуі мүмкін", – дейді психолог, арт-терапевт Мария Булгакова.
Дегенмен, ақ түсті ғана қабылдайтын адамдар да бар. Олар үшін басқа түстер тітіркендіргіш әсер береді. Бұл құбылыс хромофобия деп аталады.
"Хромофобия - бұл жай ғана түстен қорқу емес, белгілі бір түске немесе реңкке деген жиіркеніш, қабылдамау және жағымсыз эмоциялар", – дейді Булгакова.
Маркетингтік айлалар: түстер адам санасына қалай әсер етеді?
Қызыл түсті заттар көбіне ойланбай сатып алынады. Маркетологтардың пікірінше, дұрыс таңдалған түс кез келген тауардың өтімділігін арттыра алады. Статистикаға сүйенсек, сатып алушылардың 85%-ы алдымен тауардың түсіне назар аударады, ал сапасы мен басқа сипаттары екінші орында қалады.
Тауардың кемшілігі болса да, түсі ұнаса - сатып алу ықтималдығы жоғары.
"Қызыл түс адамды импульсивті шешім қабылдауға итермелейді. Көк түс сенім ұялатады, ал жасыл – экология, табиғилық және ішкі тыныштықпен байланысты", - дейді психолог.
Қандай түс дәмханаға табыс әкеледі?
Келушілері үзілмейтін жайлы мейрамхана ашқыңыз келе ме? Онда интерьердегі түстердің маңызы зор. Кей түстер тәбетті ашса, кейбірі керісінше әсер етеді.
Колорадо штаты университетінің зерттеушілері жылы түстермен, әсіресе қызғылт сары реңктермен безендірілген орындарда қонақтар ұзақ отыратынын және көбірек тапсырыс беретінін анықтаған.
Экспериментке қатысушылар түстердің тамақтан алған әсерге тікелей ықпал ететінін айтқан. Кей бөлмелерде тәтті дәм айқын сезілсе, басқа ортада ондай әсер болмаған.
Антикалық мүсіндер бастапқыда ақ болмаған
Бүгінде біз ақ мәрмәрдан жасалған антикалық мүсіндерді классикалық өнердің шыңы деп қабылдаймыз. Алайда екі мың жыл бұрын Рим мен Грекиядағы мүсіндер мүлде басқа кейіпте болған – олар түрлі-түсті еді.
Адам денелері табиғи реңктермен боялып, киімдері қанық түстермен безендірілген. Бұл қазіргі көрермен үшін тосын көрінуі мүмкін.
Ғалымдардың бұл жаңалығы көпшілікті таңғалдырды: антикалық мүсіндер малахит, лазурит, киноварь сынды табиғи бояулармен әрленген.
Орта ғасырдағы готикалық архитектура да бір кездері ашық әрі жарқын болған. Уақыт өте келе бояулар өшіп, біз оларды "асқақ классика" ретінде қабылдай бастадық.
Қазіргі таңда ғалымдар мен реставраторлар антикалық өнердің бастапқы бояуларын қайта қалпына келтірумен айналысып жүр. Неміс археологы Винценс Бринкманн бұл салада 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді.
"Біз микроскоп пен ультракүлгін жарықтың көмегімен бұрынғы түстерді анықтаймыз", – дейді ол.
Бринкманн жасаған антикалық мүсіндердің түрлі-түсті 3D үлгілері әлемнің көптеген қаласында көрмеге қойылып жүр. Көрермен пікірі сан алуан болғанымен, ешкімді бейжай қалдырмайтыны анық.
Минимализм тепе-теңдік болғанда ғана пайдалы
Біркелкі түстер мен минимализм - заманауи өмір салтының ажырамас бөлігіне айналды. Артық дүниеден арылу, көзге тыныштық сыйлайтын орта қалыптастыру расында адамды шаршатпайды. Алайда бұл үрдіс шектен шыққанда, кері әсер беруі мүмкін.
Психологтардың айтуынша, түстердің тапшылығы миға түсетін сенсорлық ақпаратты азайтып, эмоциялық жұтаңдыққа, күйзеліске және мазасыздыққа әкеледі. Әсіресе балалар үшін түрлі-түсті орта - қиялды, ойлауды және эмоциялық дамуды қамтамасыз ететін маңызды фактор.
Минимализм өмірді жеңілдетуі тиіс, ал оны бірсарынды, "түссіз" кеңістікке айналдыру адам табиғатына қайшы. Ғасырлар бойы түрлі-түске бай мәдениет қалыптастырған адам баласы үшін толықтай ақ немесе сарғыш әлем қауіпсіз деп айту қиын.
Сондықтан сарапшылар минимализмді тыйым емес, тепе-теңдік ретінде қабылдауға кеңес береді. Ақ пен бежевый тыныштық сыйласа, ашық түстер өмірге қуат, эмоция және серпін береді. Ең бастысы, психикалық саулықты бірінші орынға қою.