Өнер иесі ел өміріндегі маңызды науқаннан шет қалмауға шақырды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қазақстандық танымал әнші Тимур Пиязов Instagram парақшасында оқырмандарына үндеу жасап, 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына қатысуға шақырды.
Әншінің айтуынша, ел үшін маңызды қоғамдық үдерістерге атсалысу — әр азаматтың өз ұстанымын білдіріп, мемлекеттің дамуына үлес қосуына берілген мүмкіндік.
«Музыка адамдарды жақындастырса, ортақ жауапкершілік азаматтарды біріктіреді. Қазақстан — бәрімізге ортақ шаңырақ. Оның болашағы әрқайсымыздың таңдауымызға байланысты. 23 тамызда азаматтық белсенділігімізді танытып, ел келешегі үшін таңдау жасауға мүмкіндік бар», — деп жазды Тимур Пиязов Instagram парақшасында.
Өнер иесі мемлекеттің алдағы даму бағытына ықпал ететін маңызды үдерістерге бейжай қарамау керектігін атап өтті.
«Құрметті достар, сайлауға келіп, ел өміріне белсене араласыңыздар. Әр адамның дауысы маңызды. Қазақстанның болашағы біздің қабылдаған шешімімізден, жауапкершілігіміз бен елге деген жанашырлығымыздан құралады», — деді әнші.
Тимур Пиязов қоғамның бірлігі мен ортақ игілік жолындағы жасампаздықтың маңызына да тоқталды.
«Еліміздің бейбітшілікке, тұрақтылық пен жаңа мүмкіндіктерге бастайтын жолын бірге қолдайық. Әр азамат белсенділік танытқанда ғана біз қуатты әрі өркендеген Қазақстанды бірге қалыптастырамыз», — делінген әншінің үндеуінде.
Еске салайық, Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы 2026 жылғы 23 тамызда өтеді. Азаматтар ел дамуына қатысты маңызды мәселелер талқыланатын жаңа қоғамдық институттың өкілдерін сайлайды.
Әсел ТӘШІБАЕВА