Бүгін ақиық ақын, қазақ поэзиясының заңғар тұлғасы Мұқағали Мақатаевтың туғанына - 95 жыл. Халықтың сүйіктісіне айналған мұзбалақ ақынның жырлары ел жадына соншалық сіңгені сонша, кейде оның сөзіне жазылған әндерді сүйіп тыңдап жүріп, сол туындының авторы Мұқағали екенін аңғармай да қаламыз. Ақынның сөзіне жазылған әндердің өзі - бір-бір тарих. Саны да аз емес. Дегенмен, ақпанның 9 жұлдызында дүниеге келген ақын жырына жазылған, ел арасында кеңінен тараған тоғыз әнді топтап көрдік.
1) "Саржайлау"
Ақынның сөзіне жазылған бұл ән әр қазаққа жақсы таныс. Қазақтың қаны бар жанның бойына қуат беріп, тамырына қан жүгіртетін бұл туындының халықтық сипатқа ие болуы заңдылық. Себебі әннің әуенін қазақ музыкасының алыбы - Нұрғиса Тілендиев жазған.
"Саржайлау" халыққа алғаш рет қазақ өнерінде есімі алтын әріптермен жазылған қайталанбас тұлға Нұрғали Нүсіпжановтың орындауында танылды. Кейіннен бұл ән эстрадада Алтынай Жорабаеваның орындауында да кеңінен таралып, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді.
2) "Сәби болғым келеді"
Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған бұл ән - композитор Тұрсынғазы Рахимовты сазгер ретінде танытқан алғашқы туынды. Әннің астарында терең мұң жатыр. Асқақ әуен мен жүрекке жететін сөз тыңдаған жанды еріксіз ойға жетелейді.
Балалығын еске алып езу тартқанымен, өткен күндердің өкініші мен сағынышын сезінгендей күй кешесіз. Бұл ән композитордың тұңғышы шетінеп, одан кейінгі баласы дүниеге келген тұста жазылған. Бір жағынан балаша қуанса, бір жағынан ескі жараның аузы ашылған шақтағы көңіл күй ән арқылы көрініс тапқан.
Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Мына өмірден хабарсыз, жаңа туған…
Күздің күрең реңі – тек табиғаттың ғана емес, адамның ішкі жан дүниесінің де айнасы іспетті. Жапырақ сарғайып, күн салқындағанда, көңілге де бір мұң, бір сағыныш ұялайды.
Осындай сезімді дәл бере алған әндердің бірі - "Күрең күз". Бұл туынды ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне, композитор Гүлнар Дәукенованың әуеніне жазылып, Мәдина Ералиеваның орындауында танылды. Әнші жол апатына түсіп, қайтыс болғаннын кейін әннің сөзі оның тағдырына әсер еткендей көрініп, елдің сүйікті әншілерінің бірі "осы ән арқылы халқымен қоштасып кетті" деп те айтылып жүрді.
Кейіннен бұл әнді "Жігіттер" тобы да өзіндік нақышта орындап келеді.
Халықтың күңірене әрі сүйсіне тыңдайтын да, айтатын да "Күрең күзін" "Жігіттер" тобы да жүрекке жеткізе орындап келеді.
4) "Жас қайың"
Поэзия ретінде де, ән ретінде де халық жадында жақсы сақталған туындылардың бірі - «Жас қайың».
Жапырақ жүрек жас қайың,
Жанымды айырбастайын…
Бұл тамаша туындының да сөзін жазған - Мұқағали Мақатаев. Ән көпшілікке халықтың сүйікті әншісі Мақпал Жүнісованың орындауында кеңінен танылды. Кейіннен Индира Расылханның орындауында да тыңдарманын тапты.
5) Есіңе мені алғайсың
1975 жылы композитор Нұрғиса Тілендиев пен ақын Мұқағали Мақатаев бірігіп жұмыс істей бастайды. Мұқағали бір ай бойы Нұрғисаның үйінде тұрып, 30 күннің ішінде бірнеше ән дүниеге келеді.
Ақын ауыр дерттен 45 жасында дүниеден өткен соң, Нұрғиса Тілендиев қатты күйзеліске түседі. Композитордың айтуынша, екі ай өткен соң қалтасынан Мұқағали жіберген хат шығады. Сол хаттағы өлең - кейін елге кең тараған "Есіңе мені алғайсың" болатын.
Ал халыққа кеңінен танылған ән нұсқасын Елена Әбдіхалықова 20 жасында жазған. Кейін бұл ән Мәдина Ералиеваның орындауында күллі түркі дүниесіне тарады.
6) "Сенің көзің"
1993 жылы әнші, ақын әрі сазгер Қанат Ибрагимов "Кеш жарық" бағдарламасына қатысар алдында ән мәтінін өзгертуге шешім қабылдайды. Сол сәтте Мұқағали Мақатаевтың жыр жинағынан "Сенің көзің" өлеңін таңдап, бірнеше шумағын әнге лайықтайды.
Тікелей эфир кезінде қатты толқыған автор бір шумақты ұмытып қалып, бұрынғы мәтінмен орындауға мәжбүр болады. Осылайша әннің тарихы ерекше жағдаймен басталған.
Ал елге кеңінен танылуына "МузАРТ" тобы себеп болды. 2000 жылы топ дәл осы әнмен өнердегі жолын бастап, "Сенің көзің" олардың төлқұжатына айналды десе де болады.
7) "Құмған алған"
Құмған алған,
Суға барған,
Сұлуымды сағындым.
Сырғаланған,
Қуған арман.
Құлынымды сағындым.
Түйнектер мен
Жидек терген,
Нуларымды сағындым, - деп келетін ән көпшілікке халық әні есебінде белгілі.
Бұл ән көпшілікке соншалық сіңіп кеткендіктен, кейде халық әні ретінде қабылданып жатады. Бұл өлең жолдарының авторы да - Мұқағали Мақатаев.
Сағынышқа толы бұл туындыны жүрекке жеткізе орындайтын әншілердің бірі - Мейрамбек Бесбаев. Дәл осы әншінің орындауында көптеген музыкалық платформаларда ән "Сағындым" деп те аталып жүр.
8) "Бақытыңды жырлайды".
Жыламашы, шырағым,
Күңіренген қобыздың
Бұрамашы құлағын.
Ұмыт болып мына күн, сейіледі мұнарың, - деген өлең жолдарына жазылған бұл ән әнсүйер қауымға жақсы таныс,
Мұқағали Мақатаевтың терең философиялық лирикасына құрылған бұл ән тыңдарманды сабырға, үміт пен сенімге жетелейді. Әнсүйер қауымға ол "Нұр-Мұқасан" тобының орындауында кеңінен танылып, бір кезеңнің ең көп тыңдалған эстрадалық туындыларының біріне айналды. Саз бен сөз үйлесімі арқылы бұл ән өмірдің өткінші сәттерінде жұбаныш бола білген шығарма ретінде бағаланады.
9) "Иіскейін"
"Иіскейін" әнінің сөзін де Мұқағали Мақатаев жазған. Бұл өлеңнің шығу тарихын оның шығауына (жазылуына) түрткі болған Күлсінбүбі Қыбыраева былай деп еске алады:
1974 жылдың жазында Күлсінбүбі Қыбыраева жолдасы, Қазақ радиосының дикторы Бақытжан Атагелдиевпен бірге көшеде келе жатып, Мұқағали Мақатаевпен жолығады.
"Ол кісінің бір қасиеті біздің жақтың адамдарын бірден танитын. Олар амандасып, жақын жерде фойе бар екен, сонда барып отырды. Мен ер адамдарға араласпайын деп бір талдың көлеңкесінде тұрдым. Бұл кісі бір-екі рет артына қарап қойып отырған. Бір кезде маған қарады да "анау менің жерімнің қызы, менің елімнің топырағының иісі шығып тұр ғой, неғып тұр ана жерде, шақырыңдар", деді. Содан қастарына келіп отырдым. Ол кісі қарап отырып бір-екі сұрақ қойды".
– Қай оқуды бітірдің, - деді.
– Шет тілдер институтын бітірдім, - дедім.
– О-о, Шет тілдер институтын бітірсең неге шашыңды қимадың, неге боянбадың, - деді. Ол кезде қалада қанша жыл оқысам да шашымды қимай қос бұрым етіп өріп қоятынмын. Содан қарап отырды да, бір кезде өзіне қарай тартып, маңдайымнан сүйіп, шашымнан сипады да осы өлеңді оқыды.
Иек артқан теңізге мүйістейін,
Келші, қарғам, шашыңнан иіскейін?
Иіскейін тек қана, тиіспейін,
Келші, қарғам, шашыңнан иіскейін?
Қолаң қара шашың-ай күн қақтаған!
Қос бұрым-ай жотанда бұлғақтаған!
Қарғам, сенде жерімнің иісі бар-ау,
Жер иісі жұпардан қымбат маған!
Төрт шумақ. Оқып бітіп "осы өлеңді мен саған арнадым, қалқам", - деді.
Арада бір-екі ай өткенде "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас Алаш") газетінде жарық көрген ақын өлеңдерінің ішінде "Иіскейін" де жарияланады.
Өлеңді алғаш рет ән ретінде Рамазан Стамғазиев домбырамен орындады. Ал эстрадалық нұсқасын Еркін Нұржанов тыңдарманға кеңінен танытты. Бүгінде "Иіскейін" - туған жерге деген сағыныш пен тазалықты жырлаған әсерлі әндердің бірі.