9 мамыр — Жеңіс күніне орай Алматыда бұқаралық велошеру ұйымдастырылды. Спорттық-патриоттық іс-шараға 200-ден астам велоспорт әуесқойы қатысты, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы қаласы Спорт басқармасы өкілдерінің мәліметінше, велошеру қаланың орталық көшелері арқылы өтті. Қатысушылар сапарын «Нұрлы Тау» бизнес орталығынан бастап, әл-Фараби даңғылы, Саин, Рысқұлов даңғылдары, Шығыс айналма жолы, Төле би, Қонаев және Гоголь көшелерімен жүріп өтті. Велошеру 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта мәресіне жетті. Жалпы маршрут ұзындығы 40 шақырым болды.
Іс-шара соңында қатысушылар Ұлы Отан соғысы батырларының рухына тағзым етіп, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.
Мұндай бастамалар салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты дамытуға және ардагерлердің ерлігін ұлықтауға ықпал етеді.