Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Әйелдер және қоғамдық бастамалар: аналардың ел дамуына қосқан үлесі» тақырыбында брифинг өтті.
Спикерлер Аналар кеңесінің жобалары, отбасыларды қолдау және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөнінде айтып берді, - деп хабарлайды Aqshamnews.kz.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесінің төрайымы Зульфия Хусеинова ұйымның 2014 жылы Ассамблея жанындағы кеңесші орган ретінде құрылғанын еске салды. Қазір құрамында түрлі ұлт пен кәсіп өкілдерінен құралған қырықтан астам әйел бар. Олардың басын қосқан ортақ мақсат — жастарға отанды сүюді, құндылықтарды құрметтеуді үйрету.
«Біз балалар үйлерін, дағдарыс орталықтарын, аналар үйлерін қамқорлығымызға алып, әкімдікпен тығыз байланыста жұмыс істеп, қаланың барлық әлеуметтік акциясына қатысып отырамыз», - дейді Хусеинова.
Кеңестің негізгі бастамаларының қатарында «Салауатты сана», «Баланың бөтені болмайды», «Мектепке жол» және «Портфель» жобалары бар. Бұл бастамалар балалар мен аналарды қолдауға, сондай-ақ отбасы институтын нығайтуға бағытталған. Әйелдерді қолдау мәселесіне ерекше назар аударылған. Хусеинованың айтуынша, жалғызбасты аналар мен көпбалалы отбасылар мемлекет тарапынан ай сайынғы жәрдемақылар, жеңілдетілген баспана мен жұмыспен қамту бағдарламалары түрінде көмек ала алады.
«Алматыда “Әйелдер әйелдер үшін” жобасы жүзеге асырыла бастады, ол аналарға жұмысқа орналасып, кәсіп ашуға көмектеседі», - дейді ол.
«Қазақстандық дүнген қоғамы» қоғамдық бірлестігі филиалы Аналар кеңесінің төрайымы Римма Масырова Аналар кеңесінің қызметі 2030 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының отбасылық және гендерлік саясаты тұжырымдамасына сәйкес жүргізілетінін атап өтті. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді. Отбасыны нығайту, жастарды тәрбиелеу, нашақорлық, ойынқұмарлық, тұрмыстық зорлық сияқты әлеуметтік мәселемен күресу сияқты үлкен міндет жүктелген бізге», - дейді ол.
Масырованың айтуынша, 2007 жылғы алғашқы бастамалардан бастап жастар тәрбиесі мен мәдени мұраны сақтауға әйелдерді белсенді тартуға дейін Аналар кеңесі төрт даму кезеңінен өткен. Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында бір шаңырақ астында 130-дан астам этнос өкілдері бірігіп отыр.
Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселесіне тоқталған Масырова «Үміт» және «Әйелдер бизнесте» бағдарламаларының табысты жүзеге асып жатқанын айтты. Бұл бағдарламалар әйелдерге жеңілдетілген несие алып, өз ісін ашуға мүмкіндік береді. «Бүгінде әйелдер 1,5 миллион теңгеге дейін бастапқы капитал ала алады. Қыздар өз идеясын сескенбей іске асыруы үшін университеттерде кәсіпкерлікке қатысты курстар енгізілді», - деді ол.
Қалалық ұйғыр мәдени орталығы Аналар кеңесінің төрайымы Роза Абабахриева рухани тәрбие мен отбасыларды қолдау бағытындағы жұмыс туралы айтты.
«Біз отбасы, руханият және білім мәселелері бойынша кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткіземіз. Әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып, мұқтаж жандарға психологиялық, құқықтық көмек береміз. Мейірім акцияларын ұйымдастырып, ардагерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жалғызбасты аналар мен қарт адамдарға қолдау көрсетеміз», - деді ол.
Оның айтуынша, Алматыда жыл сайын Қарттар күніне орай барлық этномәдени бірлестіктер қатысатын қайырымдылық марафондары өткізіледі. Аналар кеңестері қиын жағдайға тап болған әйелдерге психологиялық көмек те көрсетеді. Оқу-ағарту министрлігінің деректеріне сүйенсек, тек соңғы жылдың өзінде Аналар кеңестері жанындағы психологиялық көмек орталықтары 13 мыңнан астам бала мен 10 мың ата-анаға қолдау көрсеткен.
Зульфия Хусеинова кез келген белсенді, ел тағдырына бейжай қарамайтын әйел Аналар кеңесінің мүшесі бола алатынын айтты. «Ең бастысы — жүректің мейірімділігі мен беріктігі. Біз жиі балалар үйлерінде, дағдарыс орталықтарында боламыз, мұнда жай ғана қамқорлық көрсетіп қана қоймай, адамның өзі де сезімге ерік бермейтіндей мықты болуы керек», - дейді.
Брифинг соңында спикерлер биыл Алматыда «Салауатты сана», «Жомарт жан» және «Адал азамат» сияқты әлеуметтік бастамалар жалғасын табатынын, сондай-ақ жақында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесімен бірлесіп жұмыс жүргізілетінін атап өтті.