Қала тұрғындары дауыс беруге тұтас еңбек ұжымдарымен және отбасыларымен келіп, қаланың әр ауданында сайлау күні жанды музыка, ардагерлердің өнер көрсетуі, қуыршақ театрларының қойылымдары, тіпті зияткерлік ойындар турнирлерімен жандана түсті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Редакциямыз Алматыда жексенбілік сайлау күнінің ерекше әрі мерекелік атмосферада өтуіне үлес қосып жатқан жарқын сәттер мен қызықты оқиғаларды назарларыңызға ұсынады.
Ғасыр жасаған кейуана сайлау учаскесіне өзі келді
Алматыдағы сайлаудың ең құрметті қатысушыларының бірі – 102 жастағы Кәмиля Досқалиқызы Көсімова. Жасына қарамастан, кейуана үйіне сайлау комиссиясын шақыртпай, №690 сайлау учаскесіне өзі келді.
Дауыс бергеннен кейін алматылық әже жиналғандарға аналық батасын беріп, елге бейбітшілік пен өркендеу тіледі.
Қуыршақ театры да сайлауға қызмет етті
Медеу ауданында Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрында орналасқан №361 сайлау учаскесінде небәрі жарты сағаттың ішінде бір компанияның 80-ге жуық қызметкері дауыс берген. Ал сағат 14:00-ге қарай мұнда сайлаушылар саны 200-ден асқан.
Театр қонақтары үшін нағыз ертегідей атмосфера жасалған. Алаңда әртістер мен аниматорлар жұмыс істеп, балалар мен ересектер арнайы фотозоналарда естелік суретке түсуде.
«Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры бүгін дауыс беруге келген адамдардың көңілін көтеріп жатыр. Балалар да, ересектер де бізбен бірге суретке түсуде. Біз ересектерді алыста қалған балалық шағына қайта жетелейміз. Өзім де таңертең дауыс беріп қойдым, әріптестерім де өз таңдауларын жасады», – деді театр актері Шоқан Құлназаров.
Сайлауға әндетіп келді: Жетісу ауданында ардагерлер ансамблі өнер көрсетті
Жетісу ауданындағы сайлау учаскелерінің біріне ардагерлердің «Ардагерлер алқасы» ансамблінің мүшелері музыкалық тартуымен келді.
Аға буын өкілдері дауыс беруді өздерінің сүйікті өнерімен ұштастырып, айналасындағылар мен сайлау комиссиясы мүшелеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлауды жөн көрген.
«Бүгін біз бүкіл ұжым болып келуді ұйғардық. Музыка өміріміздің ажырамас бөлігі болғандықтан, өзімізбен бірге музыкалық сүйемелдеуді де ала келдік. Айналамыздағы адамдарды жақсы көңіл күйге бөлегіміз келді», – деді ансамбль мүшесі Райхан Төлебаева.
«Асыл аналар» ұжымынан әдеби-музыкалық көрініс
Наурызбай ауданының Шұғыла шағынауданындағы Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығында орналасқан №650 және №683 сайлау учаскелерінің маңында «Асыл аналар» ардагерлер ансамблі өнер көрсетті.
Ұлттық киім киген ансамбль мүшелері Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқып, Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында», «Менің Қазақстаным» әндерін орындады. Өнер көрсеткеннен кейін барлығы бірге дауыс берді.
«Біз, Наурызбай ауданының ардақты аналары, бүгін, 29 қарашада мәслихат депутаттарының сайлауына бір кісідей жұмылып, өз таңдауымызды жасау үшін келдік», – деп атап өтті ұжым ұйымдастырушысы Кәмиля Нұрпейісова.
Домбыра мен дутар үні және композитор Ғани Сапарбаевтың концерті
Мегаполистің өзге де сайлау учаскелерінде музыкалық бағдарлама ұйымдастырылды.
Мәселен, Көкмайса шағынауданындағы №87 мектепте орналасқан №326 сайлау учаскесінде тұрғындар алдында белгілі композитор Ғани Сапарбаев өнер көрсетті.
Ал қаладағы тағы бір сайлау учаскесінде тұрғындар үшін «Тәуелсіздік – тұғырым» атты концерттік бағдарлама ұсынылды. Концерт барысында домбырамен орындалған күйлер мен көне ішекті аспап – дутар әуендері шырқалды.
Дауыс бергеннен кейін шахмат, дойбы және тоғызқұмалақ ойнауға мүмкіндік бар
Жетісу ауданындағы Автомеханика колледжінде орналасқан №322 және №350 сайлау учаскелерінде зияткерлік ойындарға арналған жайлы демалыс аймақтары ұйымдастырылды.
Бюллетеньдерін толтырғаннан кейін алматылықтар қала жаңалықтарын талқылап, шахмат, дойбы немесе тоғызқұмалақ ойнауға мүмкіндік алды. Мұндай шараларға әртүрлі жастағы тұрғындар қызығушылық танытуда.
Жас таланттар шығармашылығы
Дауыс беруге келген қала тұрғындары үшін №650 сайлау учаскесінде жергілікті жастардың көркем шығармаларынан көрме ұйымдастырылды.
Бейбітшілікке, бірлікке және елдің дамуына арналған туындылар келушілердің назарын аударып, жас авторларға қолдау көрсетуге мүмкіндік берді.
Еске сала кетсек, Алматы қаласындағы барлық 670 сайлау учаскесінде дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.
Аqshamnews.kz тілшілері сайлау барысын жіті бақылап, осы жексенбіде өтіп жатқан мәслихат сайлауының ең жарқын сәттерін оқырман назарына ұсынады.