Өрттен кейін баспанасыз қалған алматылық отбасы бірнеше жыл бойы ауыр жағдайда өмір сүрді. Олардың жағдайы ұлы ауыр жарақат алып, мүгедектікке ұшырағаннан кейін одан әрі қиындай түсті. «AMANAT» партиясының қолдауымен жүргізілген жүйелі жұмыс нәтижесінде отбасының баспанасы толық қалпына келтіріліп, қалыпты өмірге оралуына мүмкіндік жасалды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Әңгіме Алматы қаласы Алатау ауданы Ақбұлақ шағынауданының тұрғыны Тұрсынбүбі Бөжеева мен оның II топтағы мүгедектігі бар ұлы Елтай Садықов туралы. Отбасыға көрсетілген көмек «AMANAT» партиясының үйлестіруімен, депутаттар, мемлекеттік органдар және белсенді азаматтардың қатысуымен ұйымдастырылды.
Отбасының өмірлік қиын жағдайы бірқатар қайғылы оқиғадан кейін басталды. 2019 жылы отбасы асыраушысынан айырылса, 2020 жылы түнгі уақытта орын алған өрт салдарынан олардың үйі толықтай жанып кеткен. Өрт кезінде үй ішінде болған ұлы ауыр жарақат алып, кейін мүгедектікке ұшырады. Баспанасыз қалған ана мен бала ұзақ уақыт бойы таныстары мен туыстарының үйлерін паналап, әлеуметтік тұрғыдан осал жағдайда өмір сүрді.

Қиындықтан шығудың жолын іздеген Тұрсынбүбі Бөжеева «AMANAT» партиясының Алатау аудандық филиалына жүгінді. Осы сәттен бастап мәселе бақылауға алынып, көмек көрсету жұмыстары жүйелі түрде кезең-кезеңімен ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – уақытша қолдау көрсетумен шектелмей, мәселені толық шешуге қол жеткізу болды.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде үй қайта тұрғызылды: қабырғалары мен шатыры салынып, ішкі жөндеу жұмыстары жүргізілді және заманауи жылыту жүйесі орнатылды. Сонымен қатар тегін негізде газ құбыры тартылып, барлық қажетті құжат рәсімделіп, тұрғын үй инженерлік желілерге қосылды. Қалпына келтіру кезеңінде отбасы азық-түлікпен және алғашқы қажетті заттармен қамтамасыз етіліп отырды. Бұдан бөлек олар медициналық тексеруден өтіп, қажетті ем алуына жағдай жасалды.
Үй маңындағы аумақ та назардан тыс қалмады. «Таза бейсенбі» акциясы аясында арнайы техниканың көмегімен аула толық тазартылып, өрттің салдары мен тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Бұл жұмыстар санитарлық жағдайды жақсартып, қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал етті.

Сонымен қатар отбасыға құжат рәсімдеу, түрлі мәселелер бойынша кеңес беру және ұйымдастырушылық қолдау көрсету жұмыстары жүргізілді. Бұл тек баспананы қалпына келтірумен шектелмей, жалпы өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді.
Тұрсынбүби Божееваның айтуынша, «Біз Алматыға 1998 жылы көшіп келіп, өз күшімізбен үй салған едік. Қайғылы жағдайлардан кейін барымыздан айырылып қалдық. Өте қиын болды. Таныстардың, туыстардың үйін паналап жүрдік. Не істерімізді білмедік. Партияға жүгінген кезде, ең алдымен адамгершілік тұрғыдан қолдау сезіндім. «Біз көмектесеміз» деген сөздері бос айтылмаған екен. Депутаттар, мемлекеттік органдар, жанашыр азаматтар атсалысты. Үйімізді қайтадан жаңадан тұрғызып берді. Биыл өз үйімізге қайта оралдық. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Осындай қиын кезеңде қолдау көрсеткен барша жандарға алғысым шексіз».
Бүгінде тұрғын үй толық қалпына келтіріліп, барлық қажетті коммуникациямен қамтамасыз етілді. Отбасының қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруіне жағдай жасалып, олар қалыпты өмірге қайта оралды.
Бұл жағдай күрделі әлеуметтік мәселелерді шешуде жүйелі тәсілдің тиімділігін айқын көрсетеді. «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асқан үйлесімді жұмыс нақты нәтижеге қол жеткізіп, азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер етті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.