Қағаз хаттан цифрлық қызметке дейінгі жол: пошта байланысы қалай өзгеріп жатыр? «Қазпоштаның» Алматыдағы бөлімшесінің өкілдері 9 қазанда атап өтілетін Дүниежүзілік пошта күніне орай Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы туралы айтып берді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Спикерлер пошта қызметкерлері болып танысатын алаяқтарды қалай тануға болатынын, сәлемдеме жоғалғып кеткен жағдайда не істеу керектігін және EMS жедел жеткізу қызметінің қандай мүмкіндік ұсынатынын түсіндірді.
Бөлімше директорының бизнес жөніндегі орынбасары Бексұлтан Ағаділов алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін не істеу керектігін де айтты.
«Біріншіден, «Қазпошта» клиенттерге ешқашан қоңырау шалмайтынын, код сұрамайтынын айту керек. Бұл — ең бастысы. Екіншіден, «Қазпошта» ешқашан сілтеме жібермейді, сол сілтемеге өтіп, қандай да бір әрекет жасауды тағы талап етпейді. Біздің жұмысымыз ашық. Егер қаржылық қызмет туралы айтар болсақ, олар «Қазпоштаның» бөлімшелер желісі мен мобильді қосымша арқылы қолжетімді», — дейді Бексұлтан Ағаділов.
Брифинг барысында сәлемдеме жоғалған жағдайда істелетін әрекеттің тәртібі де талқыланды.
Спикерлердің айтуынша, мұндай жағдай өте сирек кездеседі екен. Алайда заттың жоғалғаны расталса, компания клиенттің өтінішін қабылдап, тексеру жүргізеді.
Егер жөнелтілім шетелге жіберілген болса, арнаулы бөлім қабылдаушы тараппен байланысып, оның себебін анықтайды.
Бөлімше директорының EMS қызметі жөніндегі орынбасары Тілеукүл Имашеваның айтуынша, компанияның кінәсі расталған жағдайда өтемақы мөлшері сәлемдеменің бағаланған-бағаланбағанына байланысты болмақ. Егер жөнелтуші сәлемдеменің бағалау құнын көрсетсе, оның құны толық өтеледі. Ал бағаланбаған сәлемдеменің жөнелткендегі ақысы қайтарылады.
Алматы мен Астана арасында жеткізу үшін EMS қызметін пайдалануға болады. Бұл бағытта бір тәулік ішінде қолға тиеді. Қызмет «есіктен есікке дейін» жеткізеді. Тілеукүл Имашева осы қызметтің ерекшелігін түсіндірді:
«EMS қызметі — жедел пошта. Яғни клиентке қандай да бір құжатты немесе шұғыл сәлемдемені Қазақстан бойынша да, шетелге де тез жіберу қажет болса, осы қызметті таңдай алады.
Қызметтің ерекшелігі — сәлемдеме тездетіп жеткізіледі. Негізінен әуе тасымалы пайдаланылады», — деді Тілеукүл Имашева.
Алматының ішінде пошта тасымалдау жүйесі де өзгеріп жатыр. Бір айдан астам уақыт бойы бөлімшелер арасындағы жөнелтілім алмасу түнгі уақытта, сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін жүзеге аса бастады. «Түнгі маршрут» жобасы көліктерге күндізгі кептелісті айналып өтуге мүмкіндік береді.
«Маршруттық көліктеріміз, яғни айналма жолмен жүретін машиналар бөлімшеге жеткенше, шамамен 4–5 сағат уақыт кететін. Қазір бұл уақытты екі-үш есеге қысқарттық. Шығарынды да азайды. Осы пилоттық жобаны сәтті жүзеге асырдық», — деді бөлімшенің директоры Нұркен Рүстем.
Тасымалдау жүйесін жаңғыртудың келесі қадамы электр көліктеріне байланысты. Филиал директорының әкімшілік-шаруашылық қызмет жөніндегі орынбасары Мирас Айнабековтың айтуынша, 2027 жылы «Қазпошта» пошта-логистикалық тасымалға арналған шамамен 70 электромобиль сатып алуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар компания қашықтан қызмет көрсетуді де дамытып жатыр. Мобильді қосымшаны пайдаланушылар саны 899 мың адамға жетсе, оны күн сайын шамамен 25 мың адам пайдаланады.
Колл-орталыққа жасанды интеллект енгізіліп жатыр. Сондай-ақ сәлемдемелерді одан әрі қадағалау жүйесін дамытуға арналған шешімдер әзірлене бастады.