Елімізде сатылған 14 мыңға жуық алтын құйманың көп бөлігін алматылықтар алған.
2024 жылдың III тоқсанында екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктерінде жалпы салмағы 475,5 келі 13 940 алтын құйма сатылды, деп хабарлайды aqshamnews.kz
Ұлттық Банк 2017 жылы халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын іске қосқан болатын. Бағдарлама басталғалы жалпы салмағы 7,4 тонна болатын 199 235 алтын құйма сатылды.
Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 грамм. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі – 24% (48 629 дана). Одан кейін 100 грамдық алтын құймадан 47 227 дана (24%), 5 грамдық құймадан 44 127 дана (22%), 20 грамдық құймадан 31 612 дана (16%) және 50 грамдық құймадан 27 640 дана (14%) сатылған, – делінген ҰБ хабарламасында.
Ақпаратқа сәйкес, 2024 жылғы III тоқсанда алтын құймалардың ең көп бөлігі Алматыда (8 101 дана, 58%), Шымкентте (1 279 дана, 9%) және Астанада (1 243 дана, 9%) сатылды.
Бағдарлама іске асқалы екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген пунктер жалпы салмағы 1,1 тонна 41 058 алтын құйманы кері сатып алған. Бұл – жалпы сатылған алтын құймалардың 21%-ы. Олар кері сатып алуға қабылдаған өлшемелі құймалардың барлығы халыққа Ұлттық Банктің филиалдарына кері тапсырусыз сатылады.
Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және бедерлі жиегі бар) және механикалық зақымданудан қорғайтын арнайы қорапқа салынып шығады. Сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғап тұратын қорап сондай-ақ сапа сертификаты болып саналады. Сондықтан, алтын құйманы ұқыпты сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес береміз, – делінген ақпаратта.
Қазір алтын құймаларды бірқатар екінші деңгейлі банкке, сондай-ақ банктік емес жекелеген пунктерден сатып алып, кері сатуға болады.