Қазақ даласы – көне өркениеттердің бесігі. Ұланғайыр кеңістікте мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген тайпалар өздерінен кейін тек аңыз бен жыр ғана емес, жер қойнауында сақталған асыл мұра да қалдырды. Солардың ішінде ерекше орын алатыны – сақтар. Олар – Еуразияның кең даласын мекендеп, өзіндік мәдениет, бай салт-дәстүр мен таңғажайып зергерлік өнер қалыптастырған халық.
Сақ мәдениетінің ең әйгілі белгісі – 1969 жылы Есік қорғанынан табылған «Алтын адам». Сол жаңалықтан бері Жетісу өңірі археологтар үшін таусылмас қазына көзіне айналды. Іле Алатауының етегіндегі әр қорған өткен дәуірдің жаңа бір сырын ашады.
Жақында ғалымдар Алматыдан еліміздегі бұрын-соңды кездеспеген жәдігерді тапты. Нақтырақ айтқанда, сақ дәуіріне жататын қорғанды қазу кезінде ғалымдар аю бейнелі алтын әшекейге кез болды. Әшекей бас киімге тігілген деген жорамал бар.
Қазба жұмыстары Наурызбай ауданындағы Қарағайлы қорымында жүргізілді. Диаметрі 25–26 метр, биіктігі шамамен 2,5 метр болатын қорған біздің заманымызға дейінгі IV–III ғасырларға тән деп мерзімделді.
Археологтардың анықтауынша, қорған ерте заманда-ақ тоналған. Қорған ішінен тереңдігі үш метрлік шұңқыр табылды. Соның салдарынан жәдігерлер мен тұрмыстық бұйымдардың көпшілігі шашылып қалған. Соған қарамастан қорғанда қыш ыдыстардың сынықтары, адам сүйектері және алтын бұйым сақталып қалған.
Алдын ала деректер бойынша, қорғанға 4 ересек адам мен 3 бала жерленген болуы мүмкін. Жерленгендердің нақты санын мамандар әлі анықтау үстінде. Мұндай топтық жерлеу сақ қорғандары үшін сирек кездесетіндіктен де, ғалымдардың ерекше қызығушылығын тудырып отыр.
Ең құнды олжа – алтыннан құйылған шағын аю мүсіншесі. Ол сақ дәуіріне тән аң стилінде жасалған. Пластинадағы тесіктер әшекейдің бас киімге тігілгенін көрсетеді. Кейбір мамандар оны әйелдің бас киімін безендірген бұйым деп болжайды. Мұндай әшекейлер сақ дәуірінің киім үлгісіне тән. Мысалы, «Алтын адамның» бас киімін де арқар бейнесіндегі алтын әшекей безендірген.
Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықованың айтуынша, аюдың мүсін түріндегі бейнесі Қазақстан үшін бірегей. Елімізде мұндай олжа бұрын табылмаған. Директордың сөзінше, бұл жаңалық Қара теңіз жағалауынан Алтайға дейінгі бүкіл Еуразия кеңістігіндегі мәдени ұқсастықтарды бақылауға мүмкіндік береді.
Қарағайлы қорымын зерттеу жұмыстары жалғасуда. Археологиялық жұмыстар аяқталып, материалдар ғылыми өңдеуден өткен соң, ең құнды жәдігерлер Алматы музейінің экспозициясына қойылады.
Алтын аю мүсіншесі – көлемі шағын болғанымен, тарихи маңызы зор олжа. Ол сақтардың зергерлік шеберлігінің жоғары деңгейін, олардың дүниетанымындағы жануарлар бейнесінің орнын және көшпелі тайпалар арасындағы кең мәдени байланыстарды тағы бір рет дәлелдейді. Аю көптеген көне халықтардың нанымында күш-қуат пен қорғаныстың белгісі болған. Сондықтан бұл бейненің бас киімде болуы да кездейсоқ емес шығар.
Бұл жаңалық тағы бір маңызды мәселені еске салады: Алматы – тек заманауи мегаполис емес, көптеген сыры ғасырлар қойнауында жатқан көне мекен. Қала кеңейген сайын құрылыс аймағында қалған қорғандарға жойылу қаупі төніп тұр. Сол себепті апаттық қазба жұмыстарын уақтылы жүргізу – тарихи мұраны сақтап қалудың бірден-бір жолы.
Алдағы уақытта қаланың тұрғындары мен қонақтары екі мың жылдан астам тарихы бар бұл бірегей жәдігерді Алматы музейінде өз көзімен көре алады. Ал ғалымдардың зерттеулері сақ өркениеті туралы білімімізді одан әрі тереңдете түсері анық.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ