Бір айдың өзінде миллионнан астам адам келеді, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қазақ «Қонақ келсе, құт келеді» дейді. Он жеті жыл бойы табалдырығынан 180 миллионнан астам адам аттаған Aport Mall West-тің құты да, қадірі де – халық. Мұндағы әр күн мың сан тіршіліктен құралады. Біреу бала-шағасын қыдыртуға келеді. Біреу көптен іздеген затын табады. Енді бірі алғашқы кәсібін осы жерден бастайды. Тағы бір адам таңмен бірге жұмысқа асығып, кешке бала-шағасының несібесін арқалап үйіне қайтады. Сырт көзге мұның бәрі бір күннің қалыпты көрінісіндей сезілгенімен, осы қарапайым сәттердің өзінен үлкен орталықтың шынайы өмірі қалыптасады.
Алматы мен Aportтың туған күні үндес
Aport Mall West тарихы 2009 жылғы 20 қыркүйекте, Алматы қаласының туған күнімен қатар басталды. Сол күні жаңа орталықтың есігін 62 мың адам ашқан еді. Бұл жай ғана алғашқы күнгі келушілер саны емес, жаңа жобаға халықтың берген ақ батасы іспетті болды.
Алматының батыс бөлігі ол кезде бүгінгідей қалың қонысқа айналып үлгермеген. Қазір Aport Mall West маңында жаңа шағынаудандар бой көтеріп, тұрғын үйлер қатары көбейіп, жолдар мен қоғамдық қызмет көрсету орындары дамып келеді. Бір кездері қаланың шеті саналған аумақ бүгінде Алматы агломерациясының тіршілігі қайнаған үлкен ортасына айналды. Осы өзгерістердің бел ортасында Aport тұрды.

Алма атаулының төресі саналатын апорттай, Aport Mall да Алматының болмысымен табиғи қабысып кетті. Атаудың өзінде туған қаланың табы, ал орталықтың тынысынан оңтүстік астананың қызу тіршілігі сезіледі.
210 мың шаршы метрден асатын алып кешенде бүгінде 250-ден астам кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Бір айдың өзінде миллионнан астам адам келеді. Бес мың орындық автотұрағы бар орталықта бес мыңнан аса азамат еңбек етеді. Бірақ Aport-тың маңызын тек шаршы метрмен немесе келушілер санымен өлшеу жеткіліксіз. Оның үлкендігі – елге берген мүмкіндігімен, ашқан жұмыс орындарымен, отбасыларға сыйлаған қуанышымен бағалы.

Батыс қақпадағы берекелі орда
Осыдан он жеті жыл бұрын басталған жоба бір орында тұрып қалған жоқ. Уақытпен бірге жаңарып, халықтың талғамы мен талабына қарай өрісін кеңейтті. Алғашында сауда орны ретінде танылған Aport бірте-бірте отбасы болып демалатын, өнер мен мәдениетке жолығатын, мереке мен жақсы көңіл күй тоғысатын үлкен кеңістікке айналды.
2010 жылы Funky Town ойын-сауық паркі ашылды. Кейін Funky World, Hawaii және Miami Aquapark & SPA кешендері іске қосылды. Заманауи аттракциондар мен отбасылық демалыстың жаңа үлгісін ұсынған Funky Town және Hawaii жобалары халықаралық Golden Pony Awards марапатына ие болды.
2017 жылы орталықтың үшінші құрылыс кезеңі аяқталып, жаңа сауда орындары мен демалыс нысандары қосылды. 2018 жылы ең үлкен жабық ойын-сауық парктерінің бірі – Funky World келушілерін қабылдай бастады. Ал 2019 жылы жеті залы мен 1117 көрерменге арналған орны бар Kinoplexx 7 кинотеатры ашылды. Бүгінде Hawaii мен Miami аквапарктері, Funky Town және Funky World ойын-сауық алаңдары, кинотеатр, елуге жуық мейрамхана мен дәмхана Aport-ты бүкіл отбасыға ортақ демалыс орнына айналдырып отыр.

Миллиондардың мекеніне айналды
Он бес жылдық белесінде орталық Aport Mall West деген жаңа атауға ие болды. Бұл жай ғана атау ауыстыру емес еді. «West» сөзі оның Алматының батыс бөлігін дамытудағы орны мен аумақтық болмысын айқындады. Қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, ғимараттың сыртқы келбеті өзгерді, демалыс аймақтары жаңартылды. Жазғы Miami Sunrise алаңы жаңа сипатта жұмысын бастады.
Aport Mall West-тің басқарушы директоры Тимур Мұхамеджанов он бес жылдық мерейтой кезінде:
«Aport Mall West – еліміздегі ең ірі молл ғана емес, Алматы мен оның айналасындағы миллиондаған тұрғын үшін маңызды мәдени және экономикалық орталық. Біз әрбір қонақ бұл жерден өзіне қажет дүниені – саудасын да, отбасылық демалысын да, жақсы әсерін де таба алатын орын қалыптастыруға ұмтыламыз», – деген болатын.
Расында, ғимаратты салуға болады. Ал оны халықтың көңілінен шығатын мекенге айналдыру үшін жылдар бойғы еңбек пен сенім керек. Aport-тың он жеті жылдық жолында осы екеуі де бар.

Бес мың жұмыс – бес мың ырыс
Бұл орталықта әлемдік брендтер мен ірі кәсіпкерлер ғана емес, шағын сауда орнын ашып, өз кәсібін бастаған азаматтар да еңбек етеді. Бір дүкеннің шамы жанса, бір отбасының үміті жанады. Бір адам жұмысқа орналасса, бір шаңырақтың қазаны қайнайды. Сондықтан бес мың жұмыс орны дегеніміз – есепке кірген бес мың сан емес, бес мың отбасының несібесі. Оның ар жағында баласының несібесін ойлаған әке, отбасын асыраған ана, болашағына жол іздеген жас, маңдай терімен өмірін қайта бастағысы келген қаншама адам бар. Қиналған жанға құрғақ уәде емес, адал еңбек етуге мүмкіндік беру – үлкен азаматтық. Aport көп жұртқа сондай мүмкіндік сыйлады. Демек, бұл орталықтың жарығы сауда сөрелерінен ғана емес, адамға деген осындай жанашырлықтан да тарайды.
Aport тойы: сыйлық та бар, қызық та бар
Биыл Aport Mall West өзінің 17 жылдық мерекесін бұрынғы дәстүрге сай халықпен бірге атап өтпек. 19 қыркүйекте қонақтарға жалпы құны 10 миллион теңге болатын 100 сыйлық табысталады. Олардың қатарында цифрлық және тұрмыстық техника, мейрамханалар мен киім дүкендерінің сертификаттары және басқа да бағалы тартулар бар.
Ұтыс ойынына қатысу үшін сауда жасау міндетті емес. Қонақтар сағат 10:00-ден 15:30-ға дейін моллдағы кез келген ресепшеннен немесе арнайы промо-орыннан қатысушы купонын ала алады. Жеңімпаздарды анықтау сағат 16:00-де орталықтың бас кіреберісі алдындағы автотұрақта өтеді.
Он жеті жас – адамның да арманға қанат қағып, үлкен өмірге қадам басатын шағы. Aport Mall West те он жеті жылдық белесіне тәжірибесі толысқан, бағыты айқын, келешекке жоспары нық үлкен ұжым болып жетіп отыр.

Осы жылдар ішінде мұнда қаншама бала алғаш рет аттракционға отырды. Қаншама жас алғашқы жалақысын алды. Қаншама кәсіпкер кәсібін кеңейтті. Қаншама отбасы қуанышты күнін бірге өткізді. Осындай мыңдаған тағдыр мен миллиондаған естелік Aport-тың жазылмаған шежіресін құрайды.
Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Aport Mall West-тің елге жасаған ең үлкен жақсылығы – адамға қызмет етіп, еңбекке жол ашып, отбасыға қуаныш сыйлап келе жатқанында.
Туған күнің құтты болсын, Aport Mall West! Табалдырығыңнан аттаған әр қонақ құт болып кірсін. Еңбек еткен әр азамат несібесін тапсын. Бала күлкісі үзілмей, абыройың асқақтап, халықпен бірге жасай бер!
