Көктайғақтың алды алу жүзеге асуда
Алматы әкімдігінің мәліметінше, қалалық көріктендіру қызметтері су тасқыны мен көктайғақтың алдын алу бойынша тәулік бойы жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
«8-9 қараша күндері әл-Фараби даңғылының жоғары жағына 8-10 см қар түсті. 9 қараша күні сағат 7:00-де таулы аймақта түскен қардың деңгейі 15-20 см-ге жетті. Айдың басынан бері қалада 36,6 мм жаңбыр жауды, нормасы – 50 мм. Түнгі уақытта 8-9 қараша аралығында 285 арнайы техника, оның ішінде 68 құм сепкіш және 357 жол жұмысшысы жұмылдырылды», - делінеді әкімдіктің хабарламасында.
Сондай-ақ, таулы аймақта және тау бөктерінде көктайғақтың алдын алу мақсатында жолдарға инертті материалдар себілді және тазалау жүзеге асырылды. Көктайғаққа қарсы 763 тонна материал пайдаланылды. Сондай-ақ, қаланың жоғарғы бөлігінде тротуарлар мен қоғамдық көлік аялдамаларын қардан тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«9 қараша күні таңертең қала жолдарын тазартуға 377 техника, оның ішінде 77 құм сепкіш және 1 129 жол жұмысшысы жұмылдырылды. Қазіргі уақытта қалада жолдар мен тротуарларды жапырақтардан тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аудан әкімдіктерінде жұмыс барысын бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. «Қазгидрометтің» болжамы бойынша, бүгін түнде жаңбыр жауып, арты қарға ұласуы мүмкін. Түнде желдің жылдамдығы 3-8 м/с және ауа температурасы 0-2 аяз күтіледі», - деп хабарлады әкімдіктен.
Сондай-ақ, әкімдіктегілер жолдың қозғалыс бөлігінде көктайғақ болу қаупіне байланысты жүргізушілердің жылдамдықты төмендетіп, автокөліктер арасындағы қашықтықты арттырып, жылдам маневр мен тежеулер жасамағаны жөн екенін ескертті.