2025 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматылық филиалы базасында «Мемлекеттік басқарудағы стратегиялық ойлаудың рөлі» тақырыбында практикалық семинар өтті.
Іс-шараға мегаполис мектептерінің 9-11 сыныптарында оқитын Жас сайлаушылар клубының 41 мүшесі қатысты.
Семинар спикері – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматылық филиалының директоры Идрисова Айман Маратовна болды.
Семинар спикердің «Стратегиялық ойлау дегеніміз не?» деген сұрағынан басталды. Диалог қазақ және орыс тілдерінде өтіп, мастермайнд элементтерін қамтыды. Қатысушылар стратегиялық тәсілдің негізін құрайтын миссияны, құндылықтарды, талдауды және SWOT моделінің элементтерін – мақсаттарды, міндеттерді, тәуекелдерді, ресурстарды, мерзімдерді және жоспарлауды бірге талқылады.
Одан әрі оқушылар жеке құндылықтарын анықтап, 10 жылдық даму жоспарын құрып, таңдалған мақсаттарға қол жеткізу үшін бес негізгі қадамды айқындады. Қатысушылар жылға, айға және бір күнге арналған нақты тапсырмаларды бөліп, үлкен мақсаттарға біртіндеп жетуге мүмкіндік беретін «іске асыру пирамидасын» қалыптастырды.
Практикалық бөлімде қатысушылар тиімді бірлескен жұмыс үшін өзара үйлесімділік критерийлері бойынша командаларға бөлінді. Әр команда өз ішінен шартты түрде «премьер-министр» рөлін атқаратын лидерді сайлады. Командалық «елдің» даму стратегиясын әзірлеу және оны нақты іс-қимылдар жоспары арқылы қорғау – премьер-министрдің негізгі міндеті болды.
Сонымен қатар әр командаға мемлекет дамуының жеке сценарийі ұсынылды. Тапсырмалар күрделі жағдайларды қамтыды:
– бір командаға – халықтың тек 3% білім деңгейі, шағын аумақ, қатаң климат, инфрақұрылымның төмендігі, алайда теңізге шығу мүмкіндігі және 30 жылға трансұлттық корпорацияға берілген мұнай кен орындары есебінен қалыптасқан бюджет;
– екінші командаға – бірнеше ұлт пен дін, қолайлы климат, дамыған инфрақұрылым, бірақ жоғары деңгейдегі сыбайлас жемқорлық мәселесі берілді.
Мұндай модельдік жағдайлар қатысушыларға стратегиялық ойлауды тәжірибе жүзінде қолдануға және шектеулі ресурстар жағдайында басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік берді.
Жас сайлаушылар пікірталасқа белсенді қатысып, сұрақтар қойып, өз ойларымен бөлісіп, әзірлеген стратегияларын сенімді түрде қорғады.
Күн қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға семинардан өткенін растайтын сертификаттар табысталды. Іс-шара Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясының жылдық жұмыс жоспарына енгізілген жоспарлы іс-шаралардың бірі болды.