Бүгін Алматы индустриялық аймағындағы газоблок шығаратын SAPA INDUSTRY GROUP ЖШС мен фибропанель өндіретін TOP FIBER PANEL ЖШС-нің ірі кәсіпорындарында еңбек ұжымдарымен кездесу болып өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Кездесу барысында жүзден астам қызметкер 23 тамызда өтетін құрылтай мүшелерін сайлауға қатысуға бір кісідей атсалысатындарын айтты.
Кәсіпорын өкілдері дауыс беруге қатысу – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі әрі әр қазақстандықтың елдің дамуына үлес қосуына берілген мүмкіндік екенін атап өтті. Кездесуге қатысушылардың айтуынша, қоғамның белсенді азаматтық ұстанымы Қазақстанның бірлігі мен тұрақтылығын нығайтып, оның одан әрі дамуына ықпал етеді.
Жұмысшылар сайлау күні әріптестерімен, отбасы мүшелерімен бірге сайлау учаскесіне барып, саналы таңдау жасайтындарын жеткізді. Сондай-ақ олар қала тұрғындарын шет қалмай, өзінің конституциялық дауыс беру құқығын пайдалануға шақырды.
Кәсіпорындарда өткен кездесу алдағы сайлау туралы азаматтарды ақпараттандыруға бағытталған қоғамдық науқанның бір бөлігіне айналып, түрлі мамандық пен әртүрлі жастағы азаматтарды алдағы үлкен науқанның алдында ұйыстыра түсті.