Кейінгі уақытта қызылша ауруы біздің елдің ғана емес, әлемнің «бас ауруына» айнала бастады. Себебі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзі қызылшаның белең ала бастағанына алаңдап, егер оның алдын алмасақ, пандемияға айналып кету қаупі бар екенін ескертті. Тақырыпқа орай біз №8 қалалық емхананың эпидемиолог-дәрігері Мадина Санатқызымен сұхбаттасқан едік.
– Қызылшаның тез жұғатын жұқпалы ауру екенінен хабардармыз. Бұл аурудың негізгі белгілері қандай? Тұрғындар не нәрсеге мән бергені абзал?
– Қызылша – ауа арқылы тарайтын жіті инфекциялық ауру. Ол тек науқас адамнан жұғады. Ересектерде ауырлау, қиындау, ал балаларда оңай өтеді. Балалар қызылшаның ауыр түрлерін тек нәресте кезінде және иммунитеті әлсіреген жағдайда жұқтырып алады. Аурудың жасырын кезеңінің екінші күнінен денедегі бөртпелер 4 күн аралығында қатынаста болған адамдарға тыныс алу арқылы ауадан жұғады. Адам өмірінде қызылшамен ауырмаған болса, не егілмеген жағдайда жұқтырып алады. Вакцина алмаған немесе одан кейін де иммунитетті дамытпаған адамның өзіне қызылшаны жұқтыру қаупі жоғары.
Қызылшаның белгілеріне тоқталатын болсақ, оның жасырын (инкубациялық) кезеңі 9-11 күн. Егер бұрын екпе алған болса, жасырын кезеңі 15-21 күнге созылуы мүмкін. Инкубациялық кезеңнен кейін науқастың температурасы 39-39,5 градусқа дейін күрт көтеріледі. Мұнымен бір мезгілде жұмсақ тері бөртпелері, жалпақ қызғылт дақтар пайда бола бастайды. Бірнеше сағат ішінде бөртпелер саны күрт артады. Алғашқы белгілері: қызуы көтеріліп, әлсізденіп, тамаққа тәбеті нашарлап, мұрнынан су ағып, ащы жөтел пайда болып, көзі қызарып, қабынады. Одан жұмсақ және қатқыл таңдайда теңбіл бөртпелер пайда болады. Екі ұрттың үстінде қызылшаға тән майда ақшыл бөртпелер кілегей қабығының үстінде ерекшеленіп тұрады. Сыртқы түріне қарағанда бұл бөртпелер «манна» түйіршігіне ұқсайды. Дақтар дөңес пішінді болады, олардың ортасында сұйықтығы бар көпіршіктер болады. Әрине, бұл жағдайда ештеңені сығып алуға болмайды. Алғашқы 3-4 күндегі бөртпелер өте күшті болуы мүмкін және тек теріде ғана емес, сонымен қатар шырышты қабаттарда: көзде, жыныс мүшелерінде және ауызда кездесуі ықтимал. Бұл жағдайда бала, әдетте, қатты қышынып қиналады. Қызылша асқынғанда ағзаның орталық жүйке жүйесінің жұмысы зақымдалып, жүйкенің қабынуынан өзгерістер көп болады.
Шамамен бір айдан кейін аурудың беті қайтады. Терідегі қызыл дақтар (бөртпелер) кетіп, олардың орнына қыртыстар пайда болады. Олар жоғалғаннан кейін теріде ешқандай із қалмайды.
– Қызылшаның арнайы емі бар ма?
– Арнайы емі жоқ. Алайда, ауру белгілерін азайтуға көмектесетін шаралар бар. Мысалы, жаңа бөртпелер санын азайту үшін төсек-орын мен іш киімді жиі ауыстырыңыз. Жиі жуынбаған абзал, егер температура болмаса және қабыну процесі байқалмаса, бала көбінесе марганецтің әлсіз ерітіндісін қосып аз уақытқа ванна қабылдай алады. Педиатрлар душ қабылдауға кеңес бермейді. Балаңыздың қарапайым диета ұстануын қадағалаңыз. Бұл аллергендердің барлық түрін болдырмау үшін қажет. Диетада сүт және көкөніс өнімдері көбірек болуы керек, көбірек сұйықтық (шай, сорпа, кампот, минералды сулар және т.б.) ішкен дұрыс. Дене қызуы көтерілгенде парацетамол негізінде антисептик берген жөн. Аспиринді қолданбаңыздар. Көк дəрі (зеленка) қызылшаға әсер етпейді, бірақ бөртпенің ошақтарын дезинфекциялау үшін пайдаланылады. Спирт қолдануға болмайды.
Қызылша дене қызуымен және терідегі бөртпемен шектелмейді, ішкі органдарды да зақымдап, салдарынан ағзаны ұзақ уақыт оңалтуға тура келетін жағдайлар да болады. Тіпті түрлі асқынулар адамды мүгедек етуі немесе оның көз жұмуы да мүмкін.
– Ал бұл аурудың алдын алу туралы қандай кеңес айтар едіңіз?
– Әрине, сақтық шараларын жүйелі түрде жүргізсек, қызылшаның алдын алуға мүмкіндік мол. Балалар қызылшаны көбіне балабақшаларда жұқтырып алып жатады. Қызылшамен ауыратын адам айналасындағыларға 7-10 күн бойы қауіпті болады.
Балаларда қызылшаның алдын алу екі кезеңде жоспарлы вакциналау түрінде жүргізіледі. Екпеден кейін түзілген иммунитет ағзаны қызылшадан қорғайды немесе оны жұқтырған жағдайда ауру өте жеңіл және ешқандай асқынусыз өтеді. Бүгінде вакцина баланың 12-15 айлығында, ал ревакциналау 6 жасында жүргізіледі. Қызылшаның ағзасы нәзік балаға аса қауіпті екенін біле тұра, кейбір ата-аналар балаларына тиісті егу жұмыстарына келісім бермеуі таңғалдырады бізді.
Екпе алмағандар емханадан оны тегін салдыра алады. Тақырыпқа орай айта кетсем, қызылшаға қарсы екпе алмағандардың осы ауруға жиі шалдығатынын көпшілік біліп жүрсе дейміз. Сондай-ақ, таза ауада жиі серуендеу, ауасы алмаспаған, яғни желдетілмеген, кісі көп болатын қоғамдық орындарға бара бермеу, жеке гигиена талаптарын сақтау, даладан келген бойда қолды сабындап жуу сынды қарапайым дағдылар да аурудың алдын алуға көмектеседі.