Бүгін түнде Алматының Бостандық ауданындағы жеке тұрғын үйде болған қайғылы оқиғадан кейін аудан әкімдігі зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасына қолдау көрсету үшін жедел шаралар қабылдады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бүгінде баспанасы өрттен зардап шеккен 9 адам қонақ үйге орналастырылды. Оларға заңгерлік көмек көрсетіліп, оның ішінде құжатын қалпына келтіруге жәрдем беріліп жатыр.
Аудан әкімдігі дін өкілдерімен бірлесіп, марқұмдарды жерлеу рәсімін ұйымдастыруды мойнына алды.
Оқиға орнында Бостандық ауданының әкімі жүр. Ол жедел қызметтің жұмысын үйлестіріп, бірінші кезекте шешілуге тиіс мәселелерді реттеп жатыр.
«Қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Отбасы үшін осындай ауыр кезеңде оларға барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Жағдай тұрақты бақылауда», – деп мәлімдеді Бостандық ауданы әкімдігінің өкілдері.
Көмек алу және өзге де мәселелер бойынша Алматы қаласы әкімдігінің Open Almaty бірыңғай байланыс орталығына 109 нөмірі арқылы хабарласуға болады. Байланыс орталығы демалыссыз, тәулік бойы жұмыс істейді.
Өрттің шығу себебі мен оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр. Барлық тиісті қызмет жедел режимде жұмыс істеуде.