Алматының аптасы

Алматының аптасы Қайрат Қоныспаев

Осы аптада қаламызда болған маңызды жаңалықтарға шолу.

Заманауи шешім

«Alatau Aqparat» медиахолдингінде заманауи подкаст студиясының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға белгілі медиаменеджерлер, телеарналар мен БАҚ басшылары, блогерлер, ютюберлер мен кәсіпкерлер, серіктес ұжым өкілдері қатысты. Жобаның басты мақсаты – дәстүрлі және жаңа медианы ұштастыра отырып, кең аудиторияға әртүрлі форматта сапалы контент ұсынып, отандық медиа саланы дамытуға үлес қосу. Заманауи техникалармен жабдықталған бұл алаң – шығармашылық жобаларға серпін беріп, жас мамандарды даярлауға, ақпарат кеңістігінде жаңа идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Ашылу салтанатында «Alatau Aqparat» медиахолдингінің Бас директоры Ержан Қалымбайұлы «Студияны қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылайтын, сараптамалық пікірлер мен эксклюзивті сұхбаттар ұсынатын мазмұнды алаңға айналдыруды мақсат етіп отырмыз. Подкасттар аудиторияның ақпарат тұтыну дағдысына сай әзірленіп, ашық, еркін әрі тартымды форматта ұсынылады. Басты мақсат – ақпаратты сапалы, сенімді, нақты әрі қызықты ету», - деді.

 

Алғашқы рейс Алматыдан басталады

Air Arabia Abu Dhabi әуекомпаниясының рейстері 1 маусымнан бастап Қазақстанға қатынайды. Жаңа компания "Абу-Даби – Алматы" бағыты бойынша аптасына үш рет – сейсенбі, жұма және жексенбі күндері тікелей рейстерін орындауға мүдделі.

 

 Жедел жәрдемге жол бер!

 

22 сәуір күні сағат 15:30-да Трудовая және Әшімов көшелерінің қиылысында жол ережесін бұзу дерегі анықталды. Toyota көлігінің жүргізушісі жыпылықтайтын шамдары қосылып тұрған жедел жәрдем көлігіне жол бермеген. Жүргізуші әйел жауапкершілікке тартылды.

 

Заңға бағынбасаң, зарын тартасың!

Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, 5 сәуірден бері 1,5 мыңнан астам мопед жүргізушісі түрлі құқық бұзушылықтар үшін жауапқа тартылып, 500-ден астам көлік айыппұл тұрағына қойылған. Полиция мопедті тіркеусіз, жүргізуші куәлігінсіз және қорғаныс құралдарынсыз жүргізу заңмен жазаланатынын ескертеді. Басты мақсат – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтық санасын арттыру.

 

Екі көзің – шырағың

Алматы Орталық қалалық клиникалық ауруханасында алғаш рет донорлық нұрлы қабықты алмастыру отасы жасалды. IV дәрежелі кератоконус диагнозы қойылған науқас жоғары технологиялық араласудың арқасында көздің көруін қалпына келтіруге мүмкіндік алды. Ота сәтті өтті және науқас қалпына келіп жатыр.

 

Базарға барып, бағыңды сына!

Демалыс жәрмеңкелеріне қатысушылар көбейді. Алматыдағы демалыс күндері өтетін жәрмеңкелерге 300-ден астам ауыл шаруашылығы өндірушілері қатысып жатыр. Алматыда демалыс күні жәрмеңкелеріне қатысушылар саны 317-ге жетті. Жәрмеңкелерге апта сайын 45000-нан астам адам қатысады. Сатылымда  жаңа сойылған мал еті, жұмыртқа, көкөністер, жемістер, ашытылған сүт өнімдері, шұжықтар, бал және басқа да тауарлар бар. Жалпы тауар түрі 1000 атаудан асады.

 

Балалар қауіпсіздігі басты орында

Алматыда "Қауіпсіз жол" акциясы аясында 20 көшеге жол таңбалары сызылып, балалардың қауіпсіздігі күшейтілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – барлық жол қозғалысына қатысушылар, әсіресе балалар үшін қауіпсіз жағдай қалыптастыру. Алматы қалалық Полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы бастығы Асхат Құлбаевтың айтуынша, жыл басынан бері қалада 1 000-нан астам жаңа жол белгілері орнатылып, тозығы жеткен 352 белгі жаңасына ауыстырылған.

 

«Алматының жас жазушысы – 2025» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Қазақ тіліндегі шығармалар арасынан үздік деп танылған шығарма – Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының оқушысы Шырайлым Айбекқызының туындысы. Ол өз әңгімесін Сапарғали Бегалиннің «Алданған жолбарыс» атты шығармасының негізінде жазған. Ал орыс тіліндегі жұмыстардың ішінде ең жоғары бағаны №52 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Ренат Беккуловтың «Волшебное путешествие в мир Сапаргали Бегалина» атты шығармасы иеленді.

 

Алматы қаласының әкімі Алатау ауданының халқымен кездесті

Биыл Алатау ауданының бюджеті 30%-ға өскен. Ауданда тағы бір дәрігерлік амбулатория ашылады. Жаңа оқу жылында Теректі, Самғау, Қарасу және Ақбұлақ шағын аудандарында бес мектеп ашу жоспарланған. Сонымен қатар биыл 18 шағын ауданда 81 км жол жөндеу жоспарланған.

 

Судың да сұрауы бар

Жыл соңына дейін тұрғындардың 90%-ы су есептегішке көшеді. Алматыда су есептеу жүйесін жаңғырту жұмыстары қарқын алған. Қала әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, бүгінде қалада қолжетімді әрі сапалы есептегіштерді ұсынатын 20 компания жұмыс істейді. Қазір есептегіш орнату бағасы жағынан да, қолжетімділік тұрғысынан да қиындық туғызбайды.

 

Ұлттық кітап күні қаламызда қалай атап өтілді?

 

23 сәуір – Қазақстанда Ұлттық кітап күні. Бұл күн кітап оқу мен әдеби мәдениетті дамытудың маңыздылығы айқындайтын мереке болып табылады. Алматыда осы күнге орай кітапхана ісін қолдауға, жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және кітапты білім мен өзін-өзі дамытудың басты құралы ретінде насихаттауға бағытталған бірнеше ірі іс-шара өтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

13:46

13:35

13:33

13:05

12:49

12:48

12:45

12:43

12:39

12:37

12:35

12:31

12:26

12:21

12:20

11:34

11:09

11:05

10:58

10:50

09:40

09:33

04:54

17:06

16:02