Алматының аптасы

Алматының аптасы Элеонора Якия

Осы аптада қаламызда болған маңызды жаңалықтарға шолу.

 «...Мал қалғанша, тал қалсын»

Алматы тұрғындары көпқабатты үйлердің ауласын және қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыру үшін көшеттерді тегін ала алады. 2025 жылдың көктемгі кезеңінде 228 өтінім мақұлданып, шамамен 2 мың жапырақты ағаш көшеті тегін таратылады.

Көшеттер 2025 жылы 19-20 сәуірде әр ауданның комьюнити орталықтарында таратылады. Әр комьюнити орталықта 100 данаға дейін көшет беріледі. Акцияға қатысушылар кейіннен көшеттерді отырғызғаны жөнінде фотоесеп тапсыруы тиіс.

 

5 499 тас

40 жастағы науқастың өт қабынан осынша тас алынған. Бұл – отандық медицина тарихында тіркелген ең сирек жағдайлардың бірі. Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқас орталық қалалық клиникалық ауруханаға жедел көрсеткіштер бойынша жеткізілген. Оның негізгі шағымдары – оң жақ қабырға астындағы ауырсыну, әлсіздік, жүрек айнуы мен жалпы мазасыздық болған. Ультрадыбыстық зерттеу барысында өт қабында өте көп көлемде конкременттер (тастар) анықталып, дәрігерлер лапароскопиялық холецистэктомия (өт қабын алып тастау) жасауға шешім қабылдаған.

– Біз көп тас болатынын болжадық, бірақ 5 500-ге жуық болады деп ешкім ойлаған жоқ. 20 жылдық тәжірибемде мұндай жағдаймен алғаш рет кездестім, – деді хирургия жөніндегі бас дәрігердің орынбасары Фараби Стамқұлов.

 

Полиция қызметкеріне шабуыл жасағандар сотталды

Айыпталушылар полиция қызметкеріне пышақ жарақатын да салған. Тергеу қорытындысы бойынша екі қатысушы да ұсталып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігімен (бұзақылық) және 380-бабы 3-бөлігімен (билік өкіліне қатысты күш қолдану) қылмыстық жауаптылыққа тартылды. Сот күзетшіні 5 жылға, екінші қатысушыны 1 жыл 6 айға соттады. 

 

Ананың ақ сүті

 

Енді банкте сақталады. Алматыда жаңа туған нәрестелерге арналған емшек сүті банкі ашылды.

Емшек сүтін сауу мейіргердің бақылауымен міндетті таңбалануы бар стерилді жеке ыдыстарда (сауу күні мен уақыты) жүзеге асырылады. Жеке және клиникалық емшек сорғыларын пайдалануға рұқсат етіледі. Барлық іс-шаралар санитариялық-гигиеналық нормаларды сақтай отырып жүргізіледі. Банк стерилді ыдыстарға жиналған және емшек сүтімен қоректендіру мүмкін болмаған кезде баланы тамақтандыру үшін төмен температурада сақталатын сауылған сүт қоры болып табылады. Мұнда салқындатылған (4 ± 2 °C температурада сақталған) және мұздатылған (-18...-20 °C температурада) сауылған табиғи (шикі) сүтті сақтауға болады.

 

Жасыл желек жайқалсын десек

20 сәуірден бастап Алматыда жасыл желектерді биологиялық өңдеу маусымы басталады. Іс-шаралар ағаштардың жағдайын жақсарту, олардың зиянкестерге төзімділігін арттыру және қалада экологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында өткізіледі. Жұмыс түнде жүзеге асырылады: тікелей күн сәулесінің болмауы баяу булану арқылы зиянкестерге қарсы құралдардың ұзақ әсер етуіне ықпал етеді.

Өңдеу жұмыстары төрт кезеңде орындалады: 

           • I кезең: 20 сәуірден 30 мамырға дейін-бірінші өңдеу (төрт рет емен және екі рет терек өңдеуді қосқанда);

           II кезең: 1 маусымнан 30 маусымға дейін-екінші өңдеу;

           III кезең: 5 шілдеден 5 тамызға дейін-үшінші өңдеу;

         • IV кезең: 15 тамыздан 20 қыркүйекке дейін-төртінші өңдеу.

 

Марафон күні қоғамдық көлік қозғалысы өзгереді

20 сәуір күні Алматыда жартылай марафон қашықтығы өтетін жол учаскелерінде көлік қозғалысы ішінара шектеледі. Осыған байланысты Қалалық мобильділік басқармасы қоғамдық көлік бағыттарына уақытша өзгерістер енгізілетінін хабарлайды. Әр бағыт бойынша уақытша қозғалыс сызбасымен @AlmatyJoly Telegram-арнасында келесі сілтеме арқылы танысуға болады: https://t.me/AlmatyJoly/1593

 

Алматы марафонына 10 мың адам қатысады

Қалада өтетін сегізінші жартылай марафон аясында дәстүрлі қашықтық қамтылады: 21,1 км (жартылай марафон), 10 км, 10 км (скандинавиялық жүріс) және командалық эстафета. 20 сәуір күні сағат 07:00-ден 11:00-ге дейін марафон бағыты өтетін жол учаскелерінде көлік қозғалысы ішінара шектеледі. Жарыс таңғы 07:00-де Тұңғыш Президент саябағынан басталады.

 

Заңсыз сауда нысандарымен күрес күшейтіледі

 

Алматыда 1 мамырға дейін созылатын заңсыз орнатылған сауда нысандарын бөлшектеу бойынша ауқымды акция басталды. Науқан Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша «Таза Қазақстан» жалпы республикалық бағдарламасы және «Алматы – біздің ортақ үйіміз» қалалық бастамасы аясында жүзеге асырылуда.

 

Алматыда жаңа Достық үйі салынады

 

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр — бұл қоғамдық институт Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған. Дәл осы Алматыда Ассамблеяны құру туралы шешім қабылданып, қазақстандық ұлтаралық келісім үлгісінің негізгі қағидаттары қалыптастырылды. Бұдан кейінгі дамудың маңызды бағыты – этномәдени бірлестіктерге арналған заманауи инфрақұрылымды қалыптастыру болмақ. Осы ретте Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев шаһарда жаңа Достық үйін салу жоспары бар екенін мәлімдеді.

 

Жолақыны QR арқылы төлеуге болады

Алматы метрополитенінде қалалық қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру мақсатында 16 сәуірден бастап пилоттық режимде жолақы төлеудің жаңа тәсілі енгізіледі. Бұл баламалы төлем тәсілі жолаушыларға интернет желісіне қосылмай-ақ QR-код арқылы жолақы төлеуге мүмкіндік береді.

Жаңа тәсіл бойынша жолақыны төлеу үшін:

1. ONAY! қолданбасын телефонда ашыңыз.

2. Негізгі беттің  төменгі жағында QR түйменібасыңыз.

3. «QR кодты жасау» таңдаңыз-ол байланыс болмаған кезде де жасалады.

4. QR кодты турникеттегі камераға көрсетіңіз.

5. Жүйе балансты тексереді, турникет ашылады.

 

Аспанда аялдап қалған

Аттракционның тоқтауына қауіпсіздік датчигінің іске қосылуы себеп болған. Алматы қалалық Полиция департаменті саябақтардың бірінде демалушылар мінген әткеншектің кенеттен тоқтап қалуына байланысты тергеуді бастады. Карусельдегі барлық адам сегіз минут ішінде аман-есен төменге түсірілді. Оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ.

 

Чемпионды құттықтау

Алматы әкімдігі мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровты әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алуымен құттықтады. Кездесу барысында Бейбіт Шаханов Алматы әкімдігінің атынан Михаил Шайдоровқа 2,5 миллион теңге көлемінде қаржылай сертификат табыстап, оның отандық спортты дамытуға және қаланы халықаралық деңгейде танытуға қосқан зор үлесін ерекше айтты.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:19

20:53

19:10

17:33

17:12

16:57

16:53

16:36

16:20

16:10

15:44

15:41

15:30

15:16

15:02

14:16

14:11

13:01

12:56

12:35

12:29

12:10

11:44

11:32

11:30