Алматының аптасы

Алматының аптасы коллаж: Нұрбосын Өріс

Осы аптада қаламызда болған маңызды жаңалықтарға шолу.

Биыл қалада 87 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады

Бұл туралы хабарлаған қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, 87 226 жаңа жұмыс орнының 84%-ы немесе 73 293-і тұрақты болады. Жұмыспен қамту шаралары 32 мың адамды қамтиды. Олардың ішінде 10,6 мың адам тұрақты жұмысқа орналасады, 8,7 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарына жіберіледі.

 

Ботаникалық бақ жазғы уақытқа ауысты

Алматының Бас ботаникалық бағы 1 сәуірден бастап жазғы уақыт кестесіне көшті. Ресми мәліметке сәйкес, ботаникалық бақ күн сайын 09:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді, касса жұмысындағы техникалық үзіліс: 15:00–15:30, әр айдың бірінші дүйсенбісінде санитарлық күн өтеді. Бірақ, егер бұл күн техникалық себептермен немесе мереке күніне сәйкес келсе, санитарлық күн кейінге қалдырылуы мүмкін.

 

Ашық аспан астындағы мұражай

Ұлы Жеңістің мерейтойына орай Алматыда жауынгерлік техникалардың ашық аспан астындағы жаңа  мұражайы ашылады. Армия үйінің аумағында орналасатын мұражай 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағындағы мемориалдық кешеннің бір бөлігі. ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Иван Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова басқаратын Ұлттық әскери-патриоттық орталық пен Жауынгерлік даңқ мұражайының филиалы орналасқан Армия үйінде де қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ғимараттың концерттік және мәрмәр залдары, сондай-ақ Жауынгерлік даңқ мұражайы күрделі жөндеуден өтуде. Онда офицерлер клубы мен балаларға арналған әскери-патриоттық фильмдер түсіретін кинопавильон ашылады.

 

«...Мал қалғанша, тал қалсын»

Алматыда «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы және «Алматы – біздің ортақ үйіміз» қалалық науқаны аясында тұрғындар көпқабатты үйлердің аулалары мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыру үшін жапырақты ағаштардың көшеттерін тегін ала алады. Акцияның көктемгі кезеңіне қатысу үшін өтінімдерді қабылдау 2025 жылғы 1-11 сәуір аралығында жалғасады. 

 

Үлкенге – құрмет!

Алматыда «Жақыныңа жәрдемдес» акциясы аясында жас еріктілер қаланың түкпір-түкпірінде аулаларды аралап, ерекше қамқорлықты қажет ететін жандарға – қарттарға, ардагерлерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсетті. Акцияға Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлері де атсалысты. Соңғы аптада олар 142 жалғыз тұратын зейнеткер мен мүмкіндігі шектеулі адамға көмек көрсетті. Оның ішінде 74 жағдайда аулалар тазаланып, ұсақ жөндеу жұмыстары мен тұрмыстық шаруалар атқарылды.

 

Алматылық оқушылар республикалық олимпиаданың жеңімпазы атанды

Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытындысы жарияланды. Алматы қаласының намысын қорғаған оқушылар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдарымен, алтын, күміс және қола медальдармен, сондай-ақ бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, ерекше жетістіктері үшін екі оқушы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының Құрмет грамоталарын иеленді.

 

Шудың бойына...

Енді «Астана-Алматы» бағытындағы пойыздар тоқтамайды. «Жолаушылар тасымалы» АҚ Астана мен Алматы қалалары арасында қатынайтын № 4/3 және № 10/9 «Тальго» пойыздарының қозғалыс бағытына өзгерістер енгізілді. Сәуір айынан бастап бұл пойыздар Шу станциясына тоқтамай, тікелей маршрутпен қатынайтын болады.

Астана мен Шу арасындағы пойыздар:

№ 72/71 «Астана — Шымкент»

№ 86/85 «Астана — Шымкент»

Шу мен Алматы арасындағы пойыздар:

№ ½ «Ташкент — Алматы»

№ 11/12 «Шымкент — Алматы»

 № 25/26 «Шымкент — Алматы»

№ 27/28 «Орал — Алматы»

 

«Жас келсе – іске...»

Алматыда жастар саясаты басқармасының қолдауымен іске асырылып жатқан «Жастарға арналған жалпықалалық мансап күндері» ауқымды жобасы басталды. Бастаманың мақсаты - жас мамандарға жұмыс табуға, кәсіби дағдыларын дамытуға және әлеуетті жұмыс берушілермен байланыс орнатуға көмектесу. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында қалалық мансап орталығының жұмыс берушілермен және әріптестермен жұмыс бөлімінің басшысы Ақарыс Төребеков хабарлады.

 

Абаттанған аялдамалар

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесуінде айтуынша, Алматыда екі жыл ішінде барлық аялдама кешендері жаңарады. Бүгінгі таңда қалада павильондары бар 1900 аялдама бар, оның 795-і инвесторлардың қаражаты есебінен орнатылып, жарнамалық конструкциялармен жабдықталған. Қалғандары бюджет есебінен орнатылып, модульдік металл жақтау түрінде орындалды.

 

Мопедтерді тіркеу науқаны аяқталып келеді

«Мопедтерді тіркеу формальдылық емес, тәртіп пен қауіпсіздікке бағытталған маңызды шара. Заң қозғалыстың барлық қатысушылары үшін бірдей, ал оны сақтау әркімнің қауіпсіздігінің кепілі», - деді Алматы қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының процессингтік орталығының бастығы, полиция подполковнигі Айдын Меркімбаев.

 

Н. Сац атындағы театр жөндеуден өтеді

Алматы әкімі Ерболат Досаев театрды реконструкциялау қала үшін маңызды жоба екенін атап өтті. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін театр визит карточкалардың бірі ретінде қала тұрғындарын тартатын мәдени орынға айналады.

Театр ғимараты 1980 жылдары салынған және ешқашан күрделі жөндеу жүргізілмеген. Реконструкциялау 2026 жылдың маусымында аяқталады деп жоспарланған.

 

Балалы болғысы келген алматылықтарға 673 млн теңге бөлінді

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалының мәліметінше, бұл қаражаттың арқасында МӘМС шеңберінде прегравидалдық дайындық кезінде консультациялық-диагностикалық көмек қолжетімді болады. Енді ерлі-зайыптылар тіркелген жері бойынша өз емханаларына жүгініп, жүктілікке дайындық кезінде дәрігерлердің толық кеңесін және қажетті диагностикалық қызметтерді жан-жақты алады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:48

17:38

17:14

17:02

16:47

16:45

16:30

15:44

15:19

15:04

14:46

14:31

14:17

13:54

13:23

13:15

13:04

12:37

12:34

12:34

12:16

12:00

11:41

11:40

11:37