Алматының аптасы

Алматының аптасы коллаж: Нұрбосын Өріс

Осы аптада қаламызда болған маңызды жаңалықтарға шолу.

 

Заңсыз саудаға жол жоқ!

Алматының Медеу ауданында 13 заңсыз дүңгіршек сүрілді. Бұл шара Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен әкімдік бастамасымен жүргізілген заңсыз дүңгіршектерді жою науқаны аясында жүзеге асырылды. Бұзу жұмыстары 2025 жылы 15 наурызға дейін толық аяқталады.

 

Ғылым саласындағы нәзік жандылар марапатталды

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы алғаш рет отандық әйел-ғалымдарға арналған академик Н.Базанова атындағы  марапатты салтанатты түрде  табыстау рәсімін өткізді. Іс-шараға 400-ге жуық отандық ғылымды дамытуға айрықша үлес қосқан жетекші әйел-ғалымдар, ғылыми қызметкерлер, оқытушылар мен жоғары оқу орындарының, ғылыми ұйымдардың басшылары қатысты.

 

Берсең бер баспанаңды...

14-26 наурыз аралығында 35 жасқа дейінгі қала жастары үшін «Алматы жастары» бағдарламасы аясында жеңілдетілген тұрғын үй несиелерін алу бойынша өтінішті қабылдау басталады.

Бағдарламаға қатысуға өтінішті www.almaty-zhastary2025.kz ресми сайты арқылы беруге болады, авторизация электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы жүзеге асырылады.

 

Қыстың сәні – сырғанақ

Алматыда қысқы маусымда тегін мұз айдындарына 300 мыңнан астам адам келген. Желтоқсан мен наурыз аралығында қала тұрғындары мен қонақтары үшін 12 тегін мұз айдыны болды. Бұқаралық спортты дамытуға және қала тұрғындарының бос уақытын ұйымдастыруға бағытталған бұл жоба 2017 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Осы уақыт ішінде ашық мұз айдындарына 2 миллионнан астам адам келді.

 

Алматыда 8 наурыз қалай тойланады?

Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында қала тұрғындары мен қонақтары концерттер, көрмелер, театр қойылымдары және шығармашылық кездесулерді тамашалай алады. 

6 наурыз күні сағат 11:00-де Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде «Алаш арыстары жұбайлары» атты танымдық дәріс өтеді. Іс-шараға Алаш арыстары ұрпақтары Айман Байсалова, Меруерт Бәкібайқызы, Жанара Сүлейманова, Жазира Арғын және зерттеуші ғалым қыздар Светлана Смағұлова, Бекзада Қожекеева, Гүлжаһан Орда, музей қызметкерлері, ЖОО студенттері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысады. Жиында алаш қайраткерлері жұбайларының рөлі мен олардың өмірлік серіктеріне ықпалы талқыланады. Конференцияда сирек тарихи мәліметтер мен жаңа зерттеулер ұсынылады.

6 наурызда сағат 15:00-де, Алматы музейінде «Дәстүр. Өнер. Әдемілік» атты көрме ашылады. Мұнда музей қорындағы дәстүрлі бас киімдер коллекциясы мен суретші Гүлнәр Табанованың жұмыстары қойылады.

7 наурызда сағат 18:30-да «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Анаға тағзым» атты мерекелік концерт өтеді. Сахнада белгілі өнерпаздар Әсет Есжан, Шаттық Уатқан, Нұрболат Ұзақбай, Диас Мұратхан, Тілек Базаров және Нариман Әбдірахман өнер көрсетеді.

8 наурызда бірқатар мерекелік іс-шара өтеді. Сағат 17:00-де Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде «Иірім» тобының «Әлемнің сыйы – әйелге» атты концерті өтеді. Қуыршақ театры «Мама для Мамонтенка» спектаклін қазақ тілінде сағат 14:00-де, орыс тілінде сағат 12:00-де сахналайды. Анасыз қалған мамонттың анасын табуға деген талпынысы туралы әсерлі оқиға балалар мен ересектердің жүрегін жылулыққа, жанашырлыққа бөлеп, армандарына ұмтылуға шақырады.

Осы күні, сағат 19:00-де «Артишок» театрында «Самрұқ» би труппасы «Ауыл» қойылымын сахналайды. Іс-шара заманауи хореография фестивалі аясында өтеді.

Сонымен қатар, 7 және 8 наурызда Алматы халықаралық әуежайында Алматы қаласының тарихы музейі қорындағы дәстүрлі зергерлік бұйымдардың көшпелі көрмесі ұйымдастырылады.

 

Алматыда ауызашардың бағасы қанша?

Айлардың сұлтаны Рамазанға да жеттік. Ал бұл айда ораза ұстау – дені сау балиғат жасына толған әрбір мұсылманға парыз.

Ауыз бекіткен мұсылман сәресін үйінен ішіп шыққанмен, қаланың қарбалас шаруасымен, қаптаған көлік кептелісімен ауызашарда үйіне жете алмауы да мүмкін. Немесе ораза тұтқан жақындарына ауызашар беруге ниеттеніп, бірақ үйінде қонақ күтуге уақыты, мұршасы бола бермейтіндер де бар. Осындай кезде қоғамдық тамақтандыру орындарына жүгінуге тура келеді.

Алматыда кафе мен ресторан көп. Аqshamnews.kz сайтының тілшісі солардың біршамасына хабарласып, рамазан айындағы ауызашар бағасын білген еді. Қаламызда тамақтанатын орын көп болғанымен, олардың кейбірі оразаға арнап мәзір құрмапты. Керісінше кейбір кішігірім кофеханалардың өзі ауызашар жасап жатқаны бар. Ауызашарға арнайы мәзір жасап, қызметін ұсынғандардың бірқатарының бағасы төмендегідей:

Сейфуллин көшесі 533 мекенжайында орналасқан DISCOVERY COFFEE кофеханаcында ауызашар сеттері 6490 теңгеден (бауырсақ пен құрма тегін) басталады.

Брусиловский көшесі 164-те орналасқан Arsha мейрамханасында ауызашарға арнайы мәзір жасалған, орташа чек 4900 теңге (су мен құрма тегін).

Первомайская промзона 11 Б-да орналасқан ZERNO гастро-пабында ауызашар 5500 теңгеден басталады.

NN GRAND HALL (Кенесары хан 44) мейрамханасында ауызашар бағасы 8000 теңгеден.

RABBAT шайханасында (Розыбакиев 133, Абылайхан 24) ауызашар сеті 4500 теңгеден басталады.

Байтұрсынов 98 мекенжайындағы TRENDY мейрамханасында ауызашар сеті 5490 теңге.

Алмагүл ықшамауданындағы «ХОДЖА-НАСРЕДДИН» мейрамханасында ауызашар бағасы 7000 теңге.

Төле би 279/1 мекенжайында орналасқан MUZ рестобарында ауызашар бағасы 5000 теңге.

ASTORIA мейрамханасында (ағайынды Абдуллиндер көшесі 55) ауызашар бағасы 9000 теңгеден басталады.

Нұрмақов көшесі 25-те орналасқан «Шыңғыс хан»  мейрамхана кешенінде 13500 теңге.

Жетісу ықшамауданында орналасқан Korkem hall-да ауыазашар бағасы 10000 теңгеден басталады.

 

«Үздік коммуналдық қызметкер» байқауы жарияланды

Қала әкімдігі «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында «Үздік коммуналдық қызметкер» байқауын жариялады.

Өтінім қабылдау: 5-17 наурыз

Марапаттау: 20 наурыздан кейін

Кімдер қатыса алады? Көпқабатты үйлер мен аулаларды көркейтумен айналысатын ұйымдардың қызметкерлері.

Жүлделер:

1-орын – 150 000 тг

2-орын – 100 000 тг

3-орын – 50 000 тг (тұрмыстық техника)

Қалай өтінім беруге болады? Коммуналдық шаруашылық бөліміне (төмендегі e-mail тізімі) сипаттама, қызмет көрсететін аумақтардың тізімі және деректерді өңдеуге келісім жіберіңіз.

 

Алматылық рекорд

Қаладағы хайуанаттар бағы келушілер саны бойынша жаңа рекорд орнатты. Соңғы 37 жылда алғаш рет бір жыл ішнде  келушілер саны 1 097 236 адамға жетті. Хайуанаттар бағында 361 түрге жататын 3 838 жануар бар. Олардың күтімімен 223 қызметкер айналысады.  

2024 жылы жалпы зообаққа келген халықтың 250 мыңы тегін кірді. Билет бағасы да қолжетімді: ересектер үшін – 800 теңге, ал балалар үшін – 300 теңге.

 

«Таза Қазақстанның» алғашқы аптасы басталды

«Таза көшелер» жобасы аясында 24 м³ аумақты қамтитын 2 318 көше тазаланады. Қазіргі уақытта күн сайын көшелерден 150 тоннадан астам қоқыс шығарылады. 56 жерасты және 78 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі, 1 765 аялдама, 480 бағдаршам тазаланады. 

 

Әрбір алтыншы көлік экологиялық бақылаудан өтпейді

Былтыр 204 996 өлшеу жүргізіліп, 34 708 заңбұзушылық анықталған. Алматыда 2024 жылы экобекеттерде 205 мыңға жуық автокөлік тексерілген.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:22

16:15

15:54

15:11

14:41

14:22

13:53

13:09

12:44

12:02

11:06

10:40

10:05

17:15

15:05

15:05

14:41

14:14

13:43

13:13

12:52

12:12

11:34

11:06

10:45