Осы аптада қаламызда болған маңызды жаңалықтарға шолу.
Медеудің маңызды қадамы
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде Таулы қырат шағын ауданында, әл-Фараби даңғылынан жоғары орналасатын жаңа Конгресс-орталықтың құрылысы туралы айтылды. Былтыр ауданда 65 шақырым кабельдік желі ауыстырылды, 10 мың жаңа шам және 185 бағана орнатылды.
Қаланың таулы аймақтарында көшкін қаупі артып келеді, осы мәселені жүйелі түрде шешу үшін тау бөктерінің еңісі 15 градустан асатын учаскелерде құрылыс жүргізуге тыйым салынды.
Мектепке дейінгі мекемелер желісін кеңейту бойынша да белсенді жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылы Алматыда 720 орындық 14 жеке балабақша ашылды, ал 2025 жылдың соңына дейін тағы 500 орынға арналған 10 балабақша ашу жоспарланып отыр. 2025 жылдың ақпанында «Думан-2» шағын ауданында 320 орындық жеке балабақшаның құрылысы басталып, 2026 жылдың ақпанында ашылады. 2025 жылдың сәуірінде №195 балабақшаның күрделі жөндеуі мен сейсмикалық күшейту жұмыстары аяқталады. Ауданда жаңа перзентхана мен жедел жәрдемнің қосалқы станциясы салынады.
Алматыға Ғани Бейсембаев келді
Шаһарға жұмыс сапарымен келген Оқу-ағарту министрі Алматыда министрлікке қатысты ұйымдардың басшыларымен жиналыс өткізді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматыда «ABAI ULTTYQ MEKTEBI» алғашқы ұлттық мектебінің құрылысы басталды.
Ғани Бейсембаев Алматы қаласындағы РФММ-нің жұмысымен танысты.
Алматы Рамазан айына дайын
Алматы қаласының бас имамы Төлеби қажының айтуынша, қаладағы барлық мешіттерде тарауих намаздары оқылып, Құран хатым түсіріледі. Жамағаттың ыңғайлылығы үшін Алматы Орталық мешітінде «Рамазан шатырын» орнату жоспарланып отыр. Онда күн сайын 450 адамға тегін ауызашар беріледі.
Жәрмеңкеде бәрі бар
Қалада әр сенбі және жексенбі күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін демалыс күндерінің жәрмеңкелері өтеді. Дайын өнімдердің бағасы Алматы қаласының орташа нарықтық бағасынан 10-15% төмен.
«...Ештеңе де ұмытылмайды»
Алматыда 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақтағы Даңқ мемориалы аумағында қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Бұл жұмыстар Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге орай ұйымдастырылған.
Сақтансаң сақтайды
Алматы өрт қаупіне дайындықты күшейтіп, техниканы жаңартуда. 2025 жылға қарай авиациялық бөлімшенің штаты толық жасақталған, қызметкерлер медициналық тексерістен және теориялық даярлықтан өтті.
Күйден дауыл тұрғызған
Қазақстанның Халық артисі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай, «Нұрғиса жылының» салтанатты ашылуы өтті. Айтулы іс-шараға орай, Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты Нұрғиса Тілендиев мемориалды музейінің жылжымалы көрмесі ұйымдастырылып, 70-ке жуық экспонат қойылды.
10 жылдан кейінгі рекорд
Бұл рекордты орнатқан – 20 жастағы алматылық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров. Ол жақында ғана Харбиндегі Азия ойындарында үшінші нәтиже көрсеткен еді. Енді міне, Сеулде «Төрт құрлық» турнирінде алдымен қысқа бағдарламаны, содан кейін ерікті бағдарламаны жеңіп алды. Сондай-ақ, ол өз өнерімен жарыстың шымылдығын жапты.
Осыдан тура 10 жыл бұрын дәл осы аренада тағы бір алматылық Денис Тен жеңімпаз атанған еді.
Ақ алғыс ақтарылатын күн
Алғыс айту мерекесіне орай, Алматыда көптеген мәдени-әлеуметтік іс-шаралар жоспарланған:
- 25 ақпан – Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдарының концерті.
- 28 ақпан – «Золотые годы» қарттар үйінде қарт адамдарға арналған қайырымдылық түскі ас.
- 1 наурыз – Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің қолөнер көрмесі (Республикалық Достық үйі), Неміс үйінде «Әртүрлі шығу тегі – тең мүмкіндіктер» отбасылық қонақ бөлмесі, сондай-ақ мұқтаж жандарға көмек көрсетуге арналған қайырымдылық акциялары.
- 2 наурыз – Медеу ауданының Комьюнити орталығында флешмоб.
«Айылдың арғы жағынан...»
Алматы жастар саясаты саласында халықаралық байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөлуде. Осы мақсатта оңтүстік астанаға Қырғыз Республикасының жастар делегациясы арнайы сапармен келді. Делегация құрамында Қырғыз парламентінің, Мәдениет министрлігінің және жастар саясатына жауапты құрылымдардың өкілдері бар.
Жетім көрсең, жебей жүр
105 алматылық отбасы 158 жетім балаға жылулық пен қамқорлық сыйлады.
Алматыда ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдауға бағытталған бастамалар қарқынды дамып келеді. Осы жоба іске қосылғаннан бері 2285 адам мамандардан кеңес алып, ал 818 азамат Қабылдаушы ата-аналар мектебінде дайындықтан өтті. Осы бағдарламаның нәтижесінде 105 алматылық отбасы 158 жетім баланы өз қанатының астына алды.
Азаматтық қорғаныс көрмесі
1 наурызда Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) азаматтық қорғаныс саласындағы маңызды іс-шара өткізеді. "Астана" алаңында ұйымдастырылатын көрме барысында өрт сөндіру, құтқару және медициналық құрал-жабдықтар көпшілік назарына ұсынылады.