Жасына байланысты кейуана үшін үйде дауыс беру ұйымдастырылды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бостандық ауданының 102 жастағы тұрғыны Анна Архиповна Луговская Алматы мәслихаты депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысты. Жасына байланысты кейуана үшін үйде дауыс беру ұйымдастырылды.
Учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері қарияның тұрғылықты мекенжайына барып, дауыс беруіне мүмкіндік жасады. Осылайша, кейуана жасына қарамастан сайлауға қатысып, таңдау жасады.
Еске салайық, Алматыда сайлау күні денсаулығына немесе заңда көзделген өзге де себептерге байланысты сайлау учаскесіне өздігінен келе алмайтын азаматтар үшін үйде дауыс беру ұйымдастырылған. Ол үшін учаскелік комиссия мүшелері алдын ала өтініш берген сайлаушылардың үйлеріне тасымалданатын дауыс беру жәшіктерімен барады.
Үйде дауыс беруді ұйымдастыруға өтініш учаскелік комиссиялар тарапынан сағат 12:00-ге дейін қабылданды. Алматыда дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Қала бойынша барлығы 670 сайлау учаскесі жұмыс істейді.