Тағы 191 тұрғын үйді газға қосуға техникалық мүмкіндік жасалмақ, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыны газдандыру деңгейі 99,6%-ға жетті. Дегенмен қалада жаңа желі салмайынша, табиғи газға қосыла алмайтын үйлер әлі де бар. Алдағы жылдары газ инфрақұрылымын кеңейту жоспарланып отыр: тағы 191 тұрғын үйді газға қосуға техникалық мүмкіндік жасалмақ. Ол үшін шамамен 10,7 шақырым газ желісін салу қажет. Қаланың газбен қамтылуын дамыту, қосылу құны мен әлеуметтік тұрғыда осал тұрғындарға көрсетілетін көмек туралы Алматының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «QazaqGazAimaq» АҚ Алматылық өндірістік бөлімшесі мен Алматының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының мамандары айтып берді.
Олардың мәліметінше, Алматының басым бөлігі газбен жабдықтау жүйесімен қамтылған. Қаланың түрлі ауданындағы жеке үйлерге, әлеуметтік және коммерциялық нысанға газ қосуға техникалық мүмкіндік бар. Алайда үйдің жанында газ құбырының болуы автоматты түрде үйдің ішіне газ тартылады дегенді білдірмейді. Меншік иесі ол үшін техникалық шартты алып, жобаны әзірлетіп, құрылыс-монтаж жұмысын жүргізуі керек.
Сонымен қатар қалада газға қосылу үшін алдымен газ тарату желісін салуға тура келетін жекелеген үйлер мен тұрғын алаптар бар. Бұл мәселені 2027–2031 жылға арналған Инвестициялық бағдарламаның аясында шешпек.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ Алматылық өндірістік бөлімшесі Өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Айбек Қасымовтың айтуынша, бағдарламаға қазіргі таңда қажетті инфрақұрылымы жеткіліксіз мекенжайлар енгізілген.
«2027–2031 жылға арналған Инвестициялық бағдарлама аясында шамамен 191 тұрғын үйді газға қосуға техникалық мүмкіндік жасалады. Ол үшін шамамен 10,7 шақырым газ тарататын желі салу қажет. Мекенжайлар тізімі тұрғындардың өтініші мен жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша жасалды. Бұл жұмысты қаржыландыру да инвестициялық бағдарлама аясында қарастырылып қойылған», – дейді Айбек Қасымов.
Жеке үйге газ кіргізудің қанша тұратыны да тұрғындардың көкейіндегі бір сұрақ. Алматыда газға қосылудың бірыңғай тарифі жоқ. Сондықтан аумағы бірдей екі үйдің өзінде қорытынды сома өзгеше болуы мүмкін. Құны газ құбырына дейінгі аралыққа, жұмыстың қиындығына, желіні жол немесе басқа да инженерлік коммуникация арқылы жүргізу қажеттілігіне, жұмсалатын жабдыққа, жерді қазу мен кейін қалпына келтіруге байланысты.
Сонымен қатар тұрғындар бірнеше қызметті тегін алады. «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның Алматы филиалы техникалық шарттарды бергені үшін ақы алмайды. Қолданыстағы газ тарату желісіне бастапқы қосу мен газды алғашқы рет іске қосу да тегін жүргізіледі.
Меншік иесінің негізгі шығыны жобалау, жабдық сатып алу мен құрылыс-монтаж жұмысына байланысты. Бұл жұмысты мамандандырылған компаниялар істейді. Қолда бар мәліметке сәйкес, Алматыда қазір осындай 80-нен астам ұйым жұмыс істейді екен, олар бағаны да өздері қояды.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ Алматылық өндірістік бөлемшесінің сату мен газбен жабдықтау режимі қызметінің бастығы Нариман Хасенов қосылу процесінің бір бөлігін қашықтан жүргізуге болатынын айтты.
«Техникалық шартты eGov немесе eGov mobile қосымшасы арқылы онлайн алуға болады, бұл қызмет тегін. Одан кейін меншік иесі жобаны әзірлейтін, қажетті жұмысты жүргізетін маманданған ұйымды таңдайды. Бүкіл процесті толық «бір терезе» қағидаты бойынша өту мүмкін емес, бірақ қазір рәсімнің бір бөлігін электрондық форматқа көшірдік», – дейді Нариман Хасенов.
Жанында газ құбыры бар, бірақ түрлі себеппен тұрғындары оған әлі қосылмаған үйлер де бар. «QazaqGaz Aimaq» компаниясы мұндай нысандардың нақты санын атамайды: бөлімше жұмысты өз тұтынушыларының есебін жүргізеді, алайда Алматыдағы газдандырылмаған үйлердің барлығын қамтитын бірыңғай база қалыптастырмайды.
Сондықтан нақты қанша үйдің газсыз отырғанын, олардың қай жерде орналасқанын және тұрғындардың неліктен қосылмай отырғанын анықтау үшін қалалық бірыңғай түгендеу жүргізу қажет. Мамандар ықтимал себептің қатарында ең алдымен жобаға, жабдық пен монтаж жұмысына кететін шығынды атап отыр. Бірақ қазір тұрғындардың қаншасы дәл осы бағаға байланысты газға қосылудан бас тартатынын көрсететін жеке зерттеу жоқ.
Спикерлер Алматыда әлеуметтік осал тұрғындарға арналған арнаулы көмек бағдарламасы жұмыс істейтінін атап өтті. Бағдарлама қала әкімдігі, «Халық» әлеуметтік бағдарламаларды қолдау қоры мен Halyk Bank бірлесіп жүзеге асырады. Қосылу «кілтке дейін» қағидаты бойынша жүргізіледі: бағдарлама жабдықтар мен құрылыс-монтаж жұмысына кететін шығынды өтейді.
Алматының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының жылу және газбен жабдықтау бөлімінің басшысы Нұрлан Әбдуали мұндай қолдаудың өз қаражатына үйін газдандыруға мүмкіндігі шектеулі отбасылардың мәселесін шешуге мүмкіндік беретінін айтады.
«Алматыда әлеуметтік осал топтарға табиғи газға «кілтін бергенге дейін» қағидаты бойынша қосылуға арналған бағдарлама жұмыс істейді. Ол бағдарламаға қатысушылардың жабдық пен құрылыс-монтаж жұмысына кететін шығындарын толық өтеуді көздейді. Іріктеу критерийлері, тізімдерді қалыптастыру мен 2026 жылы қосылатын үйлердің саны осы бағдарламаны іске асыру аясында айқындалады», – деді Нұрлан Әбдуали.
Мамандар газ құбырына өз бетінше қосылуға қатаң тыйым салынатынын да еске салады. Техникалық шарттар алынғаннан кейін жобалау мен монтаж жұмысын қажетті рұқсаты мен лицензиясы бар ұйымдар жүргізуі тиіс. Әр үйді газға қосу мерзімі де жеке белгіленеді. Техникалық шарттар берілгеннен кейін жоба әзірленіп, монтаж жұмысы мен қабылдау рәсімі жүргізіледі. Осыдан кейін ғана газды алғаш рет іске қосуға болады.
Осылайша, қазіргі 99,6% қамту деңгейінде Алматы үшін негізгі міндет енді аудандарды жаппай газдандыру емес, қалған үйлерді газға қосып, әзірге техникалық мүмкіндік жоқ жерлерге желі салу болып отыр.
Инфрақұрылымды кеңейтудің келесі кезеңі 2027–2031 жылға жоспарланған, бұл қаладағы газбен қамтуды толық деңгейге жеткізуге сеп болуы тиіс.