Алматылықтарға тегін заң көмегі көрсетілуде , – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытындағы жұмыстар қарқын алып келеді. Мегаполисте тұрғындарға тұрғын үй даулары, еңбек заңнамасы және өзге де құқықтық мәселелер бойынша тегін заңгерлік кеңестер берілуде.
Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен Бостандық ауданындағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде «Заң мен тәртіп» идеологиясын насихаттау аясында «Заң мен әділдік – елдің іргетасы» атты құқықтық акция өтті. Жобаның басты мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, кәсіби заң көмегін тұрғындарға қолжетімді ету.
Акция барысында алматылықтар адвокаттардан, нотариустардан, заңгерлерден, құқық қорғау органдарының өкілдерінен, сондай-ақ мемлекеттік және жергілікті атқарушы орган мамандарынан тегін кеңес алды. Тұрғындарды тұрғын үй және жер даулары, еңбек заңнамасы, алимент өндіру секілді түрлі құқықтық мәселелер қызықтырды.
Жоба кураторы Айгерім Қадырқұлованың айтуынша, мұндай шаралар адам көп жиналатын орындарда арнайы ұйымдастырылады.
— Біз акцияларды сауда-ойын-сауық орталықтарында өткізуді жөн көреміз. Себебі мұнда адам ағыны көп. Кейде бір сағаттың ішінде 7–10 адам жүгінсе, кей жағдайда 100–120 адамға дейін келеді,-деді Айгерім.
Жобаның ерекшелігі — кез келген азамат алдын ала жазылусыз әрі тегін түрде кәсіби заңгерлік кеңес ала алады. Алматы тұрғындары ұйымдастырушыларға алғыс айтып, мұндай бастамалардың маңызын ерекше атап өтті. Олардың сөзінше, мұндай акциялар халықтың құқықтық мәселелерді жақсырақ түсінуіне, мемлекеттік институттарға деген сенімнің артуына және қоғамда құқықтық мәдениеттің қалыптасуына ықпал етеді.
Акция қатысушыларының бірі Айжан Ахметалиева өзінің күрделі мәселеге тап болғанын айтты. Оның сөзінше, несие қарызына байланысты пәтері өз рұқсатынсыз сатылып кеткен. Әйел үш жылдан бері сот арқылы әділдік іздеп жүргенін жеткізді.
— Мамандар мені мұқият тыңдап, алдағы уақытта қандай қадам жасау керектігін жан-жақты түсіндірді. Осындай қиын жағдайда жүрген адамдар үшін мұндай көмектің маңызы зор, — деді Айжан Ахметалиева.
Айта кетейік, «Заң мен әділдік» акциясы Алматыда биыл алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Осы уақыт ішінде жоба мыңдаған қазақстандыққа ақылы қызметке жүгінбей-ақ білікті заң көмегін алуға мүмкіндік берген.