Азық-түлік алу үшін жиі кіретін супермаркеттерде кейінгі кездері ҚМДБ-ның "халал" деген жасыл мөрі бар тауарлар көбейген. Жұмыртқа мен шұжықты айтпағанда, осы күні күнбағыс майы мен қол жуатын иіс сабындардың өзі "халал" деген мөрмен шығып жүр.
Халал тамақ дегеніміз - адал ас. Егер қазақ халқының өткен өмір салтына көз жүгіртсек, ата-бабамыз адалдықты ерекше бағалағанын білеміз. Адал жар, адал дос, адал ас, адал еңбек деген ұғымдардың бәрі халқымыз үшін қасиетті ұғымдарға жатады. Демек, адалынан ас жеу - бізге таңсық дүние емес. Тек, бүгінгі заман талабымен тамақтың адал стандартқа сай екендігін тез анықтау үшін арнайы мөрге жүгінеміз.
ҚМДБ-қарасты Халал стандарттау және сертификаттау мекемесі мамандарының айтуынша, Алматы қаласы бойынша 2021 жылы 20-дан аса кәсіпорын Халал сертификат алған. Олардың көбі - тамақтану орындары, фаст фуд желілері, емдеу-профилактикалық өнімдер және тағамдық қоспалар.
- Сертификат алуға онлайн өтініш беруге болады. Сараптау комиссиясы сол мекемеге аудит жібереді. Арнайы технологтар барып мекеменің шығаратын заттарын көреді. Мәселен, шұжық шығарса, оларды арнайы зертханаға жібереді. Оның қорытындысы бір аптада белгілі болады. Сараптама қорытындысын сараптау комиссиясы береді. ҚМДБ арнайы пәтуа бөлімінің шариғат мамандары бар. Олар сол өнім шариғатта рұқсат етілген бе, етілмеген ба, сатуға бола ма, болмай ма, адам денсаулығына зиян ба деген сұрақтар бойынша сараптама береді. Кейін сол мекемеге технологтар барып оқу-семинар шараларын жүргізеді, – деді Алматы қаласы бойынша ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС жауапты өкілі Чадаев Маратхан.
Сертификат биыл ақпан айында берілсе, ол келесі жылы ақпанға дейін қолдануға жарайды. Бірақ келер жылы бір ай бұрын, яғни қаңтар айында «біздің сертифкаттың жарамдылық мерзімі бітіп жатыр» деп өтініш қалдыру қажет.
- Көп адамдар тамақта доңыздың еті болмаса, бәрі халал деп ойлайды да, құс етін жей береді. Ал құс етіне біз оның жеген жем-шөбінен бастап қараймыз. Себебі, көптеген құс фабрикалар сол құстардың өлекселерін ұнға айналдырып, соны құстардың өзіне береді. Ол біздің шариғат бойынша рұқсат етілмейді. Сол үшін де жұмыртқаның халал деген мөрі болса, оны қорықпай тұтына беруге болады. Қазір тағам қоспаларының түрі көп. Мысал ретінде доңызды алсақ, қазір ғылыми негізде оның әрбір ағзасын бөлшектеп, біздің тұтынатын тағам, өндірістік заттарға қосатыны дәлелденуде. Дәрі-дәрмекке де қосады. Глицериннің өзін байқап қолданбаса, көбінің құрамы адал стандартқа сай емес, – деді М.Чадаев.
Егер тәтті, кәмпиттердің құрамын қарасаңыздар, құрамында Е деген қоспалар тізбегі тұрады. Олардың арасында күмәнді Е қоспалары, адам денсаулығына қауіпті Е қоспалар бар, рұқсат етілмеген Е қоспалары бар. Ультимат натрий Е621, мұны тағамға қосса, адам сол жеген тамағын қайта барып жегісі келіп тұрады. Желатин, яғни Е441 болса, бұл доңыздың еті қосылған деген сөз. Е қоспалары жайлы мәліметті ҚМБД Халал даму сайтынан табуға болады.
ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ:
Алла елшісі (с.а.с) «Халал ризық іздеу мұсылмандарға парыз. Бір кісі қырық күн халалдан жесе, Жаратушы ол кісінің жүрегін нұрландырады. Жүрегіндегі хикметті тілінен ағызады» деп адал астың рухани тұрғыдан тазаруға қаншалықты пайдалы екенін айтады.
«Бақара» сүресінде Жаратушы Алла тағала бізге: «Ей, адамдар, жер бетіндегі нәрселердің халалын әрі тазасынан жеңдер» деп бұйырады. Адал ас жеу жайлы «Мәида» сүресінде де айтылады.