Алматыда «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындайтын байқауға өтініш қабылдау басталды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Жастардың бастамасын мемлекеттік қолдаудың мүмкіндігі мен байқауға қатысудың шарттары туралы Жастар саясаты басқармасы мен «Алматы студенттер Альянсы» корпоративтік қорының өкілдері Өңірлік коммуникациялар қызметінде толығырақ баяндап берді.
Алматының жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мирас Нысаналиевтің айтуынша, қалалық жастар саясаты басқармасының қолдауымен өткізілетін байқауды «Алматы студенттер Альянсы» корпоративтік қоры ұйымдатырыпты. Жоба талантты, бастамашыл әрі қоғамда көзге түсіп жүрген белсенді жастарды қолдауға бағытталып отыр. Ол жастарға ғылым, шығармашылық, технология, кәсіпкерлік пен қоғамдық қызмет саласындағы өз идеясын іске асыруға мүмкіндік береді.
«Егер сізде қоғамға пайда әкелетін тың идея, ғылыми жоба, стартап немесе әлеуметтік бастама болса, оны іске асырудан тартынбаңыз. «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты – идеяңызды жобаға айналдырып, өз әлеуетіңізді ашуға берілген үлкен мүмкіндік», – деп түсіндіріп өтті Мирас Нысаналиев.
Байқауға 14 пен 35 жас аралығындағы алматылықтар қатысады. Биыл грант «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес», «Медиа» мен «Еріктілік» дейтін алты бағыт бойынша берілмек. Әр бағыт қоғамға пайдалы, қаланың дамуына үлес қосатын жобаны қолдамақшы.
Әр гранттың мөлшері – 1 миллион теңге. Байқаудың соңында 13 жеңімпаз анықталып, олар өз жобасын іске асыру үшін мемлекеттік қолдауға ие болады. Өтініш биылғы 7 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында қабылданады.
Алматының студенттер альянсының төрағасы, республикалық студенттік омбудсмен Айболат Сембиев байқауға қатысудың тәртібін жан-жақты баяндады. Оның айтуынша, өтініш мемлекеттік тіл мен орыс тілінде қабылданады. Құжаттар топтамасына жоба сипаттамасы, ұзақтығы 60 секундтан аспайтын бейнепрезентация, шығын сметасы, сондай-ақ бар болған жағдайда зияткерлік меншік нысаны туралы мәлімет енуі тиіс.
«Жобаларды бағалау барысында комиссия олардың өзектілігін, жаңашылдығын, қоғамдық маңызын, жүзеге асыру мүмкіндігін, әкелетін пайдасы мен шығын сметасының негізділігін ескереді. Барлық бастамашыл жас алматылықтарды өз идеясын жүзеге асыру үшін мемлекеттік қолдау алуға мүмкіндік беретін осы байқауға қатысуға шақырамыз», – деді спикер.
Оның айтуынша, байқау екі кезеңнен тұрады. Алдымен ұйымдастырушылар өтініштің белгіленген талапқа сәйкестігін тексереді. Одан кейін тәуелсіз байқау комиссиясы жобаларды қарап, жеңімпаздарды анықтамақ. Комиссия құрамына мемлекеттік органдардың, ғылыми және білім беру қауымдастығының, кәсіпкерлік, медиа саласының сарапшылары мен азаматтық қоғам институтының өкілдері кіріп отыр. Комиссияның барлық отырысы ашық түрде өтіп, тікелей эфирде көрсетіледі.
Грант иегерлері анықталғаннан кейін де жобалар ұйымдастырушылардың сүйемелдеуімен жүзеге асады. Жеңімпаздар әр үш ай сайын өз бастамасының орындалу барысы туралы есеп беріп отырады. Сонымен қатар бір жыл бойы бөлінген қаражаттың қалай жаратылып жатқанына бақылау жасалмақшы.
Байқауға қатысты ақпарат, қатысу талабы мен құжат тапсыру тәртібі @qsa_almaty парақшасында жарияланды. Осы парақша арқылы бар сұраққа жауап аласыздар. Анықтама телефоны: +7 777 761 81 33, +7 702 862 97 92.