20 қаңтарда Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті. Онда мемлекеттік билік өкілдері, сарапшылар қауымы, ғылым, бизнес пен азаматтық сектордың өкілдері бас қосты. Өңірлік коммуникациялар қызметі Құрылтайға қатысқандармен сұқбаттасып, отырыста көтерілген негізгі тақырыптар мен бастамалар жөніндегі олардың пікірін білді.
Құрылтай әлеуметтік-экономикалық даму мен саяси реформадан бастап стратегиялық мәселелерді талқылайтын алаң ретінде қалыптасты. Биыл Мемлекет басшысы елдің саяси жүйесінде болатын өзгерістерге тоқталды. Олардың қатарында бір палаталы Парламентке көшу, Вице-Президент институтын енгізу мен биліктің тармағындағы өкілеттілікті қайта бөлу бар.
Экономикалық секция жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов те қатысты. Оның айтуынша, Құрылтайда банк секторын реттеуге байланысты өзекті тақырыптар, атап айтқанда толықтай онлайн-несиелеуге көшу мен азаматтардың есепшотын бұғаттау жағы да айтылған.
«Банктер қазір берешек адамның есепшотын толық бұғаттай алады. Бұл азаматтардың құқығын шектеу деген сөз. Мұндайды не мүлдем алып тастау керек, не табыстың 50 пайызынан аспайтындай етіп шектеу қажет», – дейді депутат. Ол секциялық отырыстар барысында медицина, мектептерді жарақтандыру мен еңбек қатынастары да талқыланғанын, Құрылтайда бұған дейін айтылған ұсыныстың біразы жүзеге аса бастағанын да атап өтті.
Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі жүргізіліп жатқан реформалардың сабақтастығына назар аударды. Оның пікірінше, жаңа Конституция мен парламенттік өзгерістерді талқылау – реформалардың заңды жалғасы.
«Бүгін елдің болашағы мен оның Негізгі заңына қатысты талай маңызды нәрсе айтылды, талай дүние қозғалды осы жолы. Бұл қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қоғам сұранысына толықтай жауап береді», – дейді сенатор.
Құрылтайға қатысқан тағы бір спикер – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова отырыстың Қызылордада өтуінің символдық мәні бар екенін атап өтіп, өңірдегі оң өзгерістерге жоғары баға берді. Оның айтуынша, лингвистер еліміздің әр өңіріндегі тілге байланысты жағдайды үнемі зерттеп отырады екен. Осы жолғы сауалнамада Қызылорда облысы мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі жағынан да ең жоғары көрсеткішке ие болыпты. Осы орайда ол өңір тұрғындарына қазақ тіліне деген құрметі үшін алғыс білдірді.
Бизнес өкілі, кәсіпкер Сырымбек Тау бүгінгі таңда шағын және орта бизнеске түсіп отырған ауыр жүктемеге назар аударды. Оның айтуынша, онлайн-платформалардың комиссиялары, жоғары пайыздық несиелер мен салықтық міндеттемелер кәсіпкерліктің дамуына кәдімгідей кедергі келтіріп отыр.
«Шағын және орта бизнес бес миллиондай адамды жұмыспен қамтып отырғанымен, кәсіпкерлер қазір қаржы жағынан қатты қиындық көріп жатыр. Мысалы, біз несиені 25 пайызбен аламыз, 15 пайызын онлайн-платформаларға төлейміз, 16 пайыз қосылған құн салығы, бұдан бөлек басқа да шығындар бар. Содан кәсіпкерге түсетін жүктеме шамамен 78 пайызға жетеді. Бұл бизнесті қолдау емес, оның мүмкіндіктерін шектеу», – дейді.
Құрылтай жұмысына Асқар Жұмаділдаев та қатысты. Академиктің айтуынша, мемлекет басшысы қазақты технократ ұлт болуға үндеп жүр. Өкінішке қарай, қазір біздің қоғам жасанды интеллектінің не екенін білгенімен, ол туралы әлі де терең біле бермейді екен. Жасанды интеллектіні дамытқанда ол туралы білім беріп, оның пайдалы және зиянды жағын да қатар оқытуымыз керек деген ой айтты академик Құрылтайда.

Ғылым және білім секциясында медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Диляра Қайдарова сөз сөйледі. Ол ғылымды дамытуға қатысты жүйелі мәселелерді, атап айтқанда ғылыми журналдардың сапасы мен Ұлттық ғылым академиясының қамқорлығымен жоғары импакт-факторы бар бірыңғай ғылыми басылым құру қажеттілігі көтерілгенін айтты. Сонымен қатар, сарапшы балалар арасындағы семіздікке назар аударып, оларды ерте жастан салауатты өмір салтына шақырып, сондай мәдениеті қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді ұсынды.
Құрылтайға қатысушылардың пікірінше, билік пен сарапшылар қауымдастығы арасындағы ашық диалог форматы өзекті мәселелерді көтеріп, елдің ұзақ мерзімді дамуына, қоғамның нақты сұраныстарына бағытталған шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.