23 мамыр күні Бостандық ауданының №70 жалпы білім беретін мектебінде «Балалар қауіпсіздігі – басты назарда!» атты интерактивті квест өтті.
6 «Ә» сынып оқушылары, сондай-ақ «Жас сақшы» жасағының мүшелері бір күнге тәртіп сақшысының рөлін сомдап көрді, деп хабарлайды aqshamnews.kz.
Квест барысында оқушылар бала құқықтары мен төтенше жағдайлардағы мінез-құлық ережелері жөніндегі білімдерін көрсетті. Олар заңды және заңсыз әрекеттерді сенімді түрде ажыратып, байқағыштық, сақтық және қауіпті жағдайда әрекет ету қабілеттерін көрсетті. Сонымен қатар, балалар қарым-қатынас жасау дағдылары мен көмекке жүгіну алгоритмін жақсы меңгергендерін дәлелдеді.
Көрермендер оқушылардың азаматтық ұстанымы қалыптасқанын және айналасындағылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарайтынын атап өтті.
Командалық жұмыс, маршруттық парақтар, ойын тапсырмалары және жас азаматтың анты іс-шараны барлық қатысушылар үшін пайдалы ғана емес, нағыз қызықты әрі әсерлі етті.
— «Барлық командалар сертификаттармен марапатталды, ал ең белсенді қатысушыларға грамоталар мен кубоктар табысталды. Квестті ұйымдастыру мен өткізуге мұғалімдер мен вожатыйлар үлкен үлес қосты», — деді №70 мектеп директоры Зауреш Бейсембаева. — «Осындай іс-шаралар балаларда қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін және құқықтық сауаттылықты қалыптастыруға ықпал етеді».
Құқық тәртібін қамтамасыз ету үшін мектеп Бостандық ауданы полиция басқармасының қызметкерлерімен тығыз жұмыс істейді. Олардың бастамасымен «Жас сақшы» жасағы құрылған болатын. Оқу жылы бойы ювеналды полиция жасақ мүшелерімен ғана емес, бастауыш сынып оқушыларымен де профилактикалық әңгімелер жүргізіп отырды. Балаларға сабақтан қалмау, кешікпеу, мектеп тәртібін сақтау, қауіпті заттар әкелмеу, мектеп мүлкіне ұқыпты қарау және мұғалімдер мен оқушыларға құрметпен қарау үйретіледі. Полиция формасын киюдің өзі балаларға ерекше жауапкершілік жүктейді.
— «Әр мектептің педагогикалық ұжымының басты міндеті – әрбір баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ол үшін кешенді тәсіл қажет. Алматы қаласының білім басқармасы мегаполистегі барлық мектептерді күзетпен, турникеттермен және бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етті. Сондай-ақ оқушылармен және олардың ата-аналарымен жүйелі жұмыс жүргізілуде», — деп атап өтті Бостандық ауданының білім бөлімінің басшысы Айгүл Қасымбек. — «Мектептерде қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында түрлі жағдайлардағы мінез-құлық ережелерін үйрететін сынып сағаттары өткізіледі. Жалпы мектептік ата-аналар жиналыстарында отбасында, мектепте, аулада және қоғамда қауіпсіздік мәдениетін тәрбиелеу бойынша ұсыныстар беріледі. Ата-аналар баласының кіммен дос екенін, қалай жүретінін, қайда баратынын, не алып жүретінін және мінез-құлқында қандай да бір өзгерістер бар-жоғын білуі тиіс».