Алматыдағы оқу орындарының бірінде өткен қалалық форумда құзырлы орган өкілдері «Құқықбұзушылыққа бейім жасөспірімдердің негізгі бөлігін колледж студенттері құрайды» деген мәліметті жариялады, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
«Заң және тәртіп» қағидатына негізделген іс-шарада жасөспірімдер арасындағы қылмыс, нашақорлық, ішімдік ішу және есірткі тасымалы мен буллинг сынды өзекті тақырыптар талқыланды. Басқосуға мегаполистегі колледж директорларының орынбасарлары, студенттер мен құқық қорғау органдары, психиатриялық орталықтың мамандары және адам саудасына қарсы күрес қызметінің өкілдері қатысып, пікірін ортаға салды.
«Колледж тек білім беріп қана қоймайды , оның жанында жүретін тәрбие жұмысы да өте маңызды. Күнделікті балалардың, студенттеріміздің психологиялық қарым-қатынасы, психологиялық жағдайы, олардың әлеуметтік ортада өзін-өзі қалай ұстауы керек, құқықбұзушылыққа жақын ба әлде одан алшақ па – соның бәрін біз анықтауымыз керек. Өйткені «Тәрбие тал бесіктен басталады» демекші, ең бірінші тәрбие болмай, ол жерде білім болмайды», – деді колледж директорының орынбасары Саят Оспанов.