40-тан астам елдің оқушылары қатысқан ағылшын тілі бойынша халықаралық KGL Contest (Kangaroo Global Linguistics) олимпиадасының финалы сенсациялық нәтижемен аяқталды.
Бұл жарысқа алғаш рет қатысқан Қазақстан командасы 1-орынды иеленді! Алтын медаль иегері — Алматы қаласындағы №23 мектеп-гимназиясының оқушысы Дария Насимуллина болды, - деп хабарлайды Aqshamnews.kz.
Дария Насимуллина шет тілін меңгерудің ең жоғары деңгейі – B2 бойынша бірінші орынды иеленді.
Іріктеу үш кезеңнен тұрды: екі ұлттық кезеңнен (Stage I және Stage II) және бір халықаралық кезеңнен – финалдан (Global Event). 2025 жылы финал 2–4 қазан аралығында Грекияның Салоники қаласында өтті.
Олимпиаданың бірінші кезеңі әлемнің түкпір-түкпірінде 2025 жылғы 15 ақпанда өтті. Аязды ауа райы мен жүздеген шақырымдық қашықтыққа қарамастан, ата-аналар мен мұғалімдердің табандылығының арқасында 2691 оқушы тестілеу өткізу үшін белгіленген облыс орталықтары мен қалаларға келіп қатысты. Бастапқы кезең Қазақстанның 12 өңірін, соның ішінде республикалық маңызы бар үш қаланы қамтыды.
Барлық үдеріс қатаң түрде тіркеліп отырды: таратпа материалдарды ашу уақыты, тест тапсыру таймингі және қатысушылардың жауап парақтарын мөрлеу тәртібі нақты бақыланды. Әр өңірге бекітілген супервизорлар мыңдаған қорытынды файлдарды цифрландырып, деректерді бас кеңсе платформасы арқылы уақытылы жіберіп отырды. Бұдан кейін KGL Contest интеллектуалды жүйесі әр қатысушының жауаптарына сәйкес ұпайларды автоматты түрде есептеді.
Нәтижесінде 530 оқушы бірінші іріктеу кезеңінен өтті. Екінші турға өту үшін өту балы мүмкін болатын ең жоғары ұпайдың 90%-ын құрады.
Ағылшын тілін білуге арналған олимпиаданың екінші кезеңі 2025 жылдың 15 наурызында өткізілді. Екі айға созылған шет тілін меңгеру сынағы елге Pre-A1, A1, A2, B1, B2 деңгейлерінің барлығы бойынша жоғары нәтижелер әкелді.
Осы олимпиадаға отандық мектептердің қатысу бастамашысы болған EDU Stream халықаралық тіл академиясы төрт деңгей бойынша бірінші орын иелерін салтанатты түрде құттықтап, балалардың Грекияда өтетін финалға қатысуы үшін ұшақ билеттерін өз есебінен қамтамасыз етті.
Global Event кезеңінде қазақстандық оқушылардың жеңісін ешкім күтпеген еді.
EDU Stream академиясымен және екінші бастамашы – Express Publishing баспасымен бірлесе отырып, Алматы қаласының Білім басқармасы мегаполис оқушыларының олимпиадаға қатысуын ұйымдастырды.
«Менің деңгейім — B2 бойынша жеңімпаздарды жариялап жатқанда, бірінші орынды аламын деп ойламадым. Үшінші, ары кетсе екінші орынды иеленермін деп күттім. Ал 2 және 3 орын алған қыздардың есімдері аталғанда, мен іштей жеңіспен қоштасып, көңілім түсіп отырдым. Бірақ экраннан өз атым мен тегімді бірінші орында көрген сәтте, “бұл бір қалжың шығар” деп ойладым! Қолдарым дірілдеп, сахнаға шыққанда финалда жеңіске жеткеніме шексіз қуандым», – деп әсерімен бөлісті ағылшын тілі бойынша халықаралық KGL Contest-2025 олимпиадасының B2 деңгейі бойынша жеңімпазы Дария Насимуллина.
«Мен өз оқушым — Дарияның жетістігімен қатты мақтанамын. Ол шет тілін меңгерудің ең жоғары деңгейінде ең жоғары ұпай жинады. Бұл — бүкіл еліміздің жетістігі! Осы сәтті пайдалана отырып, барлық ата-аналар мен әріптестеріме айтарым — балаларыңызға сеніңіздер, оларды қолдаңыздар, жүректеріне үміт пен сенім отын жағайық! Өйткені еліміздің болашағы — ақылды да абыройлы ұрпақтың қолында», – деді Алматы қаласындағы №23 мектеп-гимназиясының ағылшын тілі пәні мұғалімі Сағыныш Райбекова.
Қазақстан атынан қатысқан тағы бір алматылық оқушы – №39 лицейдің шәкірті Таңат Төленбай ағылшын тілі бойынша B1 деңгейінде жоғары нәтиже көрсетіп, қатысу сертификатына ие болды.
Дария мен Таңат, сондай-ақ Астана қаласындағы №82 «Дарын» лицейінің оқушысы Әли Алпысбай (A2 деңгейі) және Қызылорда қаласындағы №197 орта мектептің оқушысы Жасмина Бақытжан (A1 деңгейі) өз жетістіктерімен шет тілдері бойынша халықаралық олимпиаданы ұйымдастырушы ITA ұйымының өкілдерін таңғалдырды.
B2 деңгейі бойынша финалда 1-орын алғаны үшін Дария Насимуллина ITA ұйымы тарапынан 500 АҚШ доллары көлемінде ақшалай сертификатпен марапатталды. Барлық қатысушылар KGL Contest олимпиадасының медальдарымен, сыйлықтарымен және сертификаттарымен марапатталды.
«Қазақстаннан келген оқушылар бізді қатты таңғалдырды, өйткені сіздердің еліңіз KGL Contest олимпиадасына алғаш рет қатысты. Алайда бірден финалда жеңіске жету — мұндай жетістікке әлемнің ешбір елі бұған дейін қол жеткізген емес! Біз сіздердің олимпиадаға белсенді қатысуларыңыз дәстүрге айналады деп үміттенеміз», – деді ITA ұйымының бас директоры Майкл Карти.
KGL Contest – бұл ағылшын тілін шет тілі ретінде үйреніп жүрген 8 бен 17 жас аралығындағы оқушыларға арналған халықаралық олимпиада.
KGL олимпиадасының басты ерекшелігі – оның күрделілік деңгейлері Pre-A1, A1, A2, B1, B2, яғни CEFR (Common European Framework of Reference) халықаралық шкаласына сәйкес келеді.
Бұл байқауды International Testing Authority (ITA) ұйымы ұйымдастырады және оның мақсаты – оқушыларға өздерінің тілдік дағдыларын қызықты әрі шабыттандыратын ортада көрсетуге мүмкіндік беру.
Олимпиада 2017 жылы құрылған және жыл сайын әлемнің 40-тан астам елінде өткізіледі. Бұл байқау әлем оқушыларының ағылшын тілін меңгеру деңгейін шынайы түрде көрсететін беделді халықаралық жарыс болып табылады.