«Қарағай орманы» экобағын дамыту жобасы екі жыл бұрын – 2020 жылдың қаңтарында басталды
Алматыда Момышұлы көшесіндегі АвтоХҚКО-ға барар жолда орналасқан «Қарағай орманы» экобағы аумағында дәстүрлі ағаш отырғызу шарасы өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Акцияның ұйымдастырушысы – кезінде экобақ құру туралы бастама көтерген ECO FUND TABIGAT. Көшет отырғызу көктемгі Наурыз мейрамына орайластырылып, Жасыл экономика басқармасы мен Алатау ауданы әкімдігінің қолдауымен Қазақстанның көгалдандыру қауымдастығымен бірлесіп жүргізілді. Акцияға қазақстандық бизнес өкілдері де белсенді қатысты.
Еске сала кетсек, «Қарағай орманы» экобағын дамыту жобасы екі жыл бұрын – 2020 жылдың қаңтарында басталды, ол кезде немқұрайлы емес азаматтардың қатысуымен алғашқы 33 қарағай отырғызылды. Өткен уақыт ішінде жобаға тек қоғам мен еріктілер ғана емес, бизнес, жоғары оқу орындары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар да өз назарын аударды. Бүгінгі таңда «Қарағай орманы» аумағында 6000-нан астам ағаш өсіп тұр. Әсіресе, жасыл желектердің жерсіну пайызы 100% құрағаны көңілге қуаныш ұялатады. Сөйтіп, бақта егілген көшет саны жоспарланған 35 мың ағашқа жуықтап келеді. Ұйымдастырушылар бірнеше жылдан кейін, кеше ғана полигон болған жерде қаланы оттегімен байытатын орман өседі деп үміттенеді. Қазірдің өзінде «Қарағай орманы» қала үшін қосымша 219 тонна оттегі өндіреді, 197 тонна көмірқышқыл газын сіңіріп, 120 тоннаға дейін шаң ұстайды.
Экоактивистер қала аумағын көгалдандырудың өзекті мәселесін бірнеше рет атап өтті. Мәселен, жоба басында бұрын ECO FUND TABIGAT жүргізген жеке зерттеу жасыл көшеттердің Алматыда ДДҰ нормалары талап еткен мөлшерден 4 есе аз екенін көрсетті. Жуырда болып өткен таза ауаны қолдауға арналған митингте келесі статистика келтірілген: соңғы жылдары бірнеше ондаған мың адам өкпе ауруына шалдыққан. Бұл таңқаларлық жайт емес, өйткені ауа сапасын өлшейтін портативті датчик, митингке қатысушылардың бірінің айтуынша, РМ2,5 деңгейі бойынша БҰҰ нормаларынан 5 есе асып түседі - 125 жоғарғы шекті мәнге қарсы 144. (Ескертпе: PM2,5 бөлшектері – қалқыма қатты микробөлшектер және ауадағы сұйықтықтың ең ұсақ тамшылары. Ірі бөлшектерден айырмашылығы, олар биологиялық кедергілерді жеңе отырып, организмге келіп түседі, сондықтан адам денсаулығына қауіп төндіреді). Бұл фактіге жоба бастамашылары үш жыл бұрын қоғам мен билік өкілдерінің назарын аударға болатын. Митингке қатысқан «Табиғат» экологиялық одағының басшысы Мэлс Елеусізов атап өткендей, Алматыдағы ауаның ластануы өте қауіпті деңгейде, ал болашағы — өте қайғылы.
«Кеңес заманында КСРО Ғылым Академиясында қаланың экологиялық сыйымдылығы 700 мың адам, одан асыруға болмайды деп анықталған болатын. Қазір Алматыда үш миллионға жуық адам тұрады, қала қарқынды өсіп келеді Мұның біздің ауылдарымыздың қаңырап бос қалуына байланысты, ауылдарда шаруашылық толық жойылды, барлығы күнкөріс қамымен қалаға аттануда. Күн сайын Алматы көшелерімен миллионға жуық көлік жүріп өтеді. Кептеліс көп, қозғалыс жоқ, ал бос жүрісте тұрған кезде шығарындылар өте көп болады. Мұның бәрі қаламыздың экологиялық климатына кері әсерін тигізеді», - дейді Мэлс Елеусізов.
Бұл тұрғыда бақтарды сақтау және жаңа ағаштарды тұрақты отырғызу қажеттілігі бұрынғыдан да өзекті сипат алады. Бұған дейін бұл туралы ECO FUND TABIGAT төрағасы Тимур Елеусізов былай деп айтқан болатын: «Біз экологияға қатысты жағдайды көптен бері көріп келеміз. Барлық қала тұрғындары күн сайын біздің қаламыздың үстінде қалқып тұрған түтінді бақылап отырады, сондықтан біздің Қор барлық күш-жігерді жұмсап, көгалдандыру қажеттілігіне барынша белсенді назар аударуға тырысады. Қарапайым азаматтардың, биліктің және әлеуметтік жауапты бизнестің бірлескен күшімен ғана жағдайды жақсарта аламыз. Біздің экологиямыздың жыларман хәлін түзету бір күннің ісі емес, алдымызда әлі де көптеген жұмыстар бар, сондай-ақ, бізге, әрине, қолдау қажет».
Қазіргі таңда «Қарағай орманы» экобағында біздің отандық тәлімбақтарда өсірілген кәдімгі қарағайдың 330 көшеті отырғызылды. Қарағайдың пайдасы туралы, тіпті, ойланудың қажеті жоқ. Көптеген санаторийлер мен демалыс үйлері қарағай ормандарының жанында орналасқаны бекер емес. Мұның қылқан жапырақтардың көп мөлшерде фитонцидтерді – ауру тудыратын бактерияларды жоятын заттар шығаратындығына байланысты болып келеді.
Жобаның барлық қатысушыларының мақсаты экобақ құру ғана емес, экобақты одан әрі белсенді дамыту болып табылады. Сондай-ақ жобаны іске қосу кезінде уәде етілгендей, экобақта көшеттерді уақтылы суару жұмыстары тұрақты жүргізіледі. «Біздің компания қаланы көгалдандыру жобасына 2020 жылы қолдау көрсетті, біз экобақ ұйымдастырушыларымен белсенді ынтымақтастықты жалғастырып келеміз. Қазіргі таңда біздің жалпы көшеттеріміздің көз алдымызда жайқала өсіп келе жатқанын, қағаз бетіндегі жобадан қаланың жасыл қорының маңызды бөлігіне айналғанын көру көңіл қуантады. Бұл біз бен сіздердің денсаулығыңыз және Алматының жалпы экологиялық жағдайы үшін зор пайда әкеледі. Сондықтан да біз «Қарағай орманын» дамытуға тікелей қатысуды жалғастырудамыз», - деп атап өтті «Evrika» компаниясының коммерциялық директоры Данияр Сасықов.
Акцияны жобаның тұрақты достарына айналған компаниялар: электроника мен тұрмыстық техниканы сату бойынша оңтүстік өңірдің көшбасшысы «Evrika», «KUSTO Group», «Global food CORPORATION», «Saba Group», «EPS Group Kazakhstan» және басқа да компаниялар белсенді түрде қолдады.