Халықаралық әйелдер күні қарсаңында сәтті жасалған операцияның нәтижесінде 18 жастағы алматылық қыз өмірге екінші рет келді десек болады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында Ресей ғылым академиясының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Сергей Артеменконың қатысуымен өткен мастер-класс аясында жүректің туа біткен патологиясы бар студент қызға күрделі операция жасалды.
Пациент 2025 жылдың жазынан бастап мазалап жүрген жүрек қағысының жиілеуі, бас айналу және бас ауруы сияқты шағымдармен түсті. Оған эхокардиография, ЭКГ холтерлік мониторингі және зертханалық талдаулар жүргізілді. Тексеру нәтижесінде PQ интервалының қысқаруы, яғни электрлік импульстің жүрекшелерден қарыншаларға тым жылдам өтуі, дельта-толқынның болуы және Вольф–Паркинсон–Уайт синдромының басқа да белгілері анықталды. Бұл синдром кей жағдайда жасырын түрде өтуі мүмкін (жасырын түрі әдетте электрофизиологиялық зерттеу арқылы анықталады). Аталған синдром жүректе қосымша электр өткізгіш жолының болуымен байланысты.
Пациентті жүрек ырғағы мен өткізгіштігінің бұзылуы бөлімшесінің интервенциялық аритмологы Бауыржан Ерболатов қарап, оған жүрек ішілік электрофизиологиялық зерттеу және қосымша өткізгіш жолды радиожиіліктік абляция әдісімен жою үшін ауруханаға жату ұсынылды.
Бұл клиникалық жағдайдың ерекшелігі – қосымша өткізгіш жол жүректің негізгі өткізгіш жүйесіне өте жақын орналасқан. Мұндай орналасу кенеттен жүрек тоқтап қалу қаупін арттырады.
Заманауи 3D-навигациялық жүйенің көмегімен жүрекке толық электроанатомиялық карта жасалды. Қосымша өткізгіш жолға радиожиіліктік абляция сәтті орындалды.
Операция 4 сағатқа созылды. Бұл патологиялық өткізгіш жолдың анатомиялық орналасуының күрделілігімен байланысты болды.
«Біздің клиникада жүрек ырғағы мен өткізгіш жүйесінің бұзылыстары кезінде жасалатын барлық хирургиялық араласулар орындалады. Бізде жоғары технологиялық заманауи жабдықтар, соның ішінде 3D-картографияға арналған навигациялық жүйелер бар. Шетелдік мамандардың қатысуымен тұрақты түрде мастер-кластар өткізіліп тұрады. Қазіргі уақытта Ресей ғылым академиясының профессоры Сергей Артеменконың қатысуымен жүрек ырғағының күрделі бұзылыстарын емдеуге арналған мастер-класс өтуде. Осы мастер-класс аясында МӘМС есебінен 30 операция (жүрек ішілік электрофизиологиялық зерттеу және радиожиіліктік абляция) жасау жоспарланған. Біздің орталықта жоғары білікті мамандар жұмыс істейді, қызметкерлер заманауи емдеу әдістері бойынша үнемі біліктілігін арттырып отырады», – дейді бөлімше меңгерушісі Бағдат Ахыт.
Қазіргі уақытта пациенттің жағдайы жақсы, ол белсенді, бөлімшеде өздігінен қозғалып жүр. ЭКГ бақылау холтерлік мониторингі жүргізілуде. Пациентті жақын күндері ауруханадан шығару жоспарланып отыр