ffin.kz

Алматыға қыс қашан келеді?..

Алматыға қыс қашан келеді?.. almaty-akshamy.kz

*Қазақы пайым


 «Мизамшуақ», «Кемпіршуақ» амалдарының баяулық танытуы қоңыр күзді ұзартып, қытымыр қыстың келуін кешеуілдететін сыңайлы


Қазанның алғашқы ызғары «кіші қазан» айының басында өтті. Біраз алқаптың шүйгін шөбі солып, қурап, қарайып кетті. 11 қазанда саяз көлшікке, сыртта  ашық қалған суға мұз қатты. Қалыңдығы 1,5-2 см. Шөпті бозқырау жапты...  


Барыс жылы ілгері жылжып келеді. Мүшел есебінің үшінші жылы. Барыс сақтардың ұғымында қасиетті аң болған. Қазақ Барыс жылын күрделі бетбұрыстар алдындағы тыныштық жылы деп санаған. Бұл жылғылар өте мықты, қажырлы, шынайы, жомарт болып келеді. Тынымсыз, бірақ өз басын ойлап қалған өзімшілдеу.


Барыс жылы қиындық пен қуанышқа, ауыртпалық пен жақсылыққа толы жыл. Дегенмен, бұрындары тарихта Барыс жылына қатысты елеулі оқиғалар болмаған. Сол себепті, Барыс жылын қазақтар жайсыз жыл деп санамайды.


Қазан (ақырап) қолданыстағы күнтізбе бойынша, жылдың оныншы айы. Ал қазақтың жыл санауы бойынша, сегізінші ай. Тек қазақ емес, орта Азия, 40-тан астам әлем  елі жылдың басын Наурыздан бастап есептейді.



Қазан сөзінің бірнеше мағынасы бар. Қазан – ауыртпалық, «қазан ат» – жауға мінетін ат, қазан – ас пісіретін ыдыс, қазан –  үзеңгінің бір түрі, қазан – шолақ зеңбірек, қазан мен қаза – өлім. Қазан негізі салқын айлардың есебіне жатады. Ауа райы құбылмалы: жаңбыры көп, күні салқын. Кейде қар ұшқыны білініп, суға мұз қатады, бозқырау түседі. Бабалардың бұл айды бозқырау деп атайтыны да сондықтан.



Қазан айында «кіші қазан», «үлкен қазан» деп аталатын амалдар бар. Бұл екі амалдың да ұзақтығы он күннен, арасына екі апта салып, кезектесіп келеді. Қарттарымыз бұл амалдардың кіруі мен шығуын ескі санат (юлиан) күнтізбесі бойынша есептеген. Кіші қазанда жел тұрып, күн аздап суытып, жаңбыр жауады. Тұщы шөптердің бояуы оңып қурайды. Ал ащы шөптер: шағыр, сораң, қара жусан, алабота, т.б. піседі, тұшиды. Қазақ бұл құбылысты «шөпті қазанның қағуы» дейді. Жоғарыда аталған ащы шөптерді «қазан қақпай» мал жемейді. Мал өсіретін ел бұл шөптерді «қазан қақпай» шаппайды. Қазан қақпай шабылған ащылы шөп малдың ішіне тиеді, ас болмайды. Үлкен қазанда қар аралас жаңбыр жауады, қатты ұшырма жел болады. Өсімдік атаулы түгелге дерлік қурайды, яғни көктемде бой алып өскен өсімдік атаулы қараотқа, бойында нәрі жоқ өлі шөпке айналады. Бұрынғы кезді қазақтар үлкен қазан амалы жақындағанда кәрі, ақсақ-тоқсақ малдарды өріске жібермей, ауыл маңына ұстаған, олардың ішінен «қазан асын» сойып алып отырған.


Бүгін қолданыстағы күнтізбе бойынша, қазанның 13-і, ай жүйесі қазанның 16-сын білдіріп тұр. Ал қазақы есепке жүгінсек, айдың екінші жаңасы. Демек, апта айдың басы мен ортасына сәйкес келуде. Бұл көрініс жылы да шуақты күндердің әлі  көрініс беретінін білдірсе керек. Алматылықтарға салқын, ызғарлы күндердің ауылы әлі алыс... Биыл күз аяғы сылбыр болып, қыс кешеуілдеп келетін секілді...


 


БАБАЛАР АЙТАДЫ


Қазанның қара желіне орай жасалған жорамал:


*Егер бұлт желге қарай көшсе, онда кешікпей қар жауады.


*Бұлт ортасынан ыдыраса, ауа райының бұзылғаны.


*Бұлт шетінен ыдыраса, онда ауа райының оңалайын дегені.


*Оңтүстіктен ұзақ соққан жел бағытын өзгертіп, шығыс жақтан соғар болса, ауа райы жақсарады.


*Оңтүстіктен соққан жел бағытын өзгертіп, батыстан соғар болса, ауа райы бүлінеді.


 


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51