AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Әлем / Алматыдан Шанхайға дейін: Алматы музейі екі мегапо...

Алматыдан Шанхайға дейін: Алматы музейі екі мегаполисті мәдениет арқылы тоғыстырды

Әлем Бүгін 18:19 43 yakiya
Алматыдан Шанхайға дейін: Алматы музейі екі мегаполисті мәдениет арқылы тоғыстырды
Алматы қаласы Мәдениет басқармасы

2026 жылғы 26 маусым күні Қытай Халық Республикасының Шанхай тарихи музейінде Алматы қаласы музейлер бірлестігінің «Бабалар мұрасы – дәстүр сабақтастығында» атты халықаралық көрмесінің салтанатты ашылуы өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.

Алматы қаласы әкімдігі, Қазақстан Республикасының Шанхайдағы Бас консулдығы және Шанхай қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан ауқымды жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамытудағы маңызды оқиғаға айналды.

Көрме Қытайдағы ірі музей орталықтарының бірі саналатын Шанхай тарихи музейінде ашылды. Музей қорында 6000 жылдық қала тарихын қамтитын ежелгі дәуірден XX ғасырдың ортасына дейінгі 30 000-нан астам тарихи жәдігер сақталған. Сондай-ақ музей жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен келетін жүз мыңдаған келушіні қабылдайды. Дәл осы тарихи орталықта қытай жұртшылығы назарына қазақ халқының бай мұрасы ұсынылды. Экспозиция Қазақстанның ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлерін, рухани құндылықтарын және төл мәдениетін таныстырып, бірегей музей жәдігерлері арқылы Ұлы даланың мұрасын кеңінен насихаттайды.

«Бабалар мұрасы – дәстүр сабақтастығында» халықаралық көрмесінің ұйымдастырылуына 2025 жылғы маусымда Астана қаласында өткен «Қытай – Орталық Азия» екінші саммиті аясында Алматы мен Шанхайдың бауырлас қалалар мәртебесін алуы негіз болды. Көрме екі мегаполис арасындағы серіктестік байланыстардың жүйелі дамуының нақты нәтижесіне айналды.

Ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды кезең – 2026 жылғы сәуір айында Шанхай мэрі Гун Чжэннің Алматыға жасаған ресми іс-сапары болды. Шанхай мэрі Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесуі барысында екі қала арасындағы стратегиялық әріптестікті дамыту және өзара ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін кеңінен талқылады.

Келіссөздердің жалғасы ретінде Алматы қаласы музейлер бірлестігі мен Шанхай тарихи музейі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бүгінгі көрме Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени диалогты нығайтудың және екі халық арасындағы рухани байланысты тереңдетудің тағы бір жарқын көрінісі.

Шанхай тарихи музейінің директоры Чжоу Чун Хуа: «2025 жылы өткен «Қытай – Орталық Азия» саммиті аясында Шанхай мен Алматы арасында бауырластық байланыстар орнағаннан кейін екі қала арасындағы мәдени ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Бүгінгі көрме – осы серіктестіктің нақты нәтижесі. Бұл жобаны жаңа бастаманың жарқын нышаны ретінде қабылдап, алдағы уақытта өзара ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсеміз деп сенемін. Аталған көрме Қытай жұртшылығына Қазақстанның бай мәдениетімен, тарихы және салт-дәстүрлерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. Қытай мен Қазақстан халықтарының достығы кең даладағы дариядай толассыз ағып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, мәңгі жасай берсін», – деді.

Көрмеде Алматы қаласы музейлер бірлестігі қорынан 100-ге жуық бірегей жәдігер ұсынылды. Экспозиция қазақ халқының этнографиялық мұрасын, дәстүрлі тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін танытатын құнды жәдігерлерді, Алматы қаласының тарихы мен дамуын бейнелейтін фотосуреттер мен архивтік материалдарды, сондай-ақ ұлттық музыкалық мәдениетті дәріптейтін дәстүрлі аспаптарды қамтиды. Келушілердің ерекше қызығушылығын 1287 жылы Алматы қаласында соғылған күміс дирхемдер тудырды. Экспозицияның интерактивті бөлігінде арнайы QR-кодтар арқылы қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарының дыбысталуын тыңдауға мүмкіндік жасалған. Бұл формат келушілерге қазақтың дәстүрлі музыка өнерін тереңірек танып-білуге жағдай жасап, көрменің танымдық мазмұнын толықтыра түсті.

Алматы қаласы әкімінің идеология жөніндегі кеңесшісі Базарбек Атығаев өз сөзінде: «Мұндай жобалар қаланың мәдени дипломатиясын дамытудың және Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен насихаттаудың маңызды тетігі. Еліміздің ірі мәдени орталығы саналатын Алматы музейлер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге ерекше мән береді. Шанхай тарихи музейінде ұйымдастырылған көрме қалаларымыз арасындағы серіктестіктің жоғары деңгейін көрсетіп, мәдени байланыстарды одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашты».

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме музей қорларындағы жәдігерлерді таныстырумен ғана шектелмейді. Сондай-ақ, Қазақстан мен Қытай халықтары арасындағы өзара түсіністік пен мәдени байланысты нығайтуға және Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауға бағытталған.

Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова өз сөзінде:

«Қазақстан мен Қытай халықтарын ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолының ортақ тарихи мұрасы байланыстырып келеді. Бүгінгі мәдени ынтымақтастық – осы көпғасырлық сабақтастықтың заңды жалғасы. Мәдениет – халықтарды жақындастырып, өзара құрмет пен сенімді, достықты нығайтатын маңызды құндылықтардың бірі. Шанхай қаласында өтіп жатқан бұл көрме Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени диалогты жаңа деңгейге көтеріп, музейаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, сондай-ақ екі халық арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға өз үлесін қосады деп сенеміз».

Алматы қаласы музейлер бірлестігі – еліміздің мәдени және қоғамдық өміріне белсенді үлес қосып келе жатқан заманауи мәдени мекеме. Соңғы жылдары бірлестік халықаралық серіктестік бағытында айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Музей қорларындағы ерекше коллекциялар бұған дейін Оңтүстік Корея (Сеул), Австрия (Вена), Франция (Париж), Италия (Неаполь), Чехия (Прага), Сербия (Белград), Мажарстан (Карцаг), Түркия (Ыстанбұл), Нидерланд Корольдігі (Амстердам) елдерінде табысты таныстырылды.

Көрменің ашылу салтанатына Қытай Халық Республикасы Мәдениет және туризм министрлігінің өкілдері, Шанхай муниципалитетінің Мәдениет және туризм басқармасының басшылығы, Шанхай қаласындағы музейлердің директорлары, қоғам және мәдениет қайраткерлері мен дипломатиялық корпус өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Көрменің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Шанхайдағы Бас консулы Нұрлан Аққошқаров: «Бұл көрме Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға және қазақ халқының бай мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған маңызды мәдени жоба. Көрмеге қойылған жәдігерлер Ұлы даланың бай тарихын, салт-дәстүрлері мен рухани құндылықтарын айқын көрсетеді. Көрменің ұйымдастырылуына 2025 жылы өткен «Қытай – Орталық Азия» екінші саммиті аясында Алматы мен Шанхай қалалары арасында бауырластық қатынастардың орнауы негіз болды», – деп атап өтті.

«Бабалар мұрасы – дәстүр сабақтастығында» халықаралық көрмесі 2026 жылғы 30 тамызға дейін жалғасады.

Телеграм арнаға жазылыңыз
#Көрме
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Естелік-портрет: аудиториядан басталған эфир жолы

Бүгін 19:26

Қазақстанда бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатары арзандады

Бүгін 18:25

Қазақстандық жұмыс берушілердің кадрларға сұранысы өсуде

Бүгін 18:22

Алматыда бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері марапатталды

Бүгін 18:15

Алматының орталығындағы ең ірі заңсыз қосалқы құрылыс сүріліп жатыр

Бүгін 18:13
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);