Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Жетісу ауданының 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы айтылды. Аудан әкімі Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, аудан дамуының басты басымдығы – абаттандыру болып қала бермек. Биыл ауданда 12 гектардан астам қоғамдық кеңістік жаңартылып, «Халық қатысатын бюджет» аясында 25 жоба жүзеге асып, бірнеше үлкен инфрақұрылымдық нысандар салынып бітпекші, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Жетісу ауданының аумағы шамамен 4 мың гектар болады, оның ішінде 128 гектары жасыл қор. Бұл аумақта 5 саябақ, 56 алаңқай, 26 жаяу жүргінші мен жағалау аймағы, жалпы ауданы 27 гектар болатын 12 сай орналасқан.
«Біздің ауданда абаттандыру мен қоғамдық кеңістіктерді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Біз алаңқайларды, саябақ пен жағалауды жаңғыртуға жүйелі түрде қараймыз, бұл тұрғындар үшін жайлы қалалық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Маңыздысы – тек абаттандыру емес, оны барлық жастағыларға қолайлы әрі тартымды ету. Сондықтан жобалар балалар мен спорт алаңын, демалыс аймағы мен көгалдандыруды қамтиды», – деді әкім.
Қазір Боралдай мен Жангелдин көшесінде орналасқан алаңқайларды абаттандырып жатыр. Жоба аясында 2,5 мың шаршы метр аумаққа гүл мен бұта егіп, 3 мың метр автоматты суару жүйесін орнатып, 2,5 шақырым тротуар салып, сондай-ақ 3 арт-нысан, 120 орындық пен 250 сыртқы жарық тірегін орналастыру жоспарланған. Жұмыс жылдың соңына дейін аяқталады.
«Біз жаңартылған алаңқайдың әрқайсысы тұрғындардың көңілінен шыққанын қалаймыз. Жобада автоматты суару жүйесінен бастап шағын сәулеттік формаға дейін замандық абаттандыру элементтері қарастырылған. Бұл ауданның келбетін жақсартып қана қоймай, қалалық ортаның сапасын арттыра түсуге сеп болмақ. Барлық жұмыс тұрғындардың пікірі мен қажеттілігін ескере отырып жүргізіледі», – деп атап өтті аудан әкімі.
Жоспарда Серіков көшесіндегі алаңқайды, «Жетісу» алаңқайы мен Тихов көшесіндегі алаңқайды абаттандыру қарастырылған. Мұнда кешенді көгалдандыру, гүлзарлар мен жасыл қоршаулар орнату, арт-нысандар, аркалар мен перголалар салу, автоматты суару мен жарықтандыру жүйесін орнату, сондай-ақ тротуарлар, орындықтар мен қоқыс жәшігін салу жоспарланған. Серіков көшесіндегі алаңқайға қосымша альпинарий салады.
Айнабұлақ ықшамауданында бизнес өкілдері жаңа алаңқай салмақ ойда. Жобаның бір бөлігін бюджет, бір бөлігін «Белес» сауда үйі көтеріп алмақ.
Сонымен қатар Кемел ықшамауданындағы Қарасу өзенінің бойындағы жағалау күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Өткен жылы мұнда габиондар орнатып, аумақты жоспарлау жұмысы аяқталған болатын. Қазір брусчатка төсеп, қоршау орнатып, жарықтандырып, балалар мен спорт алаңын, футбол алаңын, орындық пен шағын сәулеттік нысандарды орнатып жатыр. Жыл соңына қарай жаңарған жағалау тартымды демалыс орнына айналмақшы.
«Біз жағалауларды дамыту мен экологиялық құрамдас бөлікке ерекше назар аударамыз. Қарасу өзені – қалалық ортаның маңызды бөлігі, сондықтан біздің міндетіміз бұл аумақты абаттандырып, барынша қауіпсіз ету. Жыл соңына дейін тұрғындардың серуендейтін, демалуға арналған осы заманғы кеңістікке қолы жетеді. Бұл инфрақұрылым мен табиғи ортаны үйлесімді ұштастырудың жарқын үлгісі», – деп қосты Ләззат Жылқыбаева.
2026 жылға арналған «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында қоғамдық кеңістіктерді, аулалар мен жағалауларды абаттандыруға бағытталған 25 жоба іске асады.
Сонымен қатар, ауданда «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы жүзеге асып жатыр. Өзен арналары тазартылып, жыл соңына дейін апта сайын сенбілік өткізуді ойластырып отыр. Билік өкілдері тұрғындарды экологиялық акцияға белсене қатысып, қала тазалығына бірлесіп үлес қосуға шақырды.