Алматыдағы №184 жалпы білім беретін мектепте экстремизм мен терроризмнің алдын алуға арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Іс-шараға 250-ге жуық оқушы қатысып, оларға әлеуметтік желілердегі радикалды насихаттың қаупі және ақпараттық қауіпсіздік ережелері түсіндірілді.
Оқушылармен дінтану магистрі Сұлтан Абдрахманов кездесті. Маман интернет кеңістігінде таралатын діни мазмұндағы ақпараттарға сақтықпен қараудың маңызын атап өтті.
Дәріс барысында әлеуметтік желілер арқылы радикалды идеялардың таралу тәсілдері қарастырылды. Оқушыларға кейбір бейнежазбалар мен жарияланымдарда жалған ақпарат немесе адамдардың көзқарасына ықпал етуге бағытталған манипуляциялық тәсілдер қолданылуы мүмкін екені түсіндірілді.
Кездесудің негізгі бағыттарының бірі цифрлық қауіпсіздік мәселесіне арналды. Маман жастарға интернеттен алынған мәліметтердің шынайылығын тексеру, күмәнді ақпаратты таратпау және сенімді дереккөздерге жүгіну қажеттігін айтты.
Дәріс қазақ және орыс тілдерінде жүргізілді. Бұл оқушылардың тақырыпты жан-жақты түсінуіне және талқылауға белсенді қатысуына мүмкіндік берді.
Сонымен қатар қатысушыларға радикалды идеялардың алдын алу, ақпаратты саналы түрде таңдау және сыни ойлау қабілетін дамыту туралы бейнематериал көрсетілді.
Мектеп оқушыларына экстремизмнің алдын алу және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі мәліметтер қамтылған арнайы парақшалар да таратылды.
Кездесу соңында оқушылар дінтанушыға өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, әлеуметтік желілердегі діни ақпараттың шынайылығын анықтау жолдарын талқылады.
Профилактикалық іс-шара жастардың ақпараттық сауаттылығын арттыруға, интернеттегі радикалды насихаттан сақтандыруға және олардың сыни ойлау дағдыларын дамытуға бағытталды.