Алматының бюджеті нақтыланған кезде қаражаттың едәуір бөлігі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталады, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бұл туралы мәслихат отырысында Алматы қаласы Экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов мәлімдеді.
Әуезов ауданында екі мектептің құрылысы жалғасады. 11-шағынаудандағы 1 200 орындық мектепті жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар №158 мектептің қазіргі ғимаратын бұзып, оның орнына 900 орындық жаңа мектеп салу көзделіп отыр. Ақсай-2 шағынауданындағы №42 мектепті қайта жаңғырту жұмыстары да жалғасады.
Алатау ауданындағы Дарабоз шағынауданында 900 орындық мектеп ашу үшін ғимарат сатып алу жоспарланған. Ал Алмалы ауданында биыл 240 орындық балабақшаның құрылысы аяқталады.
Сондай-ақ, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында биыл пайдалануға берілген сегіз жаңа мектептің толыққанды жұмыс істеуіне қажетті қаражат қарастырылған. Соның нәтижесінде қаладағы оқушы орындарының тапшылығын 11,7 мың орынға дейін азайту көзделіп отыр.
Денсаулық сақтау саласында Абай даңғылы, 69 мекенжайында орналасқан оқу-клиникалық орталықтың апатты жағдайдағы ғимаратын балаларды оңалту жөніндегі қалалық орталыққа бейімдеп қайта жаңғырту жұмыстары басталады.
Шұғыла шағынауданында бір ауысымда 200 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жалғасады. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Бұдан бөлек, сұранысқа ие медициналық мамандықтар бойынша 120 резидент даярлауға қаражат қарастырылған.
Спорт саласында Түрксіб ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасады.