Іс-шараның мақсаты — замандық білім беру инфрақұрылымын, техникалық жабдықталу деңгейі мен жаңа форматтағы мектепке енгізіліп жатқан оқыту тәсілдерін көпшілікке көрсету болды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Журналистер Алатау ауданындағы жаңа мектептерді көріп қайтты. Іс-шараны қалалық Білім басқармасы аудандық білім бөлімімен бірлесіп ұйымдастырды. Онда журналистерге 2025 жылы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған оқу орындарын таныстырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қалада қазір 314 мыңнан астам оқушы білім алып жатқанымен, әлі де 31 мыңнан астам орын жетіспейді екен.
Бұл мәселені шешу үшін қалада жаңа мектептер көптеп салынып жатыр. «Келешек мектептері» жобасы аясында Алматыда 35 мыңға жуық оқушыға арналған 21 мектеп салынды.
«23 мың оқушыға арналған 13 мектеп жұмыс істеп тұр, тағы 8-і жаңа оқу жылына дейін ашылады», - деді білім бөлімінің басшысы Қарлығаш Ақмұрзаева.
Баспасөз туры барысында Алатау ауданындағы мектептерге ерекше назар аударылды. Мұнда орын тапшылығы 5 мыңнан асыпты.
Жаңа оқу орындары қолданыстағы мектептердің жүктемесін азайтып, оқушыларға қолайлы жағдай жасап отыр.
№213 мектептің директоры Өмірбек Айтуғанұлының айтуынша, оқу орны 2000 оқушыға арналған. Қазір мұнда 1625 бала білім алады, олардың басым бөлігі Теректі шағын ауданынан екен.
«Материалдық-техникалық база толық қамтамасыз етілген. Қауіпсіздік деңгейі жоғары: мектеп ішінде 134, сыртында 43 бейнекамера орнатылған.
Барлық жүйе полиция мен білім басқармасымен біріктірілген», — деді ол.
Мектеп осы заманғы жабдықтармен қамтылған: 3D-принтерлер, лазерлік станоктар, робототехника мен дрондар бар. Оқу процесіне жасанды интеллект пен виртуалды шындық элементтері де енгізіле бастады.
«VR-көзілдіріктер арқылы зертханады сабақ өтеді, Canva секілді құралдар оқу материалдарын дайындауға қолданылады», — деп қосты директор.
Цифрландыру мен қауіпсіздікке де ерекше мән берілген: мектепке картамен кіреді, асханада оқушылардың тамақтануын есепке алу үшін Face ID жүйесі қолданыла бастапты.
Баспасөз турының маңызды бөлігі — инклюзивті білім беру барысымен танысу болды. Мектептерде сенсорлық бөлмелер, сондай-ақ логопедтер мен дефектологтарға арналған кабинеттер қарастырылған.
«Мұнда балалар жайлы ортада жұмыс істей алады», — дейді Иштван Қоңыр Мандоки атындағы №154 мектептің директоры Қаламқас Алмасбаева.
Ата-аналар да жаңа мектептердің жоғары деңгейде екенін атап өтті. №154 мектеп оқушысының әкесі Элис Олегович былай деп алған әсерін айтты:
«Ұлым қазіргі бағдарламаны игере алмай қалады деп уайымдадым. Бірақ бәрі қолжетімді әрі қызықты болып шықты. Мұнда ата-аналар жиналысының өзі мереке сияқты өтеді екен, ата-аналардың саны да артып келеді».
Оның айтуынша, мектептің жабдықталуы балаларды оқуға ынталандырады:
«Физика, химия, биология пәндерінде нақты тәжірибелер жасалады, бәрін өз көзіңмен көруге болады. Соның арқасында білімді де жақсы меңгереді».
Ол сондай-ақ ұлының дамуы туралы айтты:
«Ол робототехника мен 3D-баспаға қызығып, модельдеумен айналысып, сайттар жасай бастады. Қазірдің өзінде жеке жобасы бар. Бұған осындағы білімнің арақсында қол жеткізіп отыр».
Журналистерге оқушылардың шығармашылық бастамаларын да таныстырды. Мектептердің бірінде кітапхана мен ағылшын тілі мұғалімдерімен бірге оқушылар ағылшын тілінде шығармалар оқып, сол бойынша театрландырылған қойылымдар қояды.
Балалардың жеке қабілетін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы, №154 мектептің 7-сынып оқушысы Наиль Ғафиатуллин даму ерекшеліктеріне қарамастан, ағылшын тілінде мультфильмдерді дыбыстап, тіл меңгеру деңгейі мен шығармашылық қабілетін көрсетіп жатыр.
Баспасөз турының қорытындысы ретінде мектептер «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты. Мектептердің бірінде «Түлектер аллеясы» ашылды — бұл ұрпақ сабақтастығы мен оқушылардың білім ордасының дамуына қосқан үлесінің символы.
«Бұл біз үшін маңызды күн. Біз аллея ашып қана қоймай, балаларға экологиялық мәдениет, жауапкершілік сезімі мен командалық жұмыс дағдыларын қалыптастырамыз», — деді Айза Мұхтарқұлова.
«Келешек мектептері» жобасы аясындағы мектептер инклюзивті білім беруге арналған замандық кабинеттермен, соның ішінде сенсорлық бөлмелермен және мамандардың жеке жұмыс істеуіне арналған кеңістіктермен жабдықталған.
Химия, биология, физика кабинеті, сондай-ақ ұлдар мен қыздарға арналған шеберханалар осы заманғы технологиямен жабдықталған. Бұл сапалы білім алуға мүмкіндік беріп, жайлы білім беретін орта қалыптастырады.
№217 мектеп оқушылары мектептерін мақтап отыр:
«Мен дәл осы мектепте оқып жүргеніме бақыттымын».
Алатау ауданындағы жаңа мектептер білім берудің замандық үлгісін көрсетіп, әр оқушының жеке дамуына жағдай жасап отыр.
Бүгінде білім беру саласындағы мемлекеттік бастамалардың нақты нәтижелері көрініп отыр. «Келешек мектептері» жобасы аясында технология, ғылым мен гуманитарлық бағыттарда болашақ мамандар тәрбиеленіп жатыр.