Алматыдағы №5 қалалық клиникалық ауруханада мамандандырылған стоматология бөлімшесі ашылды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Оның негізгі жұмыс бағыттарының бірі ерекше қажеттілігі бар балалардың тісін жалпы анестезия арқылы емдеу. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері хабарлады.
Даму ерекшелігі бар немесе тіс дәрігерінен қатты қорқатын балалар үшін стоматологиялық ем қабылдау оңайға соқпайды. Кейбір жағдайда олардың медициналық процедураларға төзуі қиын болуы мүмкін. Осындай пациенттерге қажетті емді жалпы анестезия арқылы, дәрігерлердің тұрақты бақылауымен жүргізу қарастырылған.
Бөлімше қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Мұнда ересектер мен балаларды қабылдауға арналған кабинеттер, анестезиологтың жұмыс орны және анестезиядан кейін науқастың оянуына арналған палата бар. Емшара алдында пациенттер медициналық тексеруден өтеді. Ал анестезияны қолдану мүмкіндігі әр науқастың денсаулық жағдайы мен медициналық көрсетілімдеріне қарай жеке анықталады.
Бөлімшеде тіс емдеумен қатар ауыз қуысын кешенді сауықтыру жұмыстары жүргізіледі. Қажет болған жағдайда бірнеше стоматологиялық процедураны бір сеанста орындауға болады. Бұл пациенттердің ауруханаға қайта-қайта келуін азайтып, емдеу үдерісін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Бөлімше ашылғаннан бері 100-ден астам пациент жалпы анестезиямен стоматологиялық ем алған. Бұдан бөлек, медициналық мекемеде күн сайын жоспарлы және шұғыл көмек көрсетіледі. Мамандар тәулігіне орта есеппен тісінің қатты ауырсынуына шағымданған 10-ға жуық адамды қабылдайды.
Жаңа бөлімше Алматыда мамандандырылған стоматологиялық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Басқарма өкілдерінің айтуынша, медицина қызметкерлерінің басты мақсаты – әрбір науқастың жеке қажеттілігін ескере отырып, қолжетімді әрі медициналық қызмет көрсету.