Алматыда халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын азаматтардың жаңа бизнес идеясын жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттарды беру бағдарламасының алғашқы кезеңі аяқталды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Комиссия шешімімен 164 азаматқа грант беру мақұлданды.
Өтінім биыл 24 маусымы мен 8 шілдесі аралығында қабылданды. Осы кезеңде барлығы 377 өтінім келіп түскен. Комиссия отырыстары 13-21 шілде аралығында өтті.
Мемлекеттік гранттың көлемі 400 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін, яғни 1 730 000 теңге. Қаражат кәсіпкерлік жобаларды бастауға және дамытуға бағытталады.
Қолдау тапқан бизнес жобалардың қатарында азық-түлік өнімдерін өндіру, қоғамдық тамақтану орындарын ашу, тігін және киім өндірісі, қолөнер бұйымдарын жасау, автосервис, сұлулық индустриясы, жиһаз өндіру, клининг және тұрмыстық қызмет көрсету, білім беру, әлеуметтік және медициналық қызметтер көрсету, IT және цифрлық технология, құрылыс пен жөндеу салалары бар.
Грант иегерлерінің басым бөлігі көпбалалы отбасылардың өкілдері, жалпы саны 103 адам. Сонымен қатар, ерекше қажеттілігі бар 28 азаматқа, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған 27 азаматқа, сондай-ақ асыраушысынан айырылған және атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтарға грант беру мақұлданды.
Комиссияның қабылдаған шешімдері қатысушылардың business.enbek.kz порталындағы жеке кабинеттеріне жолданды.
Грант беру мәселесі бойынша қосымша ақпаратты Алматының Еңбек мобильділігі орталығынан алуға болады.
Мекенжайы: Алматы қаласы, Достық даңғылы, 85, 2-қабат.