Алматыда осы аптада 20 жыл бойы көптен күткен оқиға орын алмақ. «Медеу» мұз айдынының тарихи аренасында аты аңызға айналған «Азия дауысы» фестивалінің фанфары қайта шырқалып, үш күндік мереке өтеді.
Бұл фестиваль бұрынғыдан өзгеше. Дәстүрлі халықаралық орындаушылар байқауы болмайды. Бұл – жаңғыру концерті. Байқаудың үш күні тақырыптық мағынасына қарай бөлініп тасталынды.
Фестивальдің ашылуы мен бірінші күніне Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша 30 жасқа дейінгі таланттар рейтингінің қатысушысы Азат Әбікен басқаратын Green Case Event компаниясы жауапты болады. Қазақ өнерінің аңызы Бибігүл Төлегенова бірінші болып сахнаға көтеріледі. Одан кейін халық алдында заманауи қазақ эстрадасының белді әртістері – Молданазар, RaiM, Ерке Есмахан, V$XV PRINCE, Мирас Жүгінісов, Мархаба Сәби, ORYNKHAN, Ирина Кайратовна, ZAQ сынды өнерпаздар шықпақ.
Бірінші күн аса айрықша болмақ. Себебі, біз қызыл кілемі төселген ашылу салтанатын, аты аңызға айналған A-Studio тобының мюзиклінің түсірілімін көреміз. Бірінші күнгі концерт таңқаларлық дрон шоуымен аяқталады.
Фестивальдің екінші күні – сахнада BLACK EYED PEAS! Will.I.Am, Taboo және apl.de.ap көрермендер алдына әлемді таңқалдыратын хиттерімен шығады. Олардың энергиясы Медеуді жаратыны сөзсіз.
Фестивальдің үшінші және соңғы күні аңыздар мен ұрпақтар сабақтастығы идеясын қозғайды. Орталық Азия жұлдыздары – Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Жәмила Серкебаева, Еркеш Шәкеев, Медеу Арынбаев, Ерлан Көкеев, Әділ Чекилов, Парвиз Назаров, Жылдыз Осмоналиева, Бауыржан Исаев, «Дара» тобы өнер көрсетпек. Ал Әділ Чекилов пен Парвиз Назаров, Нағима Есқалиева мен Диас Абылаев, Роза Рымбаева екі ұлы Мәди Рымбаев пен Әли Оқаповпен бірге дуэт құрмақ!
Маусым айында Алматы қаласында өткен «Жас қанат» байқауының жеңімпаздары ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың белгісі болмақ. Бір сөзбен айтқанда, «Жас қанат» байқауын көрмесеңіз, «Азия дауысы» фестивалінің арқасында оның үздік қатысушыларымен танысуға тамаша мүмкіндік бар. Ал үшінші күннің басты хедлайнерлері – Ялла және Secret Service топтары. Сондай-ақ, концерттің үшінші күні көрермендерге тағы бір тосынсый ұсынылмақ. 30 шілдеде өтетін концертке билет алғандардың арасында Chevrolet Onix көлігі ойнатылады. Allur Auto ұсынған бұл ұтыс ойыны фестивальге келушілерге таңғажайып эмоцияларды бастан кешіріп, автокөлік ұтып алу мүмкіндігін сыйлайды.
Алматы қаласының әкімдігі көрермендердің Медеуге оңай жетіп, қалаға қиналмай оралуын қамтамасыз етеді. Сондықтан фестиваль кезінде қосымша автобус бағыты іске қосылады. Сәтбаев пен Байтұрсынов көшелерінің қиылысынан автобустар сағат 14.00-ден 24.00-ге дейін 10–15 минут аралықпен жүретін болады. Бір бағытқа «Оңай» картасынсыз, жол жүру құны – 150 теңге. Сонымен қатар, барлық келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция, өрт сөндіру және жедел жәрдем қызметі күшейтіледі.
«Азия дауысы» фестиваліне «Alatau Aqparat» медиахолдингінің құрамына кіретін «Almaty aqshamy» мен «Вечерний Алматы» газеттері мен сайттары ақпараттық қолдау көрсететін болады.