70-ші жылдарда атақты суретшілер Молдахмет Кенбаев пен Николай Цивчинскийдің қолынан шықққан мозаика Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Ұлпан» асханасының екі қабырғасында орналасқан.
Өкінішке қарай, бұрын қала көркіне сән берген таңғажайып туындылардың бірқатары жойылып кеткен. Ұрпақтар арасындағы мәдени сабақтастық өнерде көрініс табуы керек. Сол себепті қыздар бейнеленген монументалды-сәндік панельді университет ұжымы, ҚР Суретшілер Одағы және Молдахмет Кенбаевтың ұлы бірлесе сақтап қалмақ. Университет ректоры Гүлмира Қанай жоба демеушілеріне қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, қаланың мәдени мұрасы үшін осындай артефактілерді сақтаудың маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Асхана ғимаратының бұзылуына байланысты университет панельдерді қалпына келтіруді және жаңа орынға қайта орнатуды жоспарлап отыр, соның арқасында оны қала тұрғындары да көре алады. Мозаика тек көркемдік қана емес, сонымен қатар тарихи құндылыққа ие. Молдахмет Кенбаев пен Николай Цивчинский көптеген бірегей панельдер мен витраждар жасап, Қазақстанның монументалды өнерінде елеулі із қалдырды. Олардың қазақ эпосын бейнелеген шығармалары бүгінде құнды мәдени жәдігерлерге айналды. Алайда олардың көпшілігі жоғалып кетті, бізге қалған шығармаларды сақтап қалуымыз керек», – деп атап өтті QyzPU ректоры.
Қазақ КСР Халық суретшісі, қазақ сурет өнерінің сардары Молдахмет Кенбаевтың ұлы Алпамыс Кенбаев та суретші-монументалист, мозаиканы қалпына келтіру процесіне белсенді атсалысуда. Суретші өнерді болашақ ұрпақ үшін сақтаудың маңыздылығын атап өтті және панельдерді қалпына келтіруге, жаңа жерге орнатуға көмектесуге дайын екенін айтты. ҚР Суретшілер одағы да мозаиканы қалпына келтіру үшін жобаны қолдауға дайын.
«Бұл мозаикалық панель – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің тарихы. Ал тарихты ұмытпауымыз керек. Бұл панельдің жанынан әртүрлі кезеңде қаншама студент, қызметкерлер өтті. Университет басшылығына Қазақстан тарихын түсінетін адам келгеніне өте қуаныштымын. Жөндеу жұмыстары жүргізілгенде мозаикалық панельдердің үстінен қабырға сыланғаны өте өкінішті. Бұл мозаикалық панель – тұтас бір дәуір. Тарихты ұмытпау және студенттердің Отанға деген махаббатын ояту, оларға сұлулықты көруді үйрету өте маңызды. Олар бұл сүйіспеншілікті оқушыларына да жеткізуі тиіс. Қазір мозаиканы қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр, смальтаның түс схемасын барынша таңдау керек. Мозаиканы бөлшектеу кезінде кейбір смальттар түсіп кетеді, оларды жинап, панельге қайта бекіту керек. Плита жарылып кетуі де мүмкін, оны қалпына келтіру керек. Мозаика қажырлы еңбекті талап етеді. Оған смальта, кафель, шыны сияқты материалдар керек. Кейбір материалдар өзімде сақталған. Мұның бәрі материалдың түсіне байланысты. Мәскеуден немесе Санкт-Петербургтен тапсырыс беруге тура келеді», – деді Алпамыс Кенбаев.
Ұлының айтуынша, Молдахмет Кенбаев – Қазақстанда сурет және кескіндеме профессоры атағын алған алғашқы қазақ.
«Әкем өнердің әр бағытында жоғары деңгейде қызмет етті, көптеген жұмысы Мәскеу галереяларында және Қастеев мұражайында сақтаулы. Тау етегінде желдей есіп шапқан ақ боз ат бейнеленген «Асауға құрық салу» атты картинасы Мәскеудегі мемлекеттік Третьяков галереясында сақталған. Монументалды суретші Николай Владимирович Цивчинскиймен ұзақ уақыт бірге жемісті еңбек еткен. Мысалы, «Алматы» қонақүйінің қасбетіне «Еңлік-Кебек» панносы, Көктөбенің төрінен орын тепкен «Қолына кәдесый ұстаған қыз» («Сұлушаш») мозаикасы және Қазақстан бойынша салынған бірқатар мозаикалық панельдері әлі күнге дейін сақталған. Өкінішке қарай, көптеген шығармасы жоғалды. Сонда -ақ әкем «Гоголь» көркемсурет училищесінде дәріс берді. Сәулет-құрылыс институтында «Сурет және кескіндеме» кафедрасының деканы болды. Қазақстанда сурет және кескіндеме профессоры атағын алған алғашқы қазақ. Ол өнер мен мәдениеттің көрнекті қайраткерлеріне айналған көптеген суретші мен сәулетшілерді тәрбиеледі», – деп атап өтті Алпамыс Кенбаев.