Алматыда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы ұдайы жалғасып келеді. Бұл акция әсіресе жеткіншек жас ұрпақтың қоршаған ортаны қорғау санасын, табиғатпен қарым-қатынасын терең дамытуға оң әсерін беруде. Осы орайда Алматыдағы Шоқан Уалиханов атындағы мектепте оқушылардың ерекше зертханасы ашылды. Мұнда оқушылар өсімдіктермен, әртүрлі климатқа бейімделген ағаш түрлерімен тікелей жұмыс істеп, табиғатқа деген танымын тереңдете алады.
Әдетте көгалдандыру жұмыстарында ағаш отырғызу – жұмыстың бір бөлігі ғана. Көшеттің жерсінуі, климаттық жағдайға бейімделуі және ұзақ уақыт бойы өсуі де маңызды. Сондықтан экологиялық бастамаларда ғылыми тәсілдің рөлі ерекше. Жобаның идея авторы мектептің негізін қалаушы, эколог Әсел Тасмағамбетова мұндай зертхана жас жеткіншектерге табиғатпен етене қарым-қатынас орнатуға жол ашады деп санайды.
Орталықтың жылдық жоспарына Қазақстанның әртүрлі климаттық аймақтарына бейімделген 50 000–70 000 ағаш көшетін өсіру енгізілген. Сонымен қатар мұнда оқушылардың экология, биотехнология және инженерия салаларында зерттеу жүргізуіне жағдай жасалған. Мектеп ішіндегі ғылыми инфрақұрылым Орталықтың екі қабатты ғимаратының жалпы аумағы 996,77 шаршы метрді құрайды. Мұнда алты кабинет, оның ішінде микроклондау зертханасы, Science және STEAM зертханалары, робототехника кабинеттері орналасқан. Ғимарат жанында 241,36 шаршы метрлік жылыжай және шамамен 954 шаршы метр көгалдандырылған аумақ бар.
Зертханада оқушылар өсімдіктерді көбейтудің заманауи әдістерін меңгеріп, тәжірибе жүргізіп, олардың өсуін бақылай алады. Атап айтқанда, топырақ құрамы, жарық пен судың өсімдіктердің дамуына әсерін зерттеп, бақылау нәтижелерін талдайды. Микроклондау, гидропоника және жасыл технологиялар Орталықтың негізгі бағыттарының бірі — микроклондау технологиясы. Бұл әдіс өсімдіктерді зертханалық жағдайда көбейтуге мүмкіндік береді. Оқушылар өсімдіктерді көбейтудің заманауи биотехнологиялық тәсілдерімен танысып, ғылыми тәжірибелер жүргізе алады. Жылыжайда гидропоника әдісін қолдану жоспарланған. Бұл — өсімдіктерді дәстүрлі топырақсыз өсіру тәсілі.
Сонымен қатар орталықта табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған шешімдер қарастырылған.Атап айтқанда, жаңбыр суын жинап, оны өсімдіктерді суаруға пайдалану жүйесі орнатылады. Ал мектеп асханасынан шығатын органикалық қалдықтар компостқа айналып, жылыжай мен саябаққа тыңайтқыш ретінде қолданылады. Осы арқылы оқушылар суды үнемдеу, органикалық қалдықтарды қайта өңдеу және ресурстарды қайталама пайдалану қағидаттарын тәжірибе жүзінде меңгереді. Қалдықтың пайдалы ресурсқа айналу үдерісін өз көздерімен көре алады. Жылына 70 мыңға дейін ағаш көшетін өсіру жоспарланған.
![]()
Мектептің экологиялық бастамалары 2023 жылдан басталды Мектептің экологиялық бағыты жаңа орталықтың ашылуымен ғана басталған жоқ. Бұл бағыттағы жұмысын 2023 жылдан бері жүйелі түрде дамытып келеді. Сол жылы Shoqan Ecology экологиялық бастамасы қолға алынып, жас зерттеушілердің ғылыми ізденістеріне қолдау көрсетуге бағытталды. Биыл да дәстүр жалғасып, 2027 жылдың 24–25 сәуірінде өтетін Shoqan Ecology форумына өтінім қабылдау басталды. 2023 жылдың мамыр айында мектептің қолданыстағы жылыжайында оқушылар микроклондау әдісімен тал көшеттерін өсірді. Сол жылдың күзінде Қала күніне орай оқушылар, ата-аналар мен мұғалімдер Меңдіқұлов көшесінің бойындағы мектеп аумағына ағаш көшеттері мен гүлдер отырғызды.
Мектеп экологиялық жауапкершілікті білім беру үдерісінің маңызды бөлігі ретінде қарастырады. Аталмыш мектеп БҰҰ-ның Жаһандық шартына қатысушы ретінде Тұрақты даму мақсаттары (SDG) мен ESG қағидаттарын басшылыққа алады. Мектепте күн энергиясын пайдалану технологиялары енгізілген және LEED халықаралық экологиялық сертификаты бар. Жаңа Ғылыми-зерттеу орталығы осы бастамалардың жалғасы ретінде экологиялық білімді ғылыми зерттеулермен, заманауи технологиялармен және оқушылардың практикалық жобаларымен ұштастырады.
Табиғатты қорғау — тек ағаш отырғызу емес. Ол табиғи үдерістерді түсінуді, ресурстарды тиімді пайдалануды және қоршаған ортаға қатысты ғылыми негізделген шешімдер іздеуді талап етеді. Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектеп жанындағы жаңа орталық осы білім мен тәжірибені ұштастырып, оқушылардың экологиялық идеяларын нақты зерттеу жобаларына айналдыруға жағдай жасайды.