ffin.kz

Алматыда танымал карикатурашы Еркін Нұразханның «Карикатура тарланы» атты көрмесі өтеді

Алматыда танымал карикатурашы Еркін  Нұразханның  «Карикатура тарланы» атты көрмесі өтеді Сурет: Ашық дереккөзі

Көрмеге суретшінің 200-ден астам туындысы қойылады


ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде елімізге танымал карикатурашы-суретші, ҚР мәдениет қайраткері, ҚР Суретшілер, Журналистер, Жазушылар одақтарының мүшесі Нұразхан  Еркін  Ибрагимұлының «Карикатура тарланы» атты көрмесі ашылады. 


Еркін Нұразхан – қазақ бейнелеу өнерінде карикатура, шарж (достық әзілді портрет) жанрының қалыптасып, дамуына өзіндік қолтаңбасын қосқан, бүгінде танымал көшбасшысы саналатын белгілі суретші. 


1982 жылдан бері әдебиет, өнер, қоғам қайраткерлерінің әзіл портреттер галереясын жасап келеді. Ол еліміз тәуелсіздік алған жылдар ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси өміріміздегі келеңсіз құбылыстарды сынға алған сатиралық суреттер топтамасын дүниеге әкелді. Сондай-ақ, оқырмандарға өзекті мәселелерді көтерген мақалалары  және деректі дүниелерімен танылған қаламгер.


Суретшінің барған тақырыптары әр алуан, бейнелеген кейіпкерлері саң қырлы мінез-құлықты болса, сурет салудағы техникасы тым қарапайым. Қағаз, қаламұш, тушь, акварель бояуы, гельді қалам, түрлі-түсті қарындаштар. Карикатурашыны шығармашылыққа жетелеген де – өмірдің өзі. 


Қоғам мен адам, саясат пен заман кеңістігінде қайшыласқан мүдделер майданы мен керағар көзқарастарды жіті бақылап, ақ-қарасын анықтап, ішке жиған-түйгенін ел назарына ұсынады.


Көрерменін бейжай  қалдырмай, қоғамымыз бен заманымыздың кілтипанын табуға үндеп, сол процестерге қатысуға, ой түюге, әркім өз тұғырын ( позициясын) анықтап алуға шақырады. Содан да суретшінің азаматтық позициясы анықтала түседі. Ол әділдік пен адалдық, шындық пен ақиқат жағында болса, қара халықтың мұң-мұқтажын айтып, өмірдегі өзгерістерге солардың тұрғысынан қарап бағасын бере алса, нағыз халықшыл суретші, өз елінің патриоты деген сөз. 



«Карикатура тарланы» көрмесі соның дәлеліндей көрерменін шыншыл да айқын сырларға толы дүниетанымымен табыстырады. Тәуелсіздік алған еліміздің дамуына кедергі келтірер керітартпа күштерді келекелеп көз алдымызға әкеледі. Біздерді бейғам да немқұрайлы жүрмей, еліміз бен жеріміз үшін белсенді күрескер болуға шақырады.«Өзіне өзі күле білген халық - ұлы халық» деп француздар айтқандай, күле білудің бір жолы осы карикатуралық туындылар. Карикатура – ащы айтылған сын. Дегенмен, Еркін Ибрагимұлы ащы шындықты астарлап, туындыларында образдар арқылы ой тудырып, болмысымыздың күнгейі мен көлеңкесін көрсете білген. «Күлкінің ар жағында мазақ емес – мазасыздану, жазғыру емес – жан ашу жатқанын жұрт түсінсе деймін. Құлағанды тұрғызу, қирағанды бүтіндеу, жылағанды жұбату, керенауды ояту, мұңайғанды езу тартқызу – сатиралық суреттердің абзал борышы болып қала бермек» - дейді суретші.



2023 жылдың 17 қаңтарында, сағат 15.00-де музей қорына 500-ден астам еңбектерін сыйға тартқан суретшінің 200-ден астам туындылары көрмеде орын алады. 
Көрме 2023 жылдың 31 қаңтарына дейін жұмыс істейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58

08:49

08:05

19:10

18:45