AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
    • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
    • • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Алматы / Алматыда француз тілі мұғалімдерінің біліктілігін...

Алматыда француз тілі мұғалімдерінің біліктілігін арттыруға арналған халықаралық бағдарлама басталды

Алматы Бүгін 14:05 57
Алматыда француз тілі мұғалімдерінің біліктілігін арттыруға арналған халықаралық бағдарлама басталды

2026 жылғы 28 қазанда Сорбонна-Қазақстан институтында француз тілі оқытушыларының біліктілігін арттыруға арналған ұлттық семинардың салтанатты ашылу рәсімі өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.

Ауқымды білім беру жобасы еліміздің әр өңірінен келген педагогтер мен Францияның жетекші сарапшыларының басын қосты. Бағдарлама аясында қатысушылар оқытудың заманауи әдістемелерін меңгеріп, білім беру саласындағы жаңа технологиялармен танысады. Сондай-ақ қазақстандық мектептерде француз тілін оқыту үдерісін мазмұнды, тартымды әрі нәтижелі етуге мүмкіндік беретін тәжірибелік білім мен кәсіби дағдыларды игереді.

Салтанатты ашылу рәсіміне Алматы қаласы Білім басқармасы Әдістемелік орталығының директоры Дәурен Сағынғалиев, Францияның Қазақстандағы елшілігінің мәдениет және ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі Себастьян де Куртуа, Сорбонна-Қазақстан институтының директоры Айнұр Сәбитова, Қазақстан француз тілі оқытушылары қауымдастығының президенті Айгүл Дощанова және Алматыдағы Француз альянсының директоры Франсуа Монеже қатысты.

Қатысушылар алдында сөз сөйлеген Алматы қаласы Әдістемелік орталығының директоры Дәурен Сағынғалиев педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыруда және қала мектептерінде шет тілдерін оқыту сапасын жетілдіруде халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор екенін атап өтті.

«Алматыда өз ісіне шын берілген, білім берудегі жаңа тәсілдерге ерекше қызығушылық танытып, кәсіби шеберлігін ұдайы шыңдап жүрген француз тілі мұғалімдері еңбек етеді. Біздің бірлескен жұмысымызға 2026 жылғы 18 тамызда Алматы қаласының Білім басқармасы мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандум берік негіз қалады. Бүгінде педагогтерге көрсетілетін әдістемелік қолдаудың аясын кеңейтуге мүмкіндік беретін өзара ықпалдастықтың жаңа бағыттарын талқылап жатырмыз. Әсіресе, қатысушылар қатарында қаламыздағы №15, №25, №27, №44, №105, №132 және басқа да мектептердің мұғалімдерін көргеніме қуаныштымын. Бұл әріптестігіміз алдағы уақытта да жалғасын тауып, ұстаздардың кәсіби дамуына тың мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін», – деді Дәурен Сағынғалиев.

Халықаралық білім беру бағдарламасының қайта жандануының маңызына Алматыдағы Француз альянсының директоры Франсуа Монеже арнайы тоқталды. Оның айтуынша, мұндай семинарлар ұзақ жылдар бойы Францияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен өткізіліп келген. Алайда 2019 жылдан кейін пандемияға байланысты олардың жұмысы уақытша тоқтатылған. Бағдарламаны қайта қолға алуға кәсіби білімін жүйелі түрде жетілдіруге және француз әріптестерімен тікелей тәжірибе алмасуға мүдделі оқытушылардың көптеген өтініші түрткі болған.

«Біз Қазақстандағы француз тілі оқытушыларына тұрақты қолдау көрсететін жүйе қалыптастыруды көздейміз. Педагогтердің заманауи әдістемелерге, халықаралық тәжірибеге және күнделікті сабақ барысында тиімді қолдануға болатын практикалық құралдарға қол жеткізуі біз үшін аса маңызды. Француз тіліне деген қызығушылықтың артып келе жатқанын байқап отырмыз. Әсіресе, Алматыда бұл үрдіс айқын көрінеді: мектептерде жаңа сыныптар ашылып, француз тілін оқытуға бөлінетін сағат саны көбейіп келеді. Біздің міндетіміз – осы оң үрдісті қолдау, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін жетілдіруге жәрдемдесу және француз тілін сапалы оқыту мүмкіндігін кеңейту. Қайта жанданған семинар алдағы уақытта жыл сайын өткізілетін дәстүрлі білім беру алаңына айналады деп үміттенеміз», – деді Франсуа Монеже.

Ұлттық бағдарлама «Бүгінгі француз тілін оқыту: жаңа тәсілдер, жаңа тәжірибелер» деп аталады. Оның ұйымдастырушылары – Францияның Қазақстандағы елшілігі, Қазақстан француз тілі оқытушылары қауымдастығы, Француз альянстары, Сорбонна-Қазақстан институты және Алматы қаласының Әдістемелік орталығын қоса алғанда, білім беру саласындағы өзге де серіктес ұйымдар.

Жалпы көлемі 80 академиялық сағатты құрайтын бағдарламаға Қазақстанның мектептері мен жоғары оқу орындарында еңбек ететін 140-тан астам француз тілі оқытушысы қатысуда. Оқу үдерісі Алматы мен Астана қалаларында қатар ұйымдастырылған. Алғашқы аптада қатысушылар арнайы шақырылған мамандардың жетекшілігімен бетпе-бет білім алады. Одан кейін оқу қашықтан жалғасып, 2027 жылғы қаңтардың ортасына дейін созылады.

Бағдарламада оқытудың тәжірибелік қырына айрықша мән берілген. Педагогтер заманауи білім беру технологияларын, сабақ ұйымдастырудың тың үлгілерін және оқушылардың шет тілін меңгеруге деген ынтасын арттыратын тиімді әдіс-тәсілдерді зерделейді.

Шақырылған мамандар қатарында француз тілін шет тілі ретінде оқытуға арналған оқу бағдарламалары мен әдістемелік құралдарды әзірлеумен айналысатын белгілі француз сарапшысы Адриан Пайе де бар. Ол Қазақстанның білім беру жүйесінің ерекшеліктерімен бұрыннан таныс. Сондай-ақ «Merci, Шаңырақ» жобасы аясында оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеуге қатысқан. Бұл тәжірибе отандық педагогтердің нақты қажеттіліктерін ескеруге және қазақстандық мектептердің жағдайына бейімделген тиімді шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді.

Бағдарламаны қаржыландыруды Францияның Қазақстандағы елшілігі қамтамасыз етеді. Барлық қатысушы үшін оқу тегін. Толық курсты табысты аяқтаған педагогтерге тиісті сертификаттар табысталады.

Француз тарапы үшін мұндай білім беру бастамаларын дамыту Қазақстанмен арадағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі саналады. Франция халықаралық білім беру кеңістігінде француз тілінің қолданыс аясын кеңейтуге, өз мәдениетін дәріптеуге және Қазақстан қоғамымен гуманитарлық байланыстарды нығайтуға мүдделі.

Оқытушыларға қолдау көрсету арқылы француз серіктестері жастардың француз тіліне, әдебиетіне, тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттыруға қолайлы жағдай қалыптастырады. Болашақта бұл академиялық алмасу бағдарламаларының көбеюіне, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықтың дамуына және екі елдің білім беру ұйымдары арасындағы байланыстың беки түсуіне ықпал етеді.

Француз тілінде еркін сөйлей алатын жастарды даярлаудың да маңызы ерекше. Тілді жетік меңгеру оларға Франция университеттерінде білім алуға, халықаралық бағдарламаларға қатысуға және болашақта кәсіби байланыстар орнатуға қосымша мүмкіндіктер ашады. Ал білім беру саласындағы өзара ықпалдастықтың кеңеюі Франция мен Қазақстан арасындағы мәдени және ғылыми ынтымақтастықты тереңдетіп, өзара түсіністікті нығайтуға, келешек мамандар буыны арасында берік байланыс қалыптастыруға жол ашады.

Қазақстан тарапы үшін жобаның басты нәтижесі француз тілін оқыту сапасын арттыру және педагогтердің кәсіби мүмкіндіктерін кеңейту болмақ.

Бұл бағдарламаның француз тілін үйренуге деген қызығушылық біртіндеп артып келе жатқан Алматы мектептері үшін маңызы айрықша. Қала мұғалімдері халықаралық тәжірибені елден шықпай-ақ меңгеруге, шетелдік сарапшылармен тікелей пікір алмасуға, өзге өңірлердегі әріптестерінің озық тәжірибесімен танысуға және алған білімдерін күнделікті педагогикалық қызметінде қолдануға мүмкіндік алады.

Оқытудың жаңа әдістемелік тәсілдері мұғалімдерге сабақ мазмұнын байытуға, цифрлық білім беру ресурстарын тиімді пайдалануға, оқушылардың коммуникативтік дағдыларын дамытуға және балалардың тіл үйренуге деген тұрақты қызығушылығын қалыптастыруға көмектеседі.

Сонымен қатар жоба Қазақстанның білім беру саласындағы өзекті міндеттердің бірі – мектептерді білікті француз тілі мұғалімдерімен қамтамасыз ету мәселесін шешуге де бағытталған. Тілдік білім беру бағдарламаларының аясы кеңейген сайын заманауи әдістемелерді меңгерген, оқушыларға сапалы білім бере алатын кәсіби мамандарға деген сұраныс та арта түсуде.

Алматы қаласының Әдістемелік орталығы үшін халықаралық бағдарламаға қатысу мұғалімдерді әдістемелік сүйемелдеу жүйесін одан әрі жетілдіруге, жоғары оқу орындарымен және шетелдік білім беру ұйымдарымен әріптестік байланыстарды нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Бағдарлама барысында жинақталған тәжірибе алдағы уақытта қалалық кәсіби педагогикалық қауымдастықтардың жұмысына серпін беріп, бірлескен әдістемелік іс-шаралар мен озық педагогикалық тәжірибе алмасу алаңдарында жалғасын табады деп күтілуде.

Ең бастысы, атқарылған жұмыстың игілігін мектеп оқушылары көреді. Мазмұны бай әрі қызықты сабақтар, заманауи оқу материалдары мен кәсіби біліктілігі жоғары мұғалімдер балалардың француз тілін сенімді меңгеруіне, дүниетанымын кеңейтуіне және білім алудың жаңа көкжиектерін ашуына ықпал етеді.

Осылайша, ұлттық семинардың қайта жандануы Қазақстан мен Франция арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытудың маңызды қадамына айналып отыр. Екі тараптың ортақ мүддеге негізделген әріптестігі нақты нәтижелерге ұласып, ұстаздардың кәсіби өсуіне, ал олардың шәкірттерінің сапалы білім алып, болашаққа нық қадам басуына жаңа мүмкіндіктер туғызбақ.

Телеграм арнаға жазылыңыз
#біліктілігін арттыру
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Гүлге оранған Алматы: жазда 5 миллионға жуық гүл мен раушан бұтасы егілді

Бүгін 14:45

Алматыда қолөнершілер жәрмеңкесі өтеді

Бүгін 14:14

«Адал азамат» идеологиясы өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуы керек

Бүгін 13:02

Бізге шынайы реформа қажет

Бүгін 13:00

Мұғалімдердің абырой-беделін қорғауымыз қажет

Бүгін 12:56
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);