Алматы қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде белгілі сәулеткер-суретші Молжігіт Берік Ұзақбайұлының «Ұшқан ұя» атты жеке шығармашылық көрмесінің ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты шарада аталған музей директорының орынбасары А.Хожамуратова, өнертанушы Б.Барманқұлова, Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы Ө.Жұбаниязов, т.б әріптестері көрме иесіне ізгі лебіздерін арнады.
Есте жоқ ескі замандардан бері адамзатпен бірге жасап келе жатқан ежелгі өнерді бағалайтын жандардың назарына суретшінің 80-нен астам кескіндемелік, графикалық туындыларымен қатар, сәулет өнеріндегі нысандар жобалары бейнеленген бірнеше планшеттер ұсынылады.
Берік Молжігіттің негізгі кәсібі сәулеткер, бірақ кескіндеме мен графика оның өміріне гармония әкелетін, эмоциялар мен сезімдерге ерік беретін жан дүниесінің бір бөлігі болды. Мысалы, имандылық иірімдеріне толы "Қағба", "Тәуәп ету", "Намаз" картиналары ішкі рухани әлемінен хабар берсе, «Балалық», «Ұшқан ұя», «Әжемнің бейнесі» туындылары – суретшінің көкейінде қалған балалық шақтың бал күндері, сағынған сағым жылдарының естеліктері. Көрменің «Ұшқан ұя» деп аталуы да содан болса керек.
Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, кейін Ленинградтағы КСРО көркемөнер Академиясының И.Е. Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтын тәмәмдаған Б.Молжігіт 40 жылға жуық сәулет-жобалау саласында Қазақстанның қалаларындағы көптеген әсем ғимараттар жобасының авторы болып табылады. Олардың ішінде Алматы әуежайындағы жолаушыларға арналған жаңа терминал, Тараз қаласындағы Спорт сарайы, Астанадағы «Керуен» ойын-сауық кешені, "Думан" ықшамауданындағы 1000 орындық мектеп, ҚазҰУ аумағындағы Білім сағаты, тағы басқа нысандар бар.
Молжігіт Берік Ұзақбайұлы – Қазақстанның кұрметті сәулетшісі, Қазақстан Республикасының Сәулетшілер және Суретшілер одағының мүшесі, Болгария сәулетшілер одағы «Алтын капитель», XII Дүниежүзілік сәулетшілер триенналесі «INTERARCH‑2012» «Алтын медаль» марапатының иегері.
Көрме 2022 жылдың 20 қаңтарына дейін жалғасады.