Алматыда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттері» атты жолдауына арналған кездесу болып өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Онда мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымның өкілдері тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымды дамыту, энергетика, су ресурсын үнемдеу мен азаматтарды қолдау жағын талқылады. Наурызбай, Алатау мен Түрксіб ауданының тұрғындарымен, сондай-ақ Абай атындағы ҚазҰПУ студенттерімен және MOST IT Hub Almaty алаңында IT саласының өкілдерімен осындай кездесу ұйымдастырылды.
Талқылауға Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов, Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев, Құрылтай депутаты Айжан Сқақова, Алматының қоғамдық кеңесінің төрағасы Нұржан Жақыпов пен қоғам қайраткері, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Марат Қалимолдин қатысты.
Кездесудің негізгі тақырыбының бірі халықтық құрылыс мәселесі болды. 2029 жылға дейінгі тұрғын үй бағдарламасы аясында 111 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Спикерлердің айтуынша, жылдық межесі – 24 миллион шаршы метр, оның 2,6 миллион шаршы метрін Алматыда салу көзделген. Сонымен қатар халық санының өсуін ескере отырып, жаңа шағын аудандарды мектеппен, балабақшамен, емханамен, жолмен, инженерлік желімен қамтамасыз ету қажеттігі сөз болды.
«Құрылыс көлемін арттырумен қатар, нысандардың сапасы мен қауіпсіздігін де күшейту қажет. Жаңа құрылыс кодексі әртүрлі кезеңдегі бақылауды күшейтіп, салаға қатысушылардың жауаптылығын арттырады. Сондай-ақ үдерістің ашықтығын қамтамасыз етіп, әкімшілік кедергіні азайту керек», – деді Қуандық Қажкенов.
Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев жаңа генерациялық қуаттарды іске қосу мее газ инфрақұрылымын дамыту жоспары туралы баяндады. Оның айтуынша, энергетикалық жүйені жоспарлау кезінде тұтыну көлемінің өсуін, соның ішінде деректі өңдеу орталықтары мен жасанды интеллект технологиясы тарапынан болатын сұранысты ескеру қажет.
«Экономика мен жаңа технологиялардың дамуына байланысты электр энергиясына деген сұраныс арта түседі. Сондықтан генерацияны дамытуды алдын ала жоспарлап, энергетикалық жүйеге түсетін болашақ жүктемені ескеру керек. Болжамды балансқа ірі жобалар, соның ішінде жасанды интеллектпен байланысты жобалар да енгізіледі», – деді ол.
Айжан Сқақова азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін іс-шараларға тоқталды. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің мәртебесі, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, мемлекеттік көмектің атаулылығын арттыру мен шағын және орта бизнесті тексеруге алдағы үш жылға мораторий енгізу мүмкіндігі де талқыланды.
«Реформаның нәтижесін әр отбасы сезінетіндей болуы керек. Қолдау шынымен мұқтаж жандарға жетуі тиіс, экономикалық өсім жаңа жұмыс орнын ашумен, нақты табыстың артуымен қатар жүруі қажет. Алматы үшін су қауіпсіздігі де аса маңызды: ауыз суды үнемдеп, мүмкіндігінше техникалық сумен алмастыруымыз керек», – деді Айжан Сқақова.
Спикерлер көтерген тағы бір маңызды мәселе – коммуналдық желілердің тозуы болды. Қуандық Қажкенов келтірген мәліметке сәйкес, қазіргі уақытта сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейі 38 пайызды, су бұру жүйелерінікі 54 пайызды құраған. 2030 жылға дейінгі ұлттық жоба аясында инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, тазарту құрылысын салу мен қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Кездесуге қатысушылар автомойкалар мен өнеркәсіп орындарында ауыз суды пайдалануды азайту қажеттігін де сөз етті.
Нұржан Жақыпов тұрғындарды жобалардың іске асырылуына қоғамдық бақылау жасауға белсенді қатысуға шақырды. Алматы қаласының Қоғамдық кеңесі әкімдікпен және бейінді ұйымдармен бірлесіп, осы бағыттағы жұмысты дамытуды жоспарлап отыр.
«Жаңа шағын аудандарда мектептің, емхананың немесе инженерлік желілердің қай жерде жетіспейтінін тұрғындардың өзі жақсы біледі. Сондықтан қала тұрғындарының қоғамдық бақылауға қатысқаны дұрыс. Біз баршаңызды осы жұмысқа қатысып, сарапшы болуға шақырамыз», – дейді Нұржан Жақыпов.