15 қараша – Қазақстанның экономикалық тарихындағы маңызды күн. 33 жыл бұрын дәл осы күні елімізде ұлттық валюта – теңге айналымға енгізілді, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Осыған орай Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінде салтанатты іс-шара өтті. Ведомство ұжымын Қаржы министрі Мәди Такиевтің атынан министрлік аппаратының басшысы Эрнар Ержанов құттықтады. Биыл Қаржы министрлігінің құрылғанына 105 жыл толып отыр.
Мерекелік жиында мемлекеттік қаржыны басқару, бюджетті атқару, қаржы саласын цифрландыру, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бағыттарындағы жұмыстар атап өтілді. Көпжылдық еңбегі мен кәсібилігі үшін министрліктің орталық аппараты, комитеттері мен аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Сондай-ақ сала ардагерлеріне құрмет көрсетілді.
Ұлттық банк те кәсіби мереке қарсаңында қызметкерлері мен ардагерлерін марапаттады. Ұлттық Банк пен оның еншілес ұйымдарының 58 қызметкері «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісіне ие болды. Тағы 128 маманға Ұлттық Банк төрағасының алғысы жарияланды. Ал 2024 жылы тағайындалған «Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің құрметті ардагері» төсбелгісі осы уақытқа дейін еліміздің әр өңірінен 22 ардагерге табысталған.
Айта кетейік, теңгені айналымға енгізу туралы Жарлыққа 1993 жылғы 12 қарашада қол қойылып, жаңа валюта 15 қарашадан бастап қолданысқа енді. Алғашқы банкноталар Ұлыбританияда басылып, оларға әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан Уәлиханов, Абай, Әбілқайыр хан және Абылай хан сияқты тарихи тұлғалардың бейнелері салынды. Алматыдағы Банкнот фабрикасы 1995 жылы ашылды.
Содан бері теңгенің дизайны бірнеше рет жаңарып, қорғаныс жүйесі жетілдірілді. Қазір Ұлттық банк «Сақ стилі» сериясындағы банкноталарды айналымға енгізіп жатыр. Оның дизайнына ежелгі сақ мәдениетінің көркемдік мұрасы негіз болған. Сериядағы 500, 1 000, 2 000, 5 000 және 10 000 теңгелік банкноталар айналымға шығарылды. Ал 20 000 теңгелік банкнотаны 2026 жылдың соңы мен 2027 жылдың басында шығару жоспарланған.
Биыл теңгенің ұлттық валюта ретіндегі мәртебесі Конституцияда алғаш рет тікелей бекітілді. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енген Негізгі заңда Қазақстанның ұлттық валютасы теңге екені және оны эмиссиялау құқығы Республикаға тиесілі екені көрсетілген.